ЖАҢА МАУСЫМ «АБАЙМЕН» АШЫЛДЫ

0 169

22 қыркүйек күні Астанада ІІІ халықаралық «Жібек жолы» фестивалі басталды. Екі айға жуық уақытқа созылатын фестиваль аясында «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театры сахнасында әралуан қойылымдар қойылады. Соның алғашқысы – аталмыш театрдың төртінші маусымын ашқан А. Жұбанов пен Л. Хамидидің«Абай» операсы болды. 

Абай операсы

Шетелдік режиссер Джанкарло дель Монако (Италия) мен белгілі дирижер Алан Бөрібаев қойған ұлттық спектакль аталмыш театр репертуарындағы шоқтығы биік туынды саналады. Оны үстіне қазақ музыкасын кәсіби деңгейге көтерген композиторлар – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің  туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Сондықтан «Астана-Опера» театрының жаңа маусымының нақ осы туындымен ашылуында үлкен мән жатыр.

Жалпы, әр қазақ үшін Абай – асқар шың. Сөзіміздің басын көбінесі Абаймен бастайтынымыз да рас. Абай тұлғасына қатысты «ұлы» деген тіркесті де шын мәнінде солай болғаннан кейін ұялмай қолдана береміз. Ал Абай философиясының тереңіне бойлай алмайтын кездеріміз көп. Ондайда данышпанның шығармаларын оқудан бөлек оны сипаттайтын өнер туындыларына жүгінеміз.

Абай

«Абай» операсына келсек, қойылым декорациясы итальяндық суретші-сценограф Эцио Фриджеридің идеясынан туындады. Ал кейіпкерлердің костюмдері оның зайыбы Франко Скуарчапиноның қолынан шыққан. Бірінші актіді Абайдың шаңырағы көрінгенде, сахнаны өз ісінің нағыз шеберлері безендіргенін аңғарасыз. Ал әртістер шыға келгенде олардың костюмдері де көрермендерді сүйсінтеді. Операда Абайдың рөлін, яғни бас партияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықпаев орындайтынын айта кетейік. Ажар партиясы арқылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметованың өнері көрінеді. Басқа әртістердің рөлдерін айтсақ, Қазақстан мен Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов (Айдар), Арменияның халық әртісі Барсег Туманян (Сырттан), Бейімбет Таңарықов (Әзім), Евгений Чайников (Жиренше), Салтанат Мұратбекова (Қарлығаш), Талғат Ғалеев (Көкбай), Нарымбет – Рамзат Балакишиев (Нарымбет), Нұрлыбек Қосбармақов (Мес) болып жалғасып кете береді.

Опера финалы көрерменге ерекше әсерлендіреді. Шығарма аяқталғанда көкке жіберілетін қыранды жай құс емес, аспанға самғаған Абай ретінде елестетесіз. Оны көріп, арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлының «Дипломсыз Абай аспанға жөнеп жұртында…» деген өлең жолдары еске түседі екен. «Астана-Опера» театрының ІІІ маусымы да дәл осы туындымен ашылғанын айта кетейік. Демек, өнер ұжымы «Абаймен» жұмысын бастауды игі дәстүрге айналдырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ  

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =