ЖАҢА МАГИСТРАЛЬ АШЫЛДЫ

0 90

Елорда тойы күні қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Астананың әкімшілік орталығын халықаралық әуежаймен байланыстыратын орталық магистральдің бірі – Орынбор көшесінде автокөлік қозғалысын ашты.

Бұл көше бас шаһарға келетін қонақтар мен шетелдік делегация өтетін негізгі жолға айналады. «АИС Астана» және «Қазгерстрой» мекемесі салған тас жолдың ұзындығы – 4,1 шақырым. Мереке қарсаңында елорданың жол-көлік инфрақұрылымының жаңа нысандарын аралау кезінде осы нысанға табан тіреген Елбасы жол төсемінің сапасына өз бағасын берген.

Қала басшысы Астананың көлік стратегиясы мен жол құрылысы Мемлекет басшысының ерекше назарында екенін айтты. «Астана – мемлекетіміздің бас қаласы. Сондықтан да, осы қаланың тұрмыс-тіршілігі, көшелер мен нысандар – басты назарда. Әрине, қала өсіп-өркендеу үшін сапалы жолдар керек. Осы орайда бүгін Астана күнінде қала үшін маңызды даңғыл жол пайдалануға беріліп жатыр. Яғни, заман талабына сай көше пайда болды», – деді И.Тасмағамбетов.

Әкім сонымен қатар елордада жүзеге асып жатқан жол-көлік саласындағы ауқымды жобаларды атап өтті.

«Елорданың көлік стратегиясы кең көлемде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жерде тек екі жобаны ғана айта кетуге болады, жалпы ұзақтығы 28 шақырымды құрайтын Шағын көлік айналымының құрылысы және бүгін бірінші кезегі пайдалануға берілген ұзындығы 16 шақырым болатын батыс жартылай сақинасы», – деді ол жұмысшылармен кездесуінде.

Салынып жатқан Шағын көлік айналымы тәулігіне 90 мыңнан аса автокөлік өткізу мүмкіндігіне ие. Көлік айналымы құрылысының аяқталуы 2014 жылы қала орталығына кем дегенде тәулігіне 20 мың көлік жөнелтуге мүмкіндік береді. Ұзындығы 16 шақырым болатын Батыс жартылай сақинасы, ол Қорғалжын тас жолы мен Тұран даңғылындағы көлік қатынасын жеңілдетуі тиіс. Қазіргі таңда бұл жерден тәулігіне 60 мың автокөлік өтеді, ал норматив бойынша 15 мыңнан аспауы керек.

Айта кеткен жөн, 2013 жылы Есіл өзені арқылы көпірмен Тілендиев даңғылына шығуға мүмкіндік беретін Бейсеков көшесінің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл жолдың пайдалануға берілуі, өз кезегінде Жеңіс, Сарыарқа, Қорғалжын тас жолы мен Бөгенбай батыр көшесіндегі көлік кептелісін азайтпақ.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + two =