Жаңа көлік – жайлы да қолайлы

0 56

Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңесінің өкілдері «City Transportation Systems» ЖШС-нің кеңсесіне барып, қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастыру барысымен танысты. Кеше бұл мәселе кеңес отырысында тағы талқыланды. Жиында аталмыш серіктестіктің басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов есеп берді.

Оның айтуынша, қазір қаладағы автобус маршруттары желісі 86 бағдардан тұрады. Соның ішінде 64-і – қалалық, 22-сі – қала маңындағы бағдарлар. Күн сайын бағдарларға 794 автобус шығады. Бір айта кетерлігі, автобус паркі 80 пайызға жаңартылған. Ескірген 400 автобус қолданыстан шығарылып, жаңа 838 автобус сатып алынды. Соның 100-і – электробустар.
Жаңа автобустар елорданың климатына лайықталған. Көліктер мүмкіндігі шектеулі жандар мініп-түсетіндей пандустармен, бейнебақылау, диспетчеризация, ақпараттандыру және электронды төлем жүйесі секілді жүйе­лерімен жабдықталған.
Электронды төлем жүйесін енгізу ақшаны көлеңкелі айналымнан шығаруға, автобус парктерінің табысын арттыруға мүмкіндік берді. Қазір автобустарда қолма-қол төлем 100 пайыз жойылды. Жолаушылар карталар, QR-код, СМС, мобильді қосымшалар арқылы төлем жасайды. Таяуда сынақ ретінде банк карталарымен, биометрикалық мәліметтер (FacePay) жолымен төлем енгізілді. Бүгінгі таңда қалада қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын тұрғындар саны 50 пайызға жетті.
Transcard көлік картасының қызметі кеңейтілді. Соның арқасында бұл карта біріншіден, қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік берсе, оқушыларға мектепке кіруге жол ашты. Осы картамен мектеп асханасында да төлем жасауға болады. Карта арқылы әлеуметтік көмек алу да қарастырылған. Атап айтқанда, Жалпыға міндетті оқу қоры бағдарламасы есебінен Transcard көлік картасы арқылы оқу құралдарын сатып алуға 12 мыңнан астам оқушыға әлеуметтік көмек берілді. Жалпы қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығына азаматтардың алты санаты ие. Бұл – 146 мыңнан аса адам және 18 жасқа дейін 300 мыңнан аса бала.
24 учаскеде жалпы ұзындығы 77 шақырымды құрайтын Bus Lane енгізілді. Бұл қарбалас шақтарда автобустарды күту ұзақтығын 15 пайызға қысқартты. ITS – интеллектуалды көлік жүйесі қаладағы 530 бағдаршамның 184-іне енді. Нәтижесінде қоғамдық көлік ағыны 18 пайызға артып, жол жүрудің орташа уақыты 20 пайызға азайды. Қазіргі таңда бұл жобаны жүзеге асырудың үшінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысында бағдаршамдардың 80 пайызы интеллектуалды жүйемен қамтылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 9 =