Жаңа ғасырдың жасампаз қаласы

0 155

Саяси ғылымдар докторы, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Зұлпыхар Ғайыпов «Елорда ақпарат» тілшісіне сұхбат берді.

– Зұлпыхар Сұлтанұлы, әңгіменің әлқиссасын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың елорданы өркендетуге қосқан үлесінен бастасақ.
– Елорда – Елбасының тұңғышы. Елдің, халықтың игілігі үшін Елбасы атқарған ұшан-теңіз іс-шаралардың ішінде елорданы көшіру, жаңадан салу, өркендету бағытындағы елеулі еңбегіне қаншама ұрпақтар лайықты бағасын берері сөзсіз. Елбасының ерік-жігерімен жүзеге асырылған жобасы – Нұр-Сұлтан қаласы қазір айдай әлемге танылған өркениетті қалалардың біріне айналды. Елорда – елдігіміз бен тәуелсіздігіміздің тірегі, тұғыры. Бұл – жаңа ғасырдың, жасампаздық қаласы. Ел, мемлекет үшін үлкен саясат жасалып, тарихи оқиғалар өтіп жатқан қалада тұрудың өзі зор бақыт деп санаймын. Елбасының елорданы дамытуға қосқан үлесін бір сөзбен, бір сұхбатпен жеткізу мүмкін емес. Бұл ұрпақтар еншісіндегі ұлы іс деп ойлаймын.
– Енді қаланың қордаланған мәселелері мен талай жылдан бері өзектілігін жоғалтпаған үлескерлер жайы туралы не айтасыз? Олардың түйінді түйткілдері  қалай шешіліп жатыр?
– Елордамыз 22 жыл ішінде талай белесті бағындырды. Саммит, халықаралық «ЭКСПО» көрмесі сынды әлемдік деңгейдегі шаралар өтті. Сириядағы жағдайды талқылауды әлем елдерінің өкілдері Астана алаңында бас қосты. Осының бәрі – еліміз үшін үлкен жетістік. Тағы бір ең үлкен жетістік – ол астанамызды өзіміздің таңдауымыз. Мысалы, бұған дейінгі ел астанасы Қызылорда, Алматы қалалары өз таңдауымызбен болған жоқ. Бүгінде Нұр-Сұлтан – аяққа нық тұрып, қарыштап дамып келе жатқан болашағы зор қала, жастардың қаласы. Дегенмен қаланың мәселелері де жоқ емес. Солардың бірі – үлескерлер мәселесі.
Жалпы, үлескерлер мәселесінің туындауының себебі бұған дейін олардың құқтарын реттеу механизмі болған жоқ. Сол себепті де құрылыс нарығына әртүрлі компаниялар келді. Соның салдарынан кейбірі банкротқа ұшырады, басқа да жағдайлар орын алып, біршама тұрғын үйдің құрылысы орта жолдан тоқтап қалды. Қаншама мың үлескер жиған-тергенінен айырылып, пәтеріне қол жеткізе алмады. Алайда қаланың қазіргі басшылығы осы мәселені айналасы 3-4 жылдың ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шешуді жоспарлап отыр. Яғни осы бағдарлама бойынша мемлекеттен 40 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 6,5 миллиард теңгесі 2019 жылы игерілді. Нақтырақ айтқанда, былтыр 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, биыл 20-ға жуық тұрғын үй, ал 2021 жылы – 7, 2022 жылы – 9, 2023 жылы 4 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осылайша, үлескерлердің талай жылдан бергі мәселесі біртіндеп өз шешімін тауып жатыр.
– Ал алдағы уақытта осындай жағдай, яғни енді инвестиция сала бастаған үлескерлердің мәселесі тағы да туындамас үшін соның алдын алу жұмыс­тары жүргізіле ме?
– Орынды сұрақ. Қазіргі уақытта кез келген құрылыс компаниясы белгілі бір капиталдарын сақтандырады. Бұған Үкімет те үлес­кер ретінде қатыса алады. Жалпы, қаланың жаңа басшылығының қолға алуымен осы салада талап күшейтілді. Яғни бұрынғыдай кез келген бей-берекет құрылыс компаниясы тұрғын үй салу ісіне араласа алмайды. Салада жүйе қалыптасты. Біз белгілі бір деңгейде қателік жасап, ол деңгейден өттік.
– Шеткі аймақтардың дамуына қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? «Шеткі аймақсыз қала» идеясы қалай жүзеге асырылуда?
– Қателеспесем, 2010-2015 жылдары Шеткі аймақтарды дамыту туралы арнайы бағдарлама қабылданған болатын. Бірақ бұл бағдарлама өз деңгейінде орындалған жоқ. Содан кейін де шеткі аймақтарда бірқатар мәселе пайда болды.
Жалпы, қаланың шеткі аймақтарында 16 тұрғын алап бар болса, онда 300 мыңға жуық адам тұрады. Бұл дегеніміз – астаналықтардың 25 пайызы шеткі аймақтарда тұрады деген сөз. Nur Otan партиясының 18-съезінде Елбасы ­Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құзырлы органдарға елорданың шеткі аймақтарын дамытуды қатаң тапсыр­ды. Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жіті бақылауында тұр. Мәселен, былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Нұр-Сұлтан қаласын кешенді дамыту жөніндегі мәжілісте Үкімет басшысы Асқар Мамин елорданың шеткі аймақтарын дамыту үшін 3 жылдық бағдарлама бойынша 20 миллиард теңге қаржының бөлінетінін айтты. Егер бұл жоба сәтімен жүзеге асса, біршама мәселе шешіледі. Қазіргі уақытта шеткі аймақтарда жол, инженерлік инфрақұрылым, кәріз жүйесі, жарықтандыру, ауызсумен қамту мәселелері бар. Сонымен қатар адамның қалыпты өмір сүруіне қажетті кітапхана, мәдениет ошақтары сынды әлеуметтік нысандар орталықта орналасқандықтан, шеткі аймақтар бұл жағынан шет қалып жатыр. Алайда қаланың барлық аймағы бірдей дамуы керек. Бұл тұрғыда ілкімді істер атқарылып та жатыр. Менің округіме, яғни №9 округке қарасты Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын алаптарында 20 мыңға жуық адам тұрады. Онда талай жылғы мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. Мысалы, үлкен аллея, медициналық орталық ашылды. Былтыр «Көктал-2» тұрғын алабының жолдарына асфальт төселді. Биыл 4 көшені жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
– Сонда «Көктал» тұрғын алабының тұрғындарын қазіргі уақытта тек түтін мәселесі ғана толғандыра ма? Газдандыру жобасы қала тұрғындарына қандай импульс береді деп ойлайсыз?
– Газификацияның елордалықтар үшін пайдасы зор. Біріншіден, қала экологиясына тиімді болса, екіншіден экономикаға да пайдалы. Содан соң қала тұрғындарының жүйке жүйесін де едәуір салмақтан арылтады. Мысалы, жылыту маусымы басталған уақытта көмір сатып алу үшін кезекте тұрғандар арасында белгілі бір мөлшерде дүрлігу болады. Ал үйіне газ тартылған уақытта мұндай мәселе болмайды. Өздеріңіз білесіздер, Нұр-Сұлтан қаласына газ тарту процесі жүріп жатыр. Ол кезең-кезең бойынша жүргізіледі. Алдымен газ «Көктал-1», «Көктал-2» және «Оңтүстік-Шығыс», «Теміржолшылар» тұрғын алабына, одан кейін «Үркер», «Шұбар», «Өндіріс» тұрғын алаптарына тартылады. 2025 жылға дейін қаланың барлық бөлігі газбен қамтылады.
– Сізде қаладағы қанша ауланың жөнделетіні, қанша шақырым жолдың жасалатыны туралы нақты мәлімет бар ма?
– Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 2020-2025 жылдарға арналған абаттандыру бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – жайлы орта құру. Оның ішіне жаяу жүргіншілер жолы, веложолдар кіреді.
Сарыарқа ауданы бойын­ша 540 аула бар. Соның 119-ы жөндеуді қажет етеді. Былтыр 40 аула жөндеуден өтті. Оның 32-і қалалық абаттандыру бағдарламасы бойынша жүргізілді. Биыл да 40 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр.
Бүгінде Кенесары, Абай сияқ­ты бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұдан бөлек қалада 1,5 мыңға жуық ескі шамдар жарық диодты үнемдегіш шамдарға ауыстырылады. Сонымен қатар 150 км жаңадан жолдар салынып, жөнделеді. Соның 100 шақырымы осы шеткі аймақтарға тиесілі. 2 көпір салынады. Бұл елорданың оң жағалауы мен сол жағалауындағы көлік кептелісінің жүктемесін едәуір жеңілдетеді.
– Жолдардың сапасын кім тексереді?
– Nur Otan партиясы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиялары бар. Мен Сарыарқа ауданы бойынша партиялық бақылау комиссиясының төрағасымын. Біз салынып, жөнделіп жатқан жолдарды, құрылыс нысандарын бақылаймыз. Таяу күндері жоспар бойынша бақылау жұмысын жүргізуді бастаймыз. Егер жұмыс сапасы көңілге қонымсыз болса, ол туралы жергілікті билікті хабардар ететін боламыз.
– Қараусыз қалған электр желілері мен саябақтар, гүлбақтар аудан әкімдіктердің қарамағына берілді. Есіңізде болса, былтыр сол жағалауда электр жарығы сөніп қалған кезде оған кімнің жауапты екені белгісіз болып шыққан еді. Бүгінде бұл мәселе жолға қойылды ма?
– Иә, былтыр Министрліктер үйі сияқты сол жағалаудағы республикалық маңызы бар нысандар жарықсыз қалып, ол нысандар біраз уақыт қосымша генераторлар арқылы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Ондағы ақаудың себебі бұрыннан қалған подстансалардың біріндегі өрттің салдарынан болды. Ал ол подстансаларға жауапты мекемелер белгісіз болып шықты. Жалпы, осы постансалар стратегиялық маңызы бар нысан болып саналады. Сондықтан бұл жағдай тек қала ғана емес, бүкіл еліміз үшін сабақ болды. Бір жа­ғынан, «Мәскеу де бір күнде салынбаған» демекші, бұл үлкен қала салудағы 20 жыл бұрынғы тәжірибеміздің аз болғанын көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта осы подстансалардың кімге тиесілі екені анықталып, оларды есепке алу, белгілі бір мекемеге өткізу сияқты жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әлбетте, мұны да қазіргі қала басшылығының үлкен жетістігі, ерлігі деп айтуға болады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, салынатын тұрғын үй көлемі 3 есеге артуы тиіс. Бұл қаншалықты іске асып жатыр?
– Тұрғын үй құрылысының елорда үшін әрдайым маңызы зор. Жалпы, «Патша ауған жаққа бақ ауады» демекші, 1997 жылы тәуелсіздігімізді алғанымыз­ға аса көп бола қоймаған кездің өзінде Елбасының шешімімен астанамыз Сарыарқа төріне көшірілді. Бұған сынмен қарағандар да болды. Алайда бүгінде осындай әдемі қаланың салынғанын көріп отырмыз. Елорданы «шенеуніктер қаласы» деп қарағандар да болды. Дегенмен бұл – жастардың қаласы, болашағы зор қала. Мұнда көшіп келіп жатқандар да өте көп. Сондықтан тұрғын үйлер әлі де көптеп салынады. Бүгінде құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бұл мәселе әлі де күн тәртібінен түспейді.
– Елордада оқушылар саны жыл сайын көбейіп жатқандықтан, қалада мектеп жетіспеушілігі бар. Бұл тұрғыда биыл 12 мектеп салынып жатыр. Ал келесі жылы қанша мектеп салу жоспарда бар?
– Бүгінде Нұр-Сұлтанда 115 мектеп жұмыс істеп тұр. Әлбетте, ішкі миграциямен қатар, демографиялық өсім де бар, оқушылар саны көп болғандықтан, мектептер саны әлі де жеткіліксіз. Астанадағы оқушылардың барлығын мектеппен қамту үшін әлі 50 мектеп керек екен. Ал биыл 12 мектеп салынса, келесі жылы да сонша мектептің құрылысы жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл мәселе де біртіндеп шешіледі деп ойлаймын.
– Енді салынатын екі оңалту орталығы мен иппотерапия­ға арналған ипподромның құрылысы туралы айтып өтсеңіз.
– №2 қалалық балалар ауруханасы базасында «Қасиетті жол» деген оңалту орталығы жұмыс жүргізеді. Жалпы, қазіргі уақытта аутизммен ауыратын балаларды оңалту үшін тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем ерекше көңіл бөліп жатыр. Осы мәселені шешу үшін елордада иппотерапияға арналған ипподромның құрылыс кешені салынып жатыр. Әлбетте, теңізі бар басқа мемлекеттерде дельфинотерапия деген бар. Ал бізде иппотерапия қолданылады. Бұл – таңғажайып құбылыс. Яғни аутизм сияқты ауру түрімен ауыратын балалар жылқының, жануардың қасына барғанда психикасы қалыпқа келеді деседі. Біз әлемдегі осындай трендтерден қалмауымыз керек. Сондықтан бұл құрылыс жобалары дер кезінде қолға алынған жобалар деп ойлаймын. Себебі бұл орталықтар аутизммен ауыратын баласы бар ата-аналарға моральдық, психологиялық жағынан үлкен көмек болады. Биыл құрылыс кешендері аяқталуға тиіс. Өйткені қазір құрылыс технологиялары да дамыған заман ғой. Мысалы, өткенде елордада коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға арналған аурухана 2 аптаның ішінде ғана салынды.
– Биыл қыста қар шектен тыс көп жауды. Дегенмен қаланың коммуналдық қызметінің 3 ауысымда жұмыс істеуінің нәтижесінде қар дер кезінде тазаланып, қала сыртына шығарылып, көктемгі су тасқынына жол берілмеді. Ал оларға қаншалықты жағдай жасалып отыр? Техникалары жаңартылып, жалақылары өсті ме?
– Мұндай мөлшердегі қар қалада соңғы рет 1964 жылы түскен екен. Тек қаңтар айының өзінде 2,5 миллион текше метр қар шығарылған. Статистикалық мәліметке сүйенсек, өткен жылдармен салыстырғанда биылғы қар көлемі 55 пайызға көп болған. Қар тазалау жұмыс­тарына 1 200-ден аса техника бірлігі мен 1 400-ге жуық жұмысшы жұмылдырылып отыр­ған. Қала әкімдігі 3 ауысымда тынбай еңбек еткен коммуналдық қызмет мамандарын жылыту орындарымен, ыстық тамақтармен қамтамасыз етіп, оны жіті бақылауда ұстады. Кез келген әкім үшін астананың қысы – үлкен емтихан. Дәл осы емтиханнан әкімдік биыл үлкен абыроймен шықты десек, қателеспейміз. Өйткені бұрынғы жылдары қаланың орталық көшелері ғана тазартылып, шеткі аймақтар көбіне шет қалатын. Ал биыл «Көктал» немесе «Үркер» тұрғын алабынан яки «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабынан, жалпы, бірде-бір тұрғыннан үйін су басқаны туралы шағым түскен жоқ. Бұл – әкімдік тарапынан өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі. Алысқа бармай, өзім басқарып отырған мекеменің айналасынан биыл 112 КамАЗ қар шығарылды. Мен жеке адам ретінде коммуналдық қызмет жұмысына разымын.
– Қаланың қазіргі атқарушыларына талай жылдан бері қордаланған коммуналдық және әлеуметтік мәселелердің артылғаны туралы хабардармыз. Шешімін тапты немесе тауып жатыр деген басты үш мәселені атаңызшы. Жалпы, жергілікті биліктің жұмысына қандай баға бересіз?
– Жоғарыда айтқаным­дай, біріншіден, қазіргі қала басшылығы талай жылдан бері ең өзекті мәселеге айналып, шешімін таппай келе жатқан мәселені, яғни үлескерлердің мәселесін шешуді қолға алып, орта жолдан тоқтап қалған тұрғын үйлердің құрылысына жан бітірді. Кейбір үлескердің мәселесі бүгінде шешіліп, өз пәтеріне қоныс­танып жатқандары да бар. Жалпы, осы салада тәртіп пен талапты күшейтіп, жүйе қалыптастыр­ды. Бұл – қазіргі әкімдіктің жеңісі. Екінші – әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шеше білуі. Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты қоғам бір текті емес. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша тұрғындардың мәселесіне үңілуінің арқасында қаладағы бірқатар әлеуметтік мәселелер ретімен шешімін тауып жатыр. «Жанұя» орталығы ашылып, нақты мәселелерді шешумен айналысып жатыр. Бұл да – әкімдіктің ең үлкен жетістігі. Расымен де қазіргі әкім халықтың үніне құлақ асатын басшы. Қандай мәселе болса да, тұрғындардың ортасынан табылады. Жалпы, қала басшысы көптеген мәселелердің ішінен ең өзектісін анықтап алып, алдымен соны шешетінін көрсетті. Іскерлігімен, қарапайымдылығымен, халықтың үніне құлақ асатын басшы ретінде ол қала тұрғындарының шынайы сеніміне ие болды. Ал үшіншісі – коммуналдық қызметтің реттелгендігі. Биылғы шектен тыс қалың қардан қала көшелерін дер кезінде тазартуды, шеткі аймақтарды су тасқынынан аман қалып қалуы – үлкен жұмыс деп есептеймін.
– Зұлпыхар Сұлтанұлы, көшеге шығып әкім­нің жұмысына қарсылық танытатындар болмаса да, әлеуметтік желілерде шабуыл бар сияқ­ты. Бұл қоғамдық өзгеріс формасы ма, әлде арнайы ұйымдастырылатын дүние ме? Қалай ойлайсыз?
– Жаңа айтып кеткенімдей, әкімдіктің қазіргі ең үлкен жетістігі – халық үніне құлақ асатындығында. Осы тұрғыда әкімдік ұжымын шын жүректен құттықтауға болады. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Әртүрлі топтар бар. Сонымен қатар еліміздің 30 жыл ішінде үлкен жетістікке жеткенін көре алмайтындар да бар. Яғни сыртқы күштердің де әсері бар және мұны мен әлеуметтік желідегі қанағатсыз топтардың әрекеті деп айтар едім. Негізінен, көре білген адамға дәл қазіргі уақытта әлеуметтік жағынан үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Әсіресе, қазіргі пандемия кезінде. Жалпы, Үкімет тарапынан да жұмыспен қамту бойынша түрлі бағдарлама жасалып жатыр. Алайда қазіргі уақытта ұсынған жалақыны місе тұтпай, оның орнына балаларының жәрдемақысына күн көргісі келетін адамдар да пайда болды. Содан соң құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы шығып, погонын жұлып алатындар да жиілеп кетті. Дамыған елдерде мұндайға мүлде жол берілмейді, ол – өте ауыр қылмыс. Сондықтан елімізде құқықтық мәдениет қалыптастыру керек. Айғаймен бірдеңе шешу мүмкін емес. Мемлекет басшысының да айтатыны сол, билік пен бұқара арасындағы диалогты орнату. Жалпы, біздің қоғамға біріншіден, қанағат, одан кейін сабыр және бірлік керек. Егер бәріміз бір адамның ағзасындай бір болсақ, біз алмайтын қамал жоқ деп ойлаймын.
– Елордадағы ең сүйікті орныңыз қай жер?
– Есілдің жағасы.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан
Нұрдәулет Кәкіштегі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 16 =