Жаңа форматтың артықшылықтары

0 66

Елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында атаулы әлеуметтік көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа форматтағы бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Жаңа форматқа сәйкес, АӘК мөлшері бұрынғыдай отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен отбасының әр мүшесі үшін өмір сүру құнының 70 пайызы арасындағы айырмашылықты құрайды. 2020 жылдың І тоқсанындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 34654 теңге, кедейлік шегі – 24258 теңге. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек тетігін қарас­тырып, кешенді шаралар әзірледі. Биылдан бастап АӘК-тің жаңа форматы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға мемлекеттік жаңа жәрдемақы қарастырылды. Көпбалалы отбасылар жәрдемақы таға­йындалатын арнайы топқа енгізілді. Қазіргі уақытта жәрдемақылар Нұр-Сұлтан қаласында тағайындалып, төленді. Ал сұрақтары бар отбасылар 1411 нөмірі бойынша колл-орталыққа хабарласа алады» деді қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина.
Алдағы уақытта АӘК әр тоқсан сайын әрі мемлекеттік жәрдемақыға өтініш берілген күніне қарамастан толық бір айға тағайындалады. Яғни 20 қаңтар күні өтініш түсетін болса, айдың соңғы күндеріне қарамастан төлем толық бір айға төленеді.
АӘК тағайындау үшін өтініш пен жеке куәлік қажет. Бұған қоса, тұрғы­лықты жері бойынша кемінде 6 ай тұрақты немесе уақытша тіркеуден өту керек.
Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасындағы жұмысқа қабілетті мүшесіне қалалық Жұмыспен қамту орталығы көмек қолын созуға дайын. Қазіргі уақытта жұмыс берушілер арасында уақыты ыңғайлы 476 вакансия бары айтылды.
Жаңа формат бойынша арнайы учаскелік топ отбасының материалдық жағдайын тексеруден өткізеді. Бұл өткен жылғы болған олқылықтардың орнын толтырмақ. Енді отбасының жағдайы жіті назарда тұрады.

АӘК кімдерге төленбейді?

АӘК тағайындау үшін еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуы міндетті. 6 ай ішінде жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, АӘК барлық отбасы мүшелері үшін тоқтатылады. Аз қамтылған отбасыларға, жалған ақпарат берген адамдарға, учаскелік комиссияның қорытындысы бойынша АӘК қажет емес отбасыларға таға­йындалмайды. Егер өтініш берушінің жекеменшік құқығында тұруға жарамды бір тұрғын үйі бар болса, сонымен қатар соңғы 5 жыл ішінде баспананы иеліктен шығарған жағдайда, жалпы пайдалану алаңы әрқайсысына 18 шаршы метрден аспайтын жағдайды және 1-інші, 2-топтағы мүгедек балалары бар отбасылар мен көпбалалы отбасыларды қоспағанда, 1 бірліктен артық жеңіл автомобилі болған жағдайда атау­лы әлеуметтік көмек төленбейді.
Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау үшін құжаттар Есіл, Сарыарқа, Байқоңыр және Алматы аудандарының ХҚО-ларында, «Жанұя» отбасын қолдау орталығында қабылданады.
Азаматтарды қабылдау алфавиттік тәртіппен жүзеге асырылады. Жиын барысында елордада 15 мыңға жуық көпбалалы отбасы жәрдемақы алатыны белгілі болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =