Жаңа ережелермен өмір сүруге шақырады

0 86

Коронавируспен күресті тіршілікті қамдап жүріп жүргізуге рұқсат етілді. Бірақ індет әлі аяғын жимағандықтан, сақтық шараларын жадыдан шығармау керек. Әсіресе, дерт жұғу қауіптілігі басым орындар – дүкен, дәріхана, сұлулық салондарына, жалпы адамдар көп шоғырланатын жерлерге барғанда абай болған жөн.Орталық коммуника­ция­лар қызметінде «Елордадағы коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайы, сондай-ақ карантин режимін сақтау шаралары туралы» атты брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласы мамандарының дертті анықтауды, тестілеуді, жұқтырушыны қадағалап, оқшаулауды, жалпы аурумен күрес тәртібін меңгергендігі де – карантиннің алынып тасталуына бір себеп. Әрі соңғы тәулікте анықталған жаңа жұқтырушылар жағдайының 2 есе төмендегені, аурулар саны өсімінің 64 пайызға кемігені байқалды.
– Қазіргі таңда қалада ауруларды қабылдау­ға кереует саны жеткілікті. Қаланың барлық емханаларында дертті анықтаумен айналысатын уақытша бөлімшелер ашылған. Стационардан шығарылғаннан кейін де емделушілер бақылауда болады. Барлық нысандар мен жұмыс орындарында алдын алу шаралары жасалуда. Адамдар қалыпты өмірге оралды, бірақ өмір сүру салтымызда күрделі өзгерістер болып жатыр. Қарапайым гигиеналық талаптарды қатаң сақтап, қоғамдық орындарда мас­ка тағып жүру біздің қауіпсіздігіміз үшін қатаң талап етіледі. Карантин шараларын алып тастау немесе жұмсарту туралы шешім қаладағы жалпы эпидемиологиялық ахуалға теріс әсер етпеуі керек, – деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қазіргі таңда қалалық ауруханаларда 1022 науқас ем қабылдауда, оның 67 па­йызы – коронавирус жұқпасынан ем алушылар. Соңғы ақпаратқа сәйкес елордада коронавирусты 1287 адам жұқтырғаны белгілі болды, оның 84-і – 18 жасқа дейінгі балалар, 62 пайызы – ер, 38 пайызы – әйел адамдар. Көбіне ауруға 18-49 жас аралығындағылар жиі шалдыққан. Олардың үлесі – 76 па­йыз. Керісінше, жетпістен асқан қарттар 2 пайызды құрап отыр. Ауырғандардың 47 пайызы бүгінгі таңда жазылып, 14 күндік үй карантиніне жіберілді. Ауруханалардағы 10 нау­қас тұрақты ауыр халде, оның екеуі жасанды өкпе желдеткішіне қосылған. Емдеу бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қалғандарының халі қанағаттанарлық, емдеу жалғасуда.
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева қолайлы эпидемиологиялық жағдайға байланысты ведомствоаралық комиссия 20 мамырдан бастап елордада сауда, ойын-сауық орталықтарының, қоғамдық моншалардың, бассейнсіз сауналардың, азық-түлік емес жабық базарлардың, сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын қайта бастау мәселелері қарастырылып жатқанын жеткізді. Ойын-сауық орталықтарында фудкорттар, кинотеатрлар жұмысы қарастырылмайды. Шешім шыққан кезде қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы жарияланады.
– Елордалықтарды сақ болуға, адам көп шоғырланатын жерлерге барудан бас тартуға шақырамын. Өйткені инфекция жо­йылған жоқ, біз оны барлық сақтық шараларын сақтаған кезде ғана жеңе аламыз. Сондықтан жаңа ережелермен өмір сүруді үйреніңіз. Қолыңызды жиі жуыңыз. Адамдар көп жиналатын орындарда маска киіңіз. Өзіңізбен бірге антисептик ұстаңыз. ОРВИ белгілері – температураның көтерілуі, тамақтың ауыруы, жөтел болса, дереу дәрігерден көмек сұраңыз, – дейді бас санитар дәрігер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =