«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа бизнеске – жаңа мүмкіндік

0 163

 Табысты кәсіпкер болуды армандайсың ба? «Миллион тұратын» идеяң бар ма? Оны жүзеге асыру үшін қолдау керек пе? Егер неден бастарыңды білмесең, «ABC INCUBATION» бағдарламасы саған арналады. Назарбаев университетінің «Astana Business Campus» инновациялық кластерінің жұмыс тобы жас кәсіпкерлерді, студенттерді және технологиялық жаңалықтарға жаны құмар адамдарды іздестіреді.

Елбасы бекіткен «Ұлт жос­пары – 100 нақты қадам» бағ­дарламасының 63-інші қадамына сәйкес, еліміздің ғылымды қажет ететін экономикасын қа­лыптастырудың негізі – екі иннова­циялық кластерді дамыту. Осы мақсатта Nazarbayev University Research and Innovation System мекемесінің базасында «Astana Business Campus» деп аталатын инновациялық клас­терде ғылыми орталықтар мен зертханалар орналастырылған. Бүгінде құрылған инновациялық кластердің әлеуеті жоғары. Бұл салаларға жаңадан қадам бас­қандар отандық және шетелдік компаниялар, ғылыми және тех­но­логиялық шешімдерге зәру ша­ғын және орта бизнес өкілдері ар­қ­ылы өз жобасын жетілдіріп, на­рыққа шығуға мүмкіндік алады.
Жақында ғана қолға алынған «бизнес-инкубатор» жобасы бұл сөзге дәлел. Бағдарламаға кез келген адам еліміздегі, елордадағы өзекті проблемаларды шешуге арналған инновациялық бизнес жобасын ұсына алады. Мамандар іріктеуден өткен жобаларға бизнес-жоспар жазып, болашақ өнімнің прототипін дайындауға жан-жақты көмек көрсетеді. Бұл жерде жобаларды іске асырумен қатар әлеуетті тұтынушының қызығушылығын оятудың амалдары қарастырылады.
Бағдарлама Назарбаев универ­ситетінің технопаркінде өткізіліп, 12 аптаға созылады. Осы уақыт­тың ішінде қатысушылар технологиялық кәсіпкерліктің не екенін, өнімді шығару және дамытуға қандай инфрақұрылым мен қызметтің қажет екендігін үйренеді. Сондай-ақ, өз саласының білікті мамандары мен табысты кәсіпкерлермен семинарлар мен кездесулер өткізілетін болады. Қорыта айтқанда, бағдарлама аясында табысты кәсіпкердің барлық құпиялары айтылып, жан-жақты мағлұмат беріледі.


Бағдарламаға қатысатын стартап командалар эксперименталды цехтың, «Fab Lab» цифрлық өндіріс зертханасының және «Media Lab» мультимедиялық зертхананың көмегіне жүгіне алады. Ал үздік деп танылған топтар ABC Quick Start 2018 үшінші акселерациялық бағдарламасына қатысуға мүм­кіндік алады. Стартап-компа­ния­ларға, өнертапқыштар мен инноваторларға арналған бұл бағдарлама Назарбаев универ­ситетінің технопаркінде жазда ұйымдастырылатын болады.
Өз идеясын дайын өнімге айналдырғысы келетіндер бір­қатар талаптарға сай болуы тиіс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылардың жасы 18-ге толуы керек. Оқу оқып немесе жұмыс істесеңіз, барлық іс-шаралар кешке және демалыс күндері өткізілетінін ескеру маңызды. Ағылшын тілін жетік меңгергеніңізге де баса назар аударылады. Ең бастысы, қатысу үшін ешқандай жарна төленбейді. Индустрия 4.0, ауыл шаруашылығы, медицина және NU Green Campus бағыттарында өтінімдер 12 ақпанға дейін қабылданады.

 

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды