Жаңа балабақша ашылды

0 43

Кеше елордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 360 орындық «Аbadan» балабақшасы ашылды. Нысанға 2 млрд теңге сомасында жеке инвестиция тартылды.

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының мәліметінше, балабақшада 36 тәрбиеші және 10-ға жуық арнайы маман жұмыс істейді. Мұнда бейнелеу өнері, дене шынықтыру, ағылшын тілі бойынша сабақтар өтеді.
– Балабақша 18 топқа арналған. Алдағы уақытта сабақтарды ағылшын тілінде өткізу жоспарланып отыр. Сол үшін балалармен ағылшын тілінде оқу-тәрбие процесін жүргізетін мамандар шақырылады. Жаңа нысанда акт залы, бассейн, спорт зал, жеке жатын бөлмелер, шешінетін бөлмелер бар. Іші әдемі жиһаздармен және құрал-жабдықтармен жабдықталған, – дейді Білім басқармасының мектепке дейінгі ұйымдар бөлімінің басшысы Айгүл Ережепова.
Бөлім басшысының айтуынша, карантинге байланысты шектеу шаралары енгізілгендіктен, қазір 15 адамнан тұратын кезекші топтарға құжаттар қабылданады.
– Ата-аналардан өтініштер түсіп жатыр. Қазірдің өзінде 5 топта 15 баладан бар. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысының 14 қосымшасы бойынша санитарлық нормалар сақталды, – дейді А.Ережепова.
Балабақшада жүзу, футбол, каратэ, шахмат, хореография, бейнелеу өнері, робототехника, театр өнері және қыш өнері сияқты 10 түрлі үйірме ашылған.
Сонымен қатар ғимаратта медициналық блок қарастырылған. Оған екі оқшау­лағыш бөлме, тұз бөлмесі, психолог пен логопед кабинеттері кіреді. Сондай-ақ ас бөлімі, кір жуатын бөлме, инфрақызыл саунасы бар бассейн жұмыс істейді.
Балабақша меңгерушісі Алтынгүл Тайбасарова мәлім еткендей, білім беру процесін ұйымдастыру үшін Абай ­Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, ­Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзипа Құлжанова сияқты қазақтың белгілі тұлғаларының идеялары негізге алынған арнайы бағдарлама әзірленді. Сондай-ақ Реджио Эмилия, М.Монтессори, Л.Выготский, Дж.Пиагет және Дьюи авторлары болып саналатын әлем қолданатын ең үздік білім беру әдістері негіз болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + fourteen =