«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа әдеп кодексі – жаңаша бағыт

0 31

Мемлекеттік қызметші мемлекеттің айнасы, мемлекеттің табысты жұмыс істеуінің кепілі болғандықтан, бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде.

Без названия

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінің отырысында және кейіннен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жиында сөйлеген сөзінде мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипат алып, клиентке бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өтті.

Осыған орай, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мен мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілері Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.

Жаңа Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайының алдын алуға бағытталған.

Жаңа редакцияда кодекстің құрылымы өзгеріп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – адал ниет, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану. Әсіресе, ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдық берілген. Өз кезегінде халықпен өзара қарым-қатынас мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің негізгі сапасы болғандықтан, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде халықтың сұранысына бағдар ұстану және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметші өзіне қойылатын талаптарды да қатаң сақтауы тиіс. Қарапайым болу, азаматтармен қарым-қатынаста әдеп таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекетімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау, іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын, іскерлік киім үлгісін сақтау, ұжымда өзара қарым-қатынас пен сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал ету, қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстану – мемлекеттік қызметшілерге қойылатын негізгі талаптар.

Мемлекеттік қызметші өзінің әдепсіз мінез-құлқы мемлекеттік аппаратқа деген сенімді бұзатындығын түсіне отырып, оған жүгінген азаматтардың әрбір мәселесіне ұқыпты қарап, шешім қабылдау барысында заңдылығын және әділдігін қамтамасыз ету қажет.

Осы орайда басшылықтың өз тарапынан қызметшілер арасында әдеп қағидаларын сақтау жөніндегі түсіндірме жұмыстарын жүргізуі және жеке мінез-құлық арқылы әділдік, адалдық пен сыпайылықтың үлгісін көрсетуі қызметте маңызды рөл атқарады.

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің бір өкілі. Сондықтан өз ісіне, сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына жауап бере алатындай болуы керек. Жеке адамдар арасында болсын, мемлекеттер арасында болсын, кез келген қарым-қатынас әдеп шеңберінен шықпаса ғана тиімді әрі нәтижелі болмақ.

Жалпы жаңа кодекс мемлекеттік қызметшілердің мәдениетіне ғана емес, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындау мәдениетіне де талап қойды. Бұл нені білдіреді? Қазіргі таңда барлық өңірлерде Әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Олар өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтарын ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын, мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының нәтижелерін қарайды.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейханов. Жалпы айтқанда, еліміздің ертеңі бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен тиісті мінез-құлық қағидалары және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, өз қызметі аясында елге деген адалдықты, құрметті абыроймен ұстануымыз қажет.

Ғалымжан АМАНТАЙ,

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әдеп

жөніндегі уәкілі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды