ЖАНДАРБЕКТІҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНДЫ

0 143

IMG_8883Бұрнағы күні «Конгресс холл» сарайында Тәуелсіздік күніне арналған «Жырың болып төгілемін, елім!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған, «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсеткен айтыскерлер додасына 10 ақын қатысты. Бұл айтыстың бұдан бұрынғы айтыстардан ерекшелігі көп болды. Алғашқы ерекшелік: «Сөз барымтасына» түскен ақындардың айтыс сахнасындағы бір жылғы жетістіктері есепке алынды.

Бақсақ, былтырғы тәуелсіздігімізді ұлықтаған «Біздің ел осындай!» айтысынан осы күндерге дейін ақындар 19 рет сөз қағыстырыпты. «Kazaitys» сайты сол айтыстарды саралап, үздік он ақынның рейтингісін түзген. Рейтингтің ұшар басына 17 ұпай жинаған Сара Тоқтамысова жайғасса, ең төменгі жағына Жақсылық Орынбасар мен Қанат Мырзахан орналасқан. Міне, осындағы тоғыз ақын және Біржан Байтуовтың орнына жас пері Жандарбек Бұлғақов бес жұп құрып, бас жүлде – «Алтын домбыраны» иеленеміз деп бар өнерлерін ортаға салды.

Екінші ерекшелік – қатысушы ақындар көрермендерге арнап бір-бір шумақтан төгіп жібергеннен кейін сахнаға көтерілген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Партиямыз өзінің жаңа саяси доктринасында ұлттық дәстүрімізді, төл мәдениетімізді, руханиятымызды өте биік орынға қойып отыр. Айтыстың табиғаты партияның ұстанымдарымен ұқсас. Біз де проблемаларымызды әрқашан ашық айтып, оларды шешуге тырысамыз. Өткен айтыста «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар болған. Сол жерде ақындар біраз сын айтты, көп мәселені көтерді, оның барлығын халық қалаулылары қолға алып, қазір шешіп жатыр» деп белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен айтысты отыз жыл бойы өрге сүйреп келе жатқан Жүрсін Ерманның иықтарына шапан жапты.

Бірінші жұпта Жандарбек Бұлғақов пен «Алтын домбыраның» былтырғы иегері Мұхтар Ниязов сөз қағыстырды. Мұхтардың Жандарбекке ә дегеннен бағытталған «Қарақұрттай тіліңнің уыты бар, алайда, қара қойға уытың өтпейді» деген сөзі айтушының өзін қақпанға түсірді. Жандарбек оны осы сөзінен ұстап: «Өзіңдей талай қойды сойған едік… «Алтын домбыра» ұтатын қандай қойсың? Сауатты сөз өрсеңші ойдан өріп» деп жауап берді. Әрі қарай да Жандарбектің өнері Мұхтардікінен бір бас жоғары екені көрініп тұрды. Арнайы тапсырма – «Өтірік өлең айтысында» да Жандарбектің сөздері салмақтылау болды. Нәтижесінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Алдан Смайыл бастаған қазылар алқасы Жандарбекке бірыңғай «10» ұпай көтеріп, финалға жолдама берді.

Алматылық Қанат Мырзахан мен қарағандылық Дидар Қамиевтің тартысында екіншісі басым түсті. Ол түсінікті де: Дидар біраз айтыстарға қатысып, тіс қаққан ақынға айналды деп айтуға болады. Қанат «Хабар» арнасының «Жастар жырлайды» айтысында жеңімпаз атанса да, айтарлықтай жеңістерге жеткен жоқ. Дегенмен, болашағынан үміт күтуге болатынын танытты. Бұл жұпқа тапсырма ретінде «Қайым айтыс» жасау міндеттелсе, екеуі де ұйқастарды қиыннан қиыстырып, тапсырманы алып шықты.

«Айтыстың киллері» атанған Бекарыс Шойбеков пен Жақсылық Орынбасар ел мұңын толғады. Әсіресе, Жақсылық оралмандарға 5 жылға дейін азаматтық берілмейді деген заң жобасын сынға алып, жоғары жаққа дат айтты. Оны қостаған Бекарыс әдеттегіше салмақты айтыс жасап, арасында сөзін әзілмен де көмкерді. Мәселен, тапсырма ретінде берілген – тар көпірде сүзісіп қалған екі қошқардың суретіне сипаттама бергенде: «Күнде күндес Айгүл мен Алтынай да сахнада табысты ғой, «Тука» мен Уәлибек ең соңында қауышты ғой» деп залға жиналғандарды ду күлдірді.

Сара Тоқтамысова мен қызылордалық Нұрмат Мансұров халықтың ойында жүрген тастанды балалар, жолдағы жемқорлық, демография, тағы сондай көкейтесті мәселелерді қозғады. Сараға қарсыластары үнемі «қырғыз мақамымен айтысасың» деп тиіскеніндей Нұрмат та осыны айта келіп: «Қазіргі қазақ эстрадасындағы «Шоқ қыздар», «Қызыл өрік» секілді әндерді қырғыздан ұрлау үрдісі сенен басталған жоқ па?» деп түйреп өтті. Оған Сара: «Қырғыз-қазақ бір туған, Кененнің басын көтерткен бұл мақамнан халықтың зары сезіледі, сондықтан таңдадым» деп жауап беріп, Жүрсіннің кезіндегі айтыскерлердің әрқайсысында жеке мақам болсын деген талабын еске салып өтті. Арнайы тапсырма – «Біз үшін не қымбат, не арзан?» деген сұраққа Нұрматтың жауаптары ұтымдылау болды.

Соңғы бесінші жұпты Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева құрады. Бұл екеуі алғашқы рет 1993 жылы оқушылар айтысында айтысқан екен. Шорабек Айдаровтың мақамына салған Балғынбек соны меңзеп Айнұрды «жиырма жылғы подружкам» деп атады. Айнұр да қалыс қалмай, Балғынбекті «модный молда» деп атаса, Балғынбек те: «Айнұр мені деп отыр «модный молда», Басқа теңеу таппады «жадный кобра» деп есе жіберген жоқ. Жалпы, осындай екеуара әзілге құрылған айтыс жасаған олар ең соңында бір-біріне жұмбақ жасырды.

Ақтық сайысқа қазылар Балғынбек, Нұрмат, Дидар, Жандарбек секілді төрт ақынды шығарды. Олар бұған дейін ел көрмеген Жетісу дәстүріндегі «Құлмамбет айтысын» жасады. Яғни, бір мезетте төртеуі де сахнаға шығып, кезекпе-кезек айтысты. Олардың айтқан сөздерін іштей бағалаған қазылар бас бәйгеге Жандарбек Бұлғақовты лайық деп тапты. «Алтын домбыра» мен 3 млн теңге ақшалай сыйлықты оған былтырғы жеңімпаз Мұхтар Ниязов пен«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев тапсырды. Бірінші орын мен 2 млн теңге Дидар Қамиевтің қанжығасында кетті. Екінші орынға тігілген 1 млн теңге Нұрмат Мансұровқа табысталды. Үшінші орын жүлдесі 750 мың теңгені Балғынбек Имашев олжалады. Өзге ақындарға 500 мың теңгеден берілді. Сондай-ақ, Мұхтар Ниязовқа «Kazaitys» сайты тіккен Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы жүлде тапсырылды.

IMG_8804

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =