Жандарбек БҰЛҒАҚОВ, айтыскер ақын: АЙТЫС – СӨЗДІҢ МАЙДАНЫ

0 2  524

– Жандарбек, ең алғаш кіммен айтыстыңыз?
– Ең алғаш 6-сыныпта Жамбыл Жабаевтың тойында Бағдат Сәрсенбаев деген Нарынқолдың баласымен айтыстым. Ол 10 сыныпта оқитын. Сол айтыстан бас жүлде алып, түрлі-түсті теледидар алғаным есімде. Сол теледидар үйде әлі тұр.

 – Осыған дейін қанша айтысқа қатыстыңыз, неше көлік міндіңіз?– Қанша айтысқа қатысқаным есімде жоқ. Санасам, осы уақытқа дейін 14 көлік мініппін.

– Сіздер кейде айтыста әзілдесіп отырып біраз жерге барып қаласыздар. Айтыс сахнаның арғы жағында жалғасып, бір-бірлеріңізге өкпе айтасыздар ма?
– Мен өзім бір ақынға өкпе айтқан емеспін. Бірақ маған өкпелегендер болды. Меніңше, ол дұрыс емес. Бір ауыз сөзден өлген халықтың ұрпағымыз ғой. Айтыс – ол сөздің майданы. Сахнаға шыққан екенсің, аяғына дейін айқасу керек. Шын мәнінде, айтыс суырып салмалық өнер болғандықтан, эмоцияға беріліп кететін кездер болады.

Айтыс біреудің көңіліне жағып, біреулерге жаға бермейді. Айтысқан ақын ешкімге ренжімеу керек деп ойлаймын. Барлығына дайын болған жөн. Сондықтан, қарсыласына ақындардың өкпелеуге қақысы да жоқ.

– Кіммен айтысуды армандайсыз?
– Өзім армандаған ақындардың бәрімен айтыстым десем болады. Бұрынғы ақындардың ішінде Мэльс Қосымбаев, Мұхаметжан Тазабеков сынды ағаларымызбен айтысуды армандаймын. Бала кезімізде осы кісілердің айтыстарын көріп өстік, еліктедік. Осындай ақтаңгерлермен айтысып, тартысып көргіміз келді. Бірақ біз кемелімізге келгенде, бұл ағаларымыз айтысты қойып кетті. Бірақ елдің ішінде жүрген азаматтар ғой, әйтеуір бір айтысып қалатын шығармыз. Баяғыда марқұм Оразалы Досбосынов ағамызбен де айтысқым келетін.

– Ақындардың ішінде кімнен ығасыз? Қапы қалам-ау деп қауіптенетін қарсыласыңыз бар ма?
– Ондай қорқыныш жоқ. Өйткені, үлкен сахнаға шыққаныма төрт-бес жыл болды. Сол уақытта ақындардың барлығымен кемінде екі-үш реттен айтыстым. Бәрінің қыр-сырын білем десем болады.

Жалпы, айтысқа белсенді түрде қатысып жүрген жиырма беске жуық ақын бар. Сол ақындардың барлығы мықты. Біреуден-біреу ығатындай емес.

– Қазылар құрамынан кімдерді көргіңіз келеді?
– Айтыскер ақындарды көргім келеді. Сөз, өлең түсінетін адамдарды. Өлеңнің астарын бағамдай алатын, ойдың салмағын саралай алатын азаматтарды. Тек істің ақ-қарасын ажыратып, қара қылды қақ жаратын, сөз түсінетін, айтыстың табиғатын түсінетін жандар болса, дұрыс болар еді.

– Тойға шығып тұрасыз ба?
– Мен асаба едім деп, өзім той іздемеймін. Кісілердің өтінішімен, көңілдерін қалдырмай, міндетті түрде барамын. Бірақ, ақындардың тоқсан пайызы тоймен күн көріп отырмыз.

– Құпия болмаса, бір той үшін қанша аласыз?
– Қаланың іші бар, сырты бар дегендей, 1000 доллардан басталады.

– Айтыскер ақындардан кімдермен жақын араласасыз?
– Жас толқындардың ішінен Төреғали Әлихановпен өте жақын араласамын. Өзіме дейінгілерден Ринат Зайытов, Балғынбек Имашев, Бекарыс Шойбек, Айнұр Тұрсынбаева, Мұхтар Ниязов бар.

– Айтыстарыңызды жинақ қылып шығару ойыңызда бар ма?
– Барлығын жинақ қылып шығармасам да, сәтті деген, көңіліме жағатын айтыстарды шығарсам деймін. Мысалы, әкем екеуміздің айтысымыз. Бірақ, оның бейнетаспасын «Хабар» агенттігінің мұрағатынан алу оңай болмай тұр. Бұйыртса, болашақта шығарып қалармыз.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Дәл жаздың кезінде бос уақыт бола бермейді. Жүріс көп, тойға шығамыз. Отбасын асырау керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 1 =