Жанашырлық бар, жаңашылдық керек

0 114

Балалар спорты мен бұқаралық спортты қолдау – саламатты ел қалыптастыру үшін өте маңызды іс. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт ­ТОҚАЕВ аталмыш мәселеге басымдық беру қажеттігін қадап айтты. Ол Олимпиада ойындарын өткізуді келесі жылға қалдырған Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэмен әңгімелескеннен кейін осындай пікір жазды.Шындығында, бүкіл дүние өзгеріп жатыр, спорттық өмір де қазір мүлдем басқаша сипат алды. Өте шапшаң дамитын сала үшін нарықтық қатынастар көптеген даму мүмкіндіктерін ашып берді. Оның үстіне еліміз әлемдік деңгейге шыға алатын, талантты спортшыларға ешқашанда кенде болмаған және болмақ емес. Өкінішке қарай, біздің елде кезінде жасақталған советтік спорт жүйесінің оңды жақтарын сақтай алмай қалдық, жаңасын ендіруде де қарық қылмағандай күйдеміз. Соның салдарынан жекелеген көрші елдермен салыстырғанда біздің әрбір олимпиада медаліміздің құны бірнеше есе қымбатқа тү­сетінін жасыруға болмайды және ол бюджет шығынын есептеу арқылы әлдеқашан дәлелденген. Медальдың қымбат болатындығының тағы бір себебі – спорт төңірегінде басы артық, қажеті шамалы, қосамжар құрылымдардың тым көптігі және олардың мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылуы. Көп қаржы жұмсалатын, «нанталап» спорт ұйымдарын, мекемелерін жіліктеп, тиімділігін зерттесе көп әлеуеттің рәсуалығына көз жетеді. Егер еліміздегі бүкіл спорт шаруашылығы дұрыс ұйымдастырылатын болса, олимпиадашыларды даярлауға кететін шығындар азайып, балалар мен бұқаралық спортты қолдауға қаржы тапшылығы болмас еді. Бүгінде спортқа жанашырлық бар, жаңашылдық жетіспей тұрғандай.
Профессор Б.Досқараевтың айтуынша, әлемнің дамыған елдерінде осы саладағы жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында көптен бері «Дене шынықтыру, сауықтыру және спорттық қызметті ұйымдастырудың клубтық формалық жүйесін қалыптастыру» жобасы табысты жұмыс істейді. Бұл тәсіл спорттың барлық түрлері бойынша балабақша, мектеп қабырғасынан бастап студенттік лигаға, ұлттық құрамаға дейін қамтып отыр. Егер белсенді спортшылардың денін 34 жасқа дейінгілер құрайтынын ескерсек, оның тиімділігіне көз жеткізу қиын емес.
Алайда клубтық формалық жүйені енгізу үшін елімізде кәсіби білікті мамандар жетіспейді. Әлемдік тәжірибедегі жұмыс жү­йесіне көшуге жекелеген мүдделі топтар тарапынан іштей кедергілер кесірін тигізіп жатқаны да жасырын емес. Әрине, мұның бәрі жалпы спорттың дамуына кері әсер етеді. Сонда Мемлекет басшысының мемлекеттік бюджет қаржысының әрбір тиынын үнемдеу, тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасын тиісті құрылымдар қалай орындамақ?
Жалпы, балалар спортын болашақ олимпиадашыларды даярлау мектебі деп бағаласақ, бұл салада жаңа заманға, өркениетке лайық жүйені енгізуді қолға алған жөн. Атап айтқанда, әлі күнге дейін мектептерде дене шынықтыру пәні бойынша оқу құралдары, елімізде көп тараған спорт түрлері бойынша мемлекеттік тілдегі оқулықтар мен кітаптар жоқтың қасы. Осы саладағы ғылыми зерттеулердің тиімділігіне де сараптама жасалуы тиіс. Сонымен бірге мектеп қабырғасынан бастап Олимпизм, Олимпиадалық білім, Олимпиадалық тәрбие мәселелерін жас ұрпақтың санасына сіңірудің маңызы зор. Өйткені жаңа заманның олимпиадалары жаңа тұрпаттағы спортшыларды күтеді.
Ұлт иммунитетінің негізі – денсаулықты нығайту үшін «халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналыссын» деген Елбасы тапсырмасы өңірлерде, жер-жерде қалай орындалды? Бұл мәселе де арнайы сараптауды қажет етеді. Біздіңше, бұқаралық спорттың сапасын көтеру үшін жалпы спортқа бөлінетін қаржының тең жартысы аталмыш салаға бағытталса ғана сең орнынан қозғалады деп ойлаймыз. Сонда ғана дені сау ұрпақ, иммунитеті мықты, саламатты ел қалыптас­тыруда нақты жетістіктерге қол жеткізуге болады. Басқаша айт­қанда, балалар спорты мен бұқаралық спортқа басымдық беруді ғана емес, жалпы олимпиадалық жүйені жандандырудағы сабақтас­тықты қамтамасыз ете аламыз.

Дархан МЫҢБАЙ,
Парламент Мәжілісінің
депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 + one =