«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жанармай бекеттеріне сенесіз бе?

0 260

Көлігі бар азаматтар қаладағы жанармай құю бекеттерінен бензин құйдырғанда оның мөлшеріне назар аудара бермейді. Ал сол қызмет көрсететін мекемелер сіздің қалтаңызды қағып отырған жоқ па?

Міне, осындай күнделікті өмірде кездесетін, бірақ мән бере бермейтін жайттар көп. Мамандардың айтуынша, жанар-жағармай құю стансасында бензиннің орнына «ауа» құйып немесе бензин құю пистолетінен жанармай ақпай жатса да, есептегіш құрал құйылған бензиннің мөлшерін, сәйкесінше төленетін ақыны көрсететін деректер кездеседі. Мұндай жағдайда тұтынушының құқын мемлекеттік метрологиялық бақылау департаменті қорғайды.
Жалпы, стансаларға тексеріс жүргізудің өзіндік тәртібі бар. Егер сәйкессіздіктер орын алса, субъектіге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыры­лып, бұзушылықтырды жою туралы нұс­қаулықтар беріледі. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 419-
бабына сәйкес айыппұлдар салынады.
Жуырда аталмыш департамент тарапынан «Sinooil» ЖШС Астана қалалық филиалына қатысты мемлекеттік бақылау жүргізілді. Астана қаласының мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторы Нұрболат Бекболатұлының айтуынша, елордада орналасқан 11 «Sinooil» жанармай құю стансаларының 55 жанармай құю пистолетінде осындай сәйкессіздіктер анықталған.
«Тексеріс кезінде қолданылған өлшем құралының абсолюттік қателік мәні ±100 мл болатын. Бұзушылықтар орын алған колонкалардағы көрсеткіштер 180 мл дейінгі аралықты құрады. Бұзушылық фактілері бойынша субъектіге айыппұл салынып, қолдануға жарамсыз өлшем құралдарын және заттар мен материалдардың құрамы мен қасиетінің стандартты үлгілерін пайдаланудан алып тастау туралы және метрология­лық нормалар мен қағидалардың бұзылуын жою туралы нұсқамалар берілді. Тексеріс субъек­тісінен келіп түскен хатқа сәйкес, бүгінгі таңда бұзушылықтар толығымен жойылды» дейді ол.
Айта кетейік, жанармай құю стансаларында бензиннің мөлшеріне қатысты сәйкессіздік дерегіне тап болған кез келген азамат Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне тиісті хат жолдауға құқы бар. Аталмыш мекеме өтініш негізінде шағым түскен субъектіге жоспардан тыс тексеріс жүргізе алады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды