Жанар БӨКЕНОВА, Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері: АУРУ – АСТАН…

0 210

Жаз – жеміс-жидектердің нағыз піскен мезгілі. Қаланың кез келген жерінде көкөніс, жемістердің саудасы қызып тұр. Алайда, кейбір орындарда тазалық талаптары сақталмағандықтан қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына күніне оншақты бала түсуде. Қазір ауруханада астан уланған қырықтан астам бала ем қабылдауда. Жедел ішек инфекциясымен түскен балалардың жағдайы туралы инфекционист-дәрігер Жанар Сәметқызымен тілдескен едік.

– Ауруханаға жатқызылған балалардың көбі қандай астан уланған?
– Әрине, жеміс-жидектен. Көбі алма, банан, шие жеп жедел ішек инфекциясын жұқтырған. Мұнда 41 бала ем қабылдап жатыр.

– Жедел ішек инфекциясы дегеніміз не?
– Адам организміне ауыз арқылы түсіп, асқазан, ішек жолдарын зақымдап, үлкен дәрет жүрісін бұзатын әр түрлі бактериялар тудыратын жұқпалы аурулар тобы. Оған дизентерия, эшерихиоз, сальмонеллез, сондай-ақ, тағамдық токсинді инфекциялар, тағы басқа гастроэнтериттер жатады.

– Балаларда кездесетін бұл ауру түрі қаншалықты қауіпті?
– Әсіресе, сәбилер арасында өте жиі кездесіп, көп жағдайда өлімге әкелетін аурулар қатарына жатады. Ауыз су, тағам, қарапайым гигиеналық талаптардың сақталмауынан, тұрмыстық заттар, ойыншықтар арқылы жұғады. Аурудың алғашқы белгілері бактериялар адам организміне түскен соң бірнеше сағаттан немесе бірнеше күннен соң біліне бас-тайды.

– Оның клиникалық белгілері қандай?
– Дене қызуының көтерілуі, іштің өтуі, сондай-ақ, жүрек айнып, құса бастайды. Бұл көріністер бактерияның асқазан, ішек жолдарының қай бөлігін зақымдауына да байланысты. Балаларда, әсіресе, сәбилерде асқазан, ішек жолдары функциялары толық жетілмегендіктен су-элеткролитті алмасу процесі бұзылып, тез сусыздану пайда болады. Бұл нәрестелерге өте қауіпті. Сусызданудың белгілеріне әлсіздік, шөлдеу, кіші дәреттің азаюы, ентігу, көзінің шүңіреюі, тері қабатының құрғап, қыртысының баяу қалпына келуі жатады, кейде тырысу болуы да мүмкін.

– Мұндай жағдайда алдын ала не істеуге болады?
– Дереу дәрігерге қаралу қажет. Дәрігер келгенше балаға көбірек қайнаған су, компот, смекта, регидрон, цитроглюкосалан сияқты сұйықтық беру керек.

– Аурудың алдын алу жолдарын түсіндіре кетсеңіз…
– Санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау керек. Суды тек қайнатып ішкен абзал. Жеміс-жидек, көкөністерді жақсылап жуып жеген жөн. Ең бастысы, көшеден, рұқсат етілмеген жерден тез бұзылатын азық-түлік, көкөніс өнімдерін сатып алмаған дұрыс.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =