©2020 Астана Ақшамы
ЖАНАМА САЛЫҚ САЛЫНБАҚ
Кеше Орталық қоммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов пен Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев Кеден одағы аясындағы Қазақстанның өзге елдермен қарым-қатынас жайын баяндады.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда Кеден одағына мүше елдер үшін мемлекеттік сатып алудың ұлттық режимі уақытша тоқтатылған. Оның себебі, Ресейде электронды конкурс жоқ, ол мемлекет аталмыш жүйені әзірлеуді енді ғана қолға алыпты. Сондықтан, интеграциялау мәселесі жабық күйінде тұр. Оны ашу үшін Ресей мен Беларусь Республикасы тараптары белгілі бір шарттарды орындауы тиіс. Яғни, Ресей электронды алаңды құруы керек екен.
Комитет төрағасы жанама салық салу жүйесі туралы жан-жақты әңгімеледі. Оның сөзінен ұққанымыз – Кеден одағына мүше мемлекеттер өз тауарын одаққа мүше өзге елге импорттағанда, тауарды қабылдаушы ел белгіленген мөлшерлеме бойынша жанама салық сала алады. Қазақстандағы қосымша құн салығы ең төмен – 12 пайызды құраса, Ресей Федерациясында – 18 пайыз, ал Беларусь Республикасында – 20 пайыз.
«Осылайша, Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің әрқайсысы үшін жанама салықтардың өз мөлшерлемесін белгілеу мүмкіндігі қарастырылған. Кедендік одақтың негізгі басымдықтарына келер болсақ, олар: жанама салық төлеуді 1,5 айға дейін шегеру және импортталған тауарларды
Одаққа мүше мемлекеттің аумағына әкеле салып сату» деді Әнуар Жұмаділдаев.
Аманғали ШМИТҰЛЫ