Жан-жақты жабдықталған

0 85

*БҮГІН – ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ КҮНІ

Кәсіби мейрам қарсаңында Алматы аудандық Ішкі істер басқармасында жаңадан полиция бөлімшесі ашылды. Салтанатты шараға Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметов пен Астана қаласы ІІД бастығы Амантай Әубәкіров қатысты.

Елордалық құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша үлкен жұмыстарды атқарып келеді. Осы уақытқа дейін №6 полиция бөлімшесінің қызметкерлері Пет-ров көшесінде орналасқан үйдің жертөлесінде жұмыс істеп келген. Учаскелік инспекторлардың қызмет жасауына жағдай қарастырылмаса да, елордалық тәртіп сақшылары жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген. Енді Рақымжан Қошқарбаев көшесіндегі «Ертегі әлемі» тұрғын үй кешенінде ашылған жаңа ғимаратта учаскелік инспекторлар аумақтың тыныштығын қадағалайтын болады. Айта кетерлігі, бөлімше соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Департамент басшысы, генерал Амантай Әубәкіровтің айтуынша жаңа полиция бөлімшесін ашу қажеттілігі осыдан біраз уақыт бұрын туындаған. «Қазіргі таңда учаскелік полиция қызметкерлеріне берілген аумақ ұлғайып келеді. Мұны Астанада халық санының жыл санап өсуімен байланыстыруға болады. Бүгінгі ашылып отырған бөлімше аумағына Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық өнер университеті, Хазірет Сұлтан мешіті, Қазақстан тарихының мұражайы, «Мың жылдықтар аллеясы» және көптеген тұрғын үй кешендері кіреді. Енді аумақ тұрғындарына жаңадан ашылған полиция бөлімшесінің есігі әрдайым ашық»,– деді ІІД бастығы А.Әубәкіров.
Салтанатты шараға арнайы келген Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметов қоғамдық қауіпсіздік қызметкерлерін кәсіби мейрамдарымен құттықтады. Бөлімше қызметкерлерімен танысып, елорданың құқықтық ахуалы туралы әңгімелесті. «Бұл – барлық жағдайы жасалған елордадағы ең алғашқы бөлімше. Сондықтан, сапалы жұмыс көрсетіп, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуда биік жетістіктерге жетеді деп сенеміз»,– деді ол өз құттықтауында.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 6 =