ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРТТЕГЕН ЖӨН

0 108

Зейнетақы жүйесін жетілдіруге қатысты ел арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүргені белгілі.

Шынын айту керек, халық жаңа өзгерістерге дайын болмай қалған сияқты. Кеңестер одағында әйелдер зейнеткерлікке ер азаматтарға қарағанда ертерек шығатын. Осы тәртіпке қоғамда пікір қалыптасып, үйреніп те қалды. Кейінгі жылдары зейнетке кешірек шығу туралы үкіметтің қаулысына қарсылық білдіргендер аз болмаған. Тіпті баласы көп немесе кейбір санат бойынша әйелдер зейнетақыны 40-45 жасында алып жүрді. Үкімет енгізіп отырған реформаларға қарсылық танытушылар осы мәселені алға тартып, бұрынғы тәртіпті сақтағысы келеді.

Енді қалыптасқан пікірдің шеңберінен шығып, бұл мәселеге жаңаша көзқараспен қарау қажеттігі туындады. Бүкіл дамыған елдерде әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзартып, тіпті, 70 жасқа дейін әкеліп қойған әлемдік тәжірибе бар. Мысалы, жапондық ханымдар зейнетке жетпіс жасқа келгенде шығады. Ол елдердегідей өмір сүру деңгейі болу керек дерсіз?! Дегенмен…

Еуропаның немесе басқа да дамыған елдердің әйелдер қауымы осы жасқа дейін жұмыс жасаймын деп өздерін дайындайды. Соның нәтижесінде өздерін жас сезінеді. Дене шынықтырумен, спортпен айналысуды өмірлік салттарына айналдырған. Медициналық мекемелерде жиі қаранып, аурудың алдын алып, асқындырмайды. Өздерін ерлермен тең ұстап, мо­ральдық жағынан кемдікті сезінген емес. Зейнетке ер азаматтармен қатар шығудың ұтымды себебі де сол.

Алайда халық арасында түсінушілік туғызып, жаңа жағдайға қалыптасу үшін үгіт-насихаттан басқа, әлеуметтік тұрғыда ауқымды да жүйелі іс-әрекеттер жасаған дұрыс болар еді деп ойлаймыз.

Біріншіден, жұмыс орнын көбейту керек. Бұл – өмірдің аксиомасы. Жұмыссыздық деген мүлдем болмау керек немесе оның деңгейін төмендетуге тырысқан жөн. Шағын және орта бизнеске жаңа серпін беріп, халықты жұмылдыру керек.

Екіншіден, жасы ұлғайған әйелдерді жұмысқа алғанда шектеулер немесе құқығын бұзушылық болмағаны дұрыс. Осы жағдайды заңды түрде «шегелеп» тұрып заңда жазып қою керек.

Үшіншіден, халықтың ұзақ өмір сүруіне қатысты шараларды, тұрмысты жеңілдететін жағдайларды жетілдіру қажет. Егер қазақстандық әйелдер орта есеппен 72 жыл жасаса, он жылдан кейін олар кем дегенде 82 жыл өмір сүруі керек. Сол үшін медицина қызметінің сапасын арттырып, экология мәселелерін осы онжылдықта жылдам шешкен дұрыс болар еді.

Енді бірі – демографиялық мәселе. Көп бала тапқан аналарды пенсияға шығаруды өзгеше қарау қажет. Егер осы мәселе оңды шешілмесе, бала туу үрдісіне кері ықпалын тигізеді.

Ал енді зейнетақы жүйесін үкіметтің қарауына өткізу – өте дұрыс саясат. Жекеменшік зейнетақы қорлары күндердің күнінде бір субъективті себептермен құрып кетсе, қоғамда үлкен наразылық туады. Мемлекет ешқашан халықты ауыр жағдайға тастап кетпейтіні анық.

Бұл – бүкіл ел болып ойласып, пікір алысып, халыққа пайдалы да ұтымды жолдарын білікті мамандармен бірге табатын шаруа. Сонда ғана шешім салмақты да салиқалы болатыны аян. Терең ғылыми зерттеулер де жүргізу керек шығар.

Жалпы саяси шешім қабылданды. Енді қадамдар дұрыс болу керек. Әр қимыл елдің берекесіне, игі­лігіне жасалуы керек. Әр ісімізді жеті рет ойлап, бір рет жасауымыз керек. Себебі елдің көркі де – әйел, болашақтың кепілі де – әйел, жанұяның тірегі де – әйел. Барлық өзгерістер әйелдердің қоғамдағы орнын ұлықтауға бағытталуы қажет.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
тарих ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =