Жан шуағы жылытады

0 19

Елордада халықаралық «Жан шуақ» сыйлығы табысталды. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткен шарада арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда мәдениет, спорт, білім мен кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен жандар 7 аталым бойынша марапатталды. Мақсат – әлеуметтік кедергілерді жою мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың проблемасына қоғамның назарын аудару.

864cfef6d14338bb6045db189a657b1b

Аталған сыйлық жыл сайын қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан мүмкіндігі шектеулі жандарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосқан азаматтарға беріледі.

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек атап өткендей, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету – әрқашан билеуші партия жұмысындағы басымдықтардың бірі. Бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар 700 мыңнан астам азамат тұрады, оның 14%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар.

«Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында біз 2014 жылы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске қостық. Жобаның арқасында ерекше қажеттіліктері бар 40 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды, 24 мыңнан астам әлеуметтік нысанында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, заңнамаға өзгерістер енгізілді, «Болашақ» қорының қолдауымен 43 инклюзивті білім беру кабинеті ашылды. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қомақты жұмыс атқаруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тағы 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру бағытындағы істерді жалғастыратын болады» деді Бауыржан Байбек.

Nur Otan «Барлық балаға – бірдей мүмкіндік» қағидасын жүзеге асыра отырып, еліміздегі барлық колледждер мен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың 70%-ында инклюзивті білім беруді енгізуді қамтамасыз етпек. Оңалту орталықтарының саны ұлғайтылып, ерекше қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық және коррекциялық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырыс енгізіледі. Асыраушысынан айырылған балалар бір мезгілде мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты 2 жәрдемақы алатын болады.

Өз кезегінде Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова «Жан шуақты» тапсыру рәсімі 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және осы жылдар ішінде сыйлыққа 70-тен астам адам ие болғанын атап өтті. Биыл 17 өңірден 58 адам ұсынылып, олардың ішінен ашық дауыс беру нәтижесінде ұйымдастыру комиссияның шешімімен 7 үздік номинант анықталды.

Сонымен «Мықты ерік-жігері және жеңіске деген ұмтылысы үшін» номинациясы бойынша альпинист, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мария Әуезова марапатталды. Биыл ол Эверест базалық лагерінде 5364 м және Кала Патхар тауында 5640 м биіктікті бағындырды.

«Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгерістеріне қосқан үлесі үшін» сыйлығының иегері қоғам қайраткері Нияз Сүндетәлиев болды.

«Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың проблемалары мен өмірін ақпараттық қамтуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша сыйлықты танымал блогер Алмас Ержан алды. «Еріктілер қозғалысын дамытудағы жетістіктері үшін» мүсіншенің иегері қоғам қайраткері Гүлназ Қосмурзиева болды. Ол пандемия кезінде қаражат жинауды ұйымдастырып, 2 мыңнан астам мұқтаж жанға көмек көрсетті.

«Кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша сыйлықты ерекше қажеттілігі бар баланың анасы Гүлмира Пармышева иеленді. Ол ерекше балаларға арналған дамыту ойыншықтарын шығаратын Кіshkentai жобасын іске қосқан. «Өнер және мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегерлері болып «Біз сіздерді жақсы көреміз!» халықтық клоундар театры танылды. Театр труппасы есту қабілеті бұзылған әртістерден тұрады. «Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» аталымында пауэрлифтинг бойынша спортшы, 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева марапатталды.

Ресми дерек бойынша елімізде мүгедектігі бар 700-ден астам адам өмір сүреді, олардың 25 пайызға жуығы жұмыспен қамтылған. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу жоспарда бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − eight =