Жан дүниесі қаруға емес, қаламға жақын

0 221

Белгілі публицист, деректанушы, ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері Амантай Кәкеннің қалам тартпаған тақырыбы жоқ десе болады. Қаламгер еңбектерін саралай келе, тарих және тұлға атты екі бағытта қарастыра аламыз. Соның бәріне автор ұлттық мүдде тұрғысынан келеді. Яғни басты орынға қазақ тағдырын қояды. Сұрапыл соғыс өрті тұтанған жылы дүние есігін ашқан ол бұл күндері сексеннің сеңгіріне шығып жатыр. Осы жасына дейін жазғаны бірнеше томға жүк бола алады. Әрине, айтары да аз емес. Бірақ өзі туралы айтпай, өзгелер жайлы жазу мен айтуды қалайды. Қаламгермен бір тілдескенімізде соны байқадық. Сондықтан мерейтойы келгенде тәжірибелі журналистің тұлғасы емес, мұрасына көбірек тоқталуды жөн көрдік.ТАРИХ ТАМЫРШЫСЫ

Амантай Кәкен – осы Ақмола өңірінің тумасы. Туған ел мен туған жер тарихын тарқатуға келгенде, бұл кісінің алдына түсетін адам санаулы. Ол журналистикаға қайнаған еңбектің ортасынан келді. «Қазалтын» кәсіпорнындағы қарапайым электрик ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен болуы керек, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып тағайындалды.
Жоғары оқу орнының журналистика факультетін аяқтаған соң, «Арқа ажары» газетіне қызметке келді. Бөлім меңгерушісіне дейін өсті. Міне, осы кезде Целиноград облыстық партия комитеті оны мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлерін даярлайтын Мәскеудегі Ф.Дзержинский атындағы жоғары мектепке арнайы курстарға оқуға жіберді.
Таңдау оған тегін түспеді. Газетте жүргенде өзінің салмақты мінезін, іскерлігін, білім мен білігін көрсетті. Облыс басшылығы соны көре білді. Ел үкіметі де еңбегін еледі. Мәскеудегі оқуын бітіргеннен кейін Жезқазған, Шымкент, Ақмоланың қауіпсіздік органдарында ұзақ жыл еңбек етті.
Алайда жан дүниесі қаруға емес, қаламға жақын. Соны қаламгер елге беймәлім тарих беттерін ашуға, қазақтың қасиет пен қасіретке толы тағдырын көрсетуге, тұғырлы тұлғаларды танытуға жұмсады. Соның бәрін нақты архив құжаттарына сүйеніп жазды. Әрине, бұл тұрғыда құқық қорғау саласындағы қызметі көмекке келді. Яғни архивтерге кіріп, құпия құжаттарды ақтаруда алдынан ешқандай кедергілер тумады.
Амантай Кәкеннің еңбектерін оқып отырып, бей-жай қала алмайсыздар. Себебі автор онда жан түршіктіретін фактілерді келтіреді. Қазақ ерте замандардан кең далада емін-еркін өмір сүрді дейтініміз бар. Сосын Ресей империясы қол астына кірген кезең мен социалистік дәуірді салыстырамыз. Осы екі заманда да өміріміз оңай болмағаны белгілі. Бірақ қазақтың біреуге құл болғанын ешқашан естімедік.
Қаламгер архивті ақтарып, ХVIII ғасырда, дәлірек айтқанда 1737 жылы орыс патшасы Анна Иоановна Қазақстанның солтүстік өңірінде құл саудасын заңдас­тырғаны жайлы деректі алға тартады. Бұл заң бір ғасырға жуық күшінде тұрды. Тек 1822 жылы «Сібір қазақтарын басқару ережесі» шыққан соң ғана жойылды. Бірақ жойылғанға дейін қазақ даласына біраз зардап әкелді. Казак жасақтары мен орыс отрядтары қазақ ауылдарын шауып, адамдарды тұтқынға алып кетіп отырған. Амантай Кәкен «Зұлмат жылдардың запыраны» атты зерттеу еңбегінде қазақтардың қаншаға бағаланғанына дейін келтіреді. «Құл саудасына түскен қазақтардың құны базар нарқына байланысты өзгеріп тұрған. Мәселен, 1737 жылы 40 жастағы әйел 12 сомға, 30 жастағы жігіт (келіншегімен қоса) 1 ат, 1 құлын және 16 сомға бағаланған» деп жазады онда автор…

«ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫНДА» НЕ АЙТЫЛАДЫ?

Публицист тарихтың осындай күңгірт беттерін ғана емес, қазақтың ерлікке толы жолдарын да қаламына арқау еткен. Жақында әлеу­меттік желіде 1812 жылы Наполеон әскерінің алдында шарасыздық танытқан орыс патшасы І Александр қазақтардан көмек сұрағаны жайлы дерек жұрттың қызығушылығын тудырды. Ал Амантай Кәкен бұл туралы осыдан бірнеше жыл бұрын «Астана ақшамы» газетіне «Ата даңқын аспандатқан» атты материал жазды.
Бір айта кетерлігі, қаламгер – газетіміздің тұрақты авторы. Сол мақаласында француздармен шайқаста ерлік көрсеткен Нарынбай Жанжігітұлы, Әмен Байбатыров аталарымыз жайлы жаза келе, Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтардың жауынгерлік рухымен сабақтастырады. Тылдағы еңбекке тоқталады.
Осы сұрапыл соғыс – қаламгердің біраз зерттеген тақырыбы. Осыдан 20 жыл бұрын «Түркістан легионы» атты кітабы жарық көрді. Жұрт арасында фашистер құрамында Кеңес Одағына қарсы соғысқан бұл әскери жасақты Мұстафа Шоқай құрды деген пікір әлі де айтылады. Ал Амантай ­Кәкен олай емес екенін айтып, нақты дәлелдер келтіреді. «Мұстафа Шоқай 1941 жылы желтоқсан айында қайтыс болды. Ал Түркістан ­легионы 1942 жылдың басында құрылды. Ендеше өлген адам қалайша легион құрады?» деген орынды уәж айтады.

ТЫҢ ИГЕРУ НЕМЕСЕ ШАЯХМЕТОВ ШЫНДЫҒЫ

Жалпы ХХ ғасырдың басында қазақ аз қасірет шекпеді. Ашаршылық, қуғын-сүргін, тың игеру… Қазақтың кең байтақ жеріне сұғын қадап, өзге ұлттардың автономия құру талпыныс­тары да болды. Публицист соның бәрін қаламы арқылы әшкереледі. Бұл газетімізде жарық көрген «Қызыл қасап», «Қасіреті көп науқан» атты мақалаларынан көрінеді. Алғашқысында 1937-1938 жылдардағы ұлт қаймақтарын қынадай қырған кезеңді сөз етсе, екіншісінде тың игерудің зардабын жазады.
Қуғын-сүргін туралы біраз жазылды. Сондықтан автордың алғашқы айтылған мақаласына емес, біздіңше, әлі де жете зерттелмеген тың игеруге қатысты материалына аз-кем тоқталайық. Бұл науқанға Қазақстанның сол кездегі басшысы Жұмабай Шаяхметовтің қарсы болғанын біреу білер, біреу білмес. Бұл КСРО Орталық комитетіне жолдаған хатынан анық көрінеді. Онда «Тың және тыңайған жерлерді жырту мал жайылымын жою­ға ұшыратады, жергілікті қазақ халқының мүддесін бұзуға әкеп соқтырады» деп баяндайды. Ал Никита Хрущевпен жеке әңгімеде: – Тыңды игеру – үлкен науқан. Сіздер, қазіргі Қазақстан басшылары осындай үлкен істі басқара аласыздар ма? – деген сауалына Жұмабай Шаяхметов: – Қазақтар онсыз да аз. Енді украин, белорус, орыстармен араластырып, олардың санын одан сайын кемітпексіз бе? – деп қарсы сұрақ қояды. Алайда қарсылығынан түк шықпайтынын біліп, қызметінен босатуды сұрайды. Хрущев бұл өтінішін қанағаттандырып, алдымен Шымкентке жібереді, кейін көпке ұзатпай зейнеткерлікке шығарады.

КРЕМЛЬ НЕНІ КӨЗДЕДІ?

1979 жылы Ақмола өлкесінде неміс автономиясын құру жоспары болғаны тарихтан белгілі. Амантай Кәкен бұл туралы орыс тілінде «Кремль шырғалаңы немесе немістерге автономия қалай берілмек болды?» атты кітап жазды. Соны әріден тартып, 1941 жылы неміс ұлты қазақ жеріне аударылған кезеңнен бастайды.
Бір қызығы, сол жылдары ата-анасы Ғазиз бен Алма қараусыз қалған неміс баласын асырап алып, оған Мұсылман есімін берген. Сол Мұсылманның кейіннен түрі болмаса, басқа жері қазақ баласынан еш айырмашылығы болмады. Амантайға жақсы аға атанды. Соған қарамастан, қаламгер аталмыш кітабында неміс автономиясын құруға қатысты бар шындықты жайып салды.
Амантай Кәкен қаламына арқау еткен тұлғаларға келсек, ең алдымен оны сәкентанушы ретінде танимыз. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлынан тәлім алып, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын, жазушы, драматург Сәкен Сейфуллин туралы монографиялық еңбектерді жазды. Соның ішінде қазақ және орыс тілдерінде ­«Қазақтың Сәкені», «Сәкеннің соңғы күндері», «Даланың қайсар ұлы», «Сәкен тағылымы», «Сәкен Сейфуллин», «Сәкен жолы» атты кітаптары жарық көрді.
«Сәкен жолы» кітабында қайраткер тұлғаға қатысты тарихи шындықтың сан қатпары ашылған… Сәкен жөніндегі әрбір мағлұмат қиғаш кетпей, тұшымды ойларын түйіндей түсіп, оның кесек тұлғасын әр қырынан аша түскен. Тарихта кеткен «ақтаңдақтардың» сұрықсыз сықпытын әшкерелеп, бетпердесін ашып, еш бүкпесіз жайып салған» деп жазады кітаптың алғысөзінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов.

ҮКІЛІ ЫБЫРАЙДЫ ҮКІЛЕГЕН

Осы Ақмола өңірінің тумасы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов тұлғасы тәуелсіздік кезеңінде лайықты бағаланды ма? Амантай Кәкен 2014 жылдың 6 мамырында «Астана ақшамы» газетінде жарық көрген «Батырымызды көзі тірісінде бағалайық» атты мақаласы арқылы соған жауап іздейді. Батырға ­Халық қаһарманы атағын беруді ұсынады. Өкініштісі, бұған құлақ асқан ешкім болған жоқ, арада жарты жылға жуық уақыт өткенде батыр өмірден озып кетті. «Тыңдалмаған сөз жетім» дейді қазақ. Бұл жағдайда тура осылай болды…
Кезінде Арқаның ән алыбы Үкілі Ыбырайдың соңғы күндері туралы мақаланы қызығып оқығанымыз бар. Оның да авторы – Амантай Кәкен. Сонда қаламгердің халық композиторының жан дүниесін қалай тап басқанына таңғалдық. Ал публицистің осындай материалдары аз емес деп шамалаймыз. Өмір жолына үңілгенде «Түркістан» газетіндегі, Ақмола облыстық тілдер басқармасындағы, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығындағы қызметтерін атап өтуге болады.
Біздің қолымызға ­Амантай ағаның бүкіл еңбектері түспеді. Тапқанымызды ғана шолып шықтық. Соның өзі шығармашылығынан біраз хабар береді деп ойлаймыз. Осындай қаламгер мұрасы ғылыми айналымға түсуі керек деп есептейміз. Журналистика, филология факультеттері студенттерінің дипломдық, магистрлік жұмыстарына берілуі қажет. Сол күнге аман жетіңіз, Амантай аға! Бүкіл ұжым болып сексеннің сеңгіріне шығуыңызбен құттық­таймыз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =