«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жамбылдың жүйрігі топ жарды

0 454

Астананың іргесіндегі Қабанбай ауылында төртінші рет қатарынан «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтті.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен аламан жарысқа «Samruk kazyna trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік көрсетсе, «Нұр Отан» партиясы мен Астана қаласының әкімдігі қолдау білдірді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өткізілген биылғы бәйгенің жүлде қоры 23 миллион теңгені құрады.

Ұлы даланы дүбірге бөлеген аламан жарысқа 37 сәйгүлік түсті. Әрине, бұл аламан бәйге үшін көп емес. Бұған дейінгі жарыс­тарға қатысқан аттардың саны 70-тен кем болмап еді.

Биыл бәйге жолы өзгеріпті. Аттар бұрынғыдай бір айналымда 12 шақырымға шаппады. Жарыс шеңбері 7 шақырымға дейін тартылыпты. Яғни, сәйгүліктер айналма жолды жеті рет айналып шапты. Аламанды көруге жиналған жанкүйер үшін бұл өзгеріс өте тиімді болды деуге тұрады. Қалай дегенмен, ауыздығымен алысқан тұлпарларды, үзеңгісімен тебіскен шабандоздарды жақыннан көргеннің жөні бөлек екен.

Сонымен «Алтын тұлпар» жүлдесі үшін бәйге жолының шаңын аспанға көтерген тұлпарлар бірінші айналымнан кейін топ-топ болып сейіліп кетті. Алғашқы айналымнан-ақ алқынып қалған бірнеше ат жарыс жолынан шығып та қалды. Ал бәйгеге арнайы жаратылған сәйгүліктер бірден алға озып, жанкүйер қауымның қызу қолдауымен айналым өткен сайын бауырын жазып, көсіле шапты.

Аламанның бас жүлдесіне үміткерлер қарасы соңғы айналымға келгенде тіптен қысқарып қалды. Көптен суырылған үш-ақ ат көмбе сызығын кесіп өтті. Ең қызығы сол – Жамбыл облысынан қосылған «Самал» атты жирен айғыр екінші мәрте «Алтын тұлпар» бәйгесінің жеңімпазы атанды. Шабандозы да сол ат құлағында ойнайтын Ақжол Жұматай. Жеңімпаздың қанжығасына 10 миллион теңге байланды. Есбол Жаппасовтың бұл жүйрігі 2015 жылы да 98 сәйгүліктің ішінен оза шапқан еді. Мәреге екінші болып «Қоянқасқа» атты тұлпар келді. Үздік үштікті түйіндеген сәйгүлік мәреге әупірімдеп жетті.
Аламанда оза шапқан тұлпарларды баптаған атбегілер мен шабандоз­дарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды