ЖАМБЫЛДЫҢ ЖУАСЫ, КЕРЕКУДIҢ КАРТОБЫ

0 130

ERA_8374

Өткен сенбі, жексенбі күндері қалалық әкімдік алдындағы алаңда дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, онда Жамбыл және Павлодар облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.

Қос облыс фермерлері жәрмең­кеге жалпы көлемі 950 тоннаға жуық өнім әкелді, яғни елордаға солтүстік өңірден 750 тонна, оңтүстік ай­мақтан небары 190 тонна өнім жеткізілген екен.

Екі күн бойы қалалық әкімдіктің алдында сауда шатырлары құры­лып, тауар өндірушілер қала тұр­ғындары мен қонақтарын арзан бағамен сатылған азық-түлікке кенелтті. Сондай-ақ, сол жерде ыстық тамақ әзірленіп, «Қазақ тағамдары» ұлттық асханасының өнімдері сатылды.
Іле-шала өңірлік халық шығарма­шылығы ұжымдары өнер көр­се­тіп, әр түрлі спорттық сайыс­тар өткізілді. Ауа райының күрт суытқанына қара­мастан сапалы азық-түлік іздеп келу­шілер жеміс-жидек пен көкөніс, ет пен сүт, балық және кондитерлік өнім­дерді молынан сатып алып жатты.

Жәрмеңкеге Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те барып, алыстан ат арытып жеткізілген тауарлармен таныс­ты. Ол отандық өнімнің сапасына көңілі толатынын жеткізіп, жәрмеңкенің халық үшін қолайлы мүмкіндік екенін айтты.

«Әр сенбі сайын қалалық алаң шағын базарға емес, ең әуелі белгілі бір облыстардың ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесіне айналады. Бұл – тауарды өткізу мүмкіндігі. Өздеріңіз де аралап көрсеңіздер, мұнда еуропалық сапаға сай өнім­дер шығаратын облыстың ауыл шаруашылық компаниялары мен кәсіпорындары көп екеніне көз жет­кізесіздер» деді қала басшысы.

Жәрмеңкеге Павлодар облы­сының он ауданы, яғни Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс, Қашыр, Лебяжі, Май, Павлодар, Успен, Шарбақты аудандары мен Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының кәсіпкерлері қатысты. Олар Астанаға 52 тонна ет және ет өнімдері, 25 тонна сүт өнімдері, 90 мың дана жұмыртқа, 300 тонна картоп, 190 тонна көкөніс, 20 тонна ұн, 27 тонна сұлы мен макарон өнімдері, 18 тонна өсімдік майы,
3 тонна бал және 103 тонна басқа да азық-түлік жеткізді. Жұртшылық тұтынған тауарлардың дені «Рубиком» ЖШС, «КЭММИ» ЖШС, «Сүт» АҚ, «Ақоба» ЖШС, «Алтай» ШҚ, «Ақжар – Өндіріс» ЖШС, «РЭГТайм» ШҚ, «Крендель» ЖШС сияқты аты мәлім қайта өңдеуші кәсіпорындардан шығарылған.

ERA_8167

Сонымен қатар, Жамбыл облысынан әкелінген 190 тонна өнімнің ішінде 35 тонна ет және ет өнімдері, 12 тонна сүт өнімдері, 6 мың жұ­мыртқа, 31 тонна картоп, 51 тонна бақша өнімдері, 4,5 тонна нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, 2 тонна бал және 55 тонна басқа да азық-түлік түрлері болды.

Барлық тауар Астана қаласының базарларына қарағанда 15-20 пайыз арзан сатылды. Енді алдағы демалыс күндері, 4 және 5 қыркүйекте елордаға Ақтөбе және Қарағанды облыстарының тауар өндірушілері келмекші.

 Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =