ЖАЛҒЫЗЫ ЖАЛҒЫЗСЫРАТТЫ…

0 180

дождь-за-окном

Терезенің ар жағындағы өмірге жаутаңдай қарайды. Әйтеуір, бір күні сол өмірден бергі жақтағы тас қараңғылықты жарық қылатын сәуле түсетін сияқтанады. Жүдегенде жалғызсыратқан жалғыз ұлынан үмітін үзбей келеді қарт ана. Енді қайтсін, өз баласын қай ана жаман ойға қияды?! Бірақ уақытты тоқтатар ешкім жоқ. Күндер сырғып өтуде, ал түн қатып күткені әлі де төбе көрсеткен емес…

– Әкем Ұлы Отан соғысында Сталинград түбіндегі шайқаста қаза болған. Тоғыз жасымда анамнан айрылып, жетімдер үйін паналадым.

«Қатал тағдырдың маңдайға жазғанын қарашы. Егде тартқан шағында да қарттар үйінде жатып, жетімнің күйін кешіп отыр» деп ойладым еріксіз…

– Бір жылдан соң әкемнің туған ағасы соғыстан оралып, мені Алматыға алып кетті. Жақындарымның қолында дәнемеден кемдік көрмей өстім. Техникумға түстім. Өте жақсы оқыдым. Оқуды бітірген соң тұрмысқа шықтым. Ұлымыз дүниеге келді. Он алты жылдан кейін жолдасым қайтыс болып, он бес жастағы ұлым екеуміз жалғыз қалдық.

Мария апа толқып кетті білем, ары қарай «Ұлым қазір 56-да. Шеше болғаннан кейін бар жақсылығымды жасап өсіріп едім. Құлыным ешкімнен кем болмасыншы деп жанымды аямай жұмыс істедім. Өмірімнің мәні – Серік ұлым… Балам, балам…» деп көзінен моншақ-моншақ жас үзіле берді. «Анасын тастауға не итермеледі? Жоқ, бұл сұрақтың өзі орынсыз ғой! Қандай жағдай болмасын, оның бұл озбырлығын түсіне алмаспын, ақтауға келмейді де!» Қас-қағым сәтте санамда сан түрлі ой, сансыз сұрақ кезіп жүрді. Жауабы оларға ғана мәлім.

– Әскерден келісімен ұлым үйленді, – деп әже әңгімесін жалғастырды,  – Келінімді қызымдай көрдім. Екі немерем дүниеге келіп, әже атанғанымда менен бақытты жан болмағандай сезілді. «Көңіл сыйса, бәрі сыяды» дегендей, бір бөлмелі пәтерде тату-тәтті өмір сүрдік. Бесіктегі күнінен бастап өсірдім немерелерімді. Келінімнің сүті болмай, кішкентайларды анда-мында апарып, үйтіп-бүйтіп емізіп жүрдім. Білесің бе, қызым, балам мен келінімнің арасында сәл ғана жанжал шыға қалса, үнемі келініме жақтасатынмын. Сол үшін әлі  күнге дейін өкінемін, –  деп Мария апа ауыр күрсінді.

– Бір күні бейтаныс нөмірден бір келіншек қоңырау шалды да «Келініңіз бізге осыншама ақша қарыз (әжептәуір көп қаражат еді). Анам түрмеде отыр. Егер ақшаны қайтармасаңыздар, келініңіз де темір торға қамалады» деп үрейімді ұшырды. Қорыққанымнан «Қой, құрысын, бәлесінен аулақ! Менің пәтерімді сатып, қарыздарыңнан құтылыңдар» дедім.

Содан немерем Қарағандыдағы полиция қызметін оқытатын институтқа түскенде  бірге еріп бардым да, үш жыл бойы пәтер жалдап тұрдым.  Ол кезде зейнеткермін. Ұлым: «Апа, жағдай тұрақтанғанша, сен Алматыдағы саяжайыңда тұра бер. Өзіміз алып кетеміз» деген соң сұп-суық үйде «буржуйка» темір пешінің қасында бүрісіп күн көрдім ғой. Бірақ, «пенсиям» бар, құдайға шүкір, жоқшылық көрмедім. Ұлымнан еш хабар жоқ. Ешкім жағдайымды сұрап келмеді де. Он жылдан кейін ғана немерем келіп, қалт-құлт етіп отырған мені көріп, Астанаға алып кетті. Барсам, олар кредитке белшесінен батқан екен, үш ай бойы зейнетақымды соларға беріп, тоңазытқышты азық-түлікке толтырып жүрдім. Ұлым жұмысқа тұрғанда өз жиған-тергенімді оңды-солды шашуды қойғаным сол еді, келінім суық қабақ таныта бастады. Таң атпай айқай-ұйқайға салып, менің сол үйде тұрғанымды жақтырмады. Онысын ашық көрсетті. Ұлым әйеліне қарсы жақ ашпады да…

«Оған да шыдадым» дейді әже. Келіні Мария апаны дастарқан басына да шақырмай, тіпті оның ыдыс-аяғын да ас бөлмесінен шығарып тастаған көрінеді.

– Азын-аулақ жейтінімді дүкенге барып алатынмын. Мені танымайтын бөтен қыздардың өзі «әже, ауыр ғой, көтерісіп жіберейік» деп есік алдына дейін шығарып салатын. Жаңа тоңазытқыш алынған соң, тіпті, «Жақындама, шаруаң болмасын» деп жазылған қағазды маңдайшасына іліп қойған. Ас бөлмесіне онсыз да кірмеймін! Кіргім де келмейді! – деп ашулы үнмен қатқылдана сөйлей бастады апамыз.

– Бірақ, бірде ұлым үйге үлкен дорбаны арқалап кіріп келді де, қайта шықты. Ішінде өмірімде көрмеген бірдеңе бар екен.  Жеміс пе, басқа ма, білмеймін. Дәмін көргім келді де, бір үзімін кесіп алып, өз бөлмемдегі үстелге қойып қойдым. Сол қалпы әлгіні жеуді ұмытып кетіппін. Кешке келін айқау-шу көтеріп: «Сенің анаң ұрлықшы, бар да айт!» демесі бар ма балама! Жан-жүрегімді қарс айырғаны, балам сол кезде маған жетіп келіп:

– Сенің біздің тамағымызда нең бар! Ұрлықшы екенсің ғой нағыз! Неге ұрлайсың тамақты! – деп өзіме тап берді. Өз естігеніме сенер-сенбесімді білмедім. Сөздері сүйектен өткені сонша, «Мен сенің анаңмын ғой! Әйеліңнің аузына қақпақ қойып, мені қорғай алмаймысың?! Бар кінәм – сендерді бағып-қаққаным ба? Дәмі қандай екен деп қызығып, кесіп алып ем. Жеп те үлгерген жоқпын. Мә, алыңдар!» деп ағыл-тегіл жылап, әлгіні бетіне лақтырып жібердім.

Бұдан кейін де Мария әже келініне «Ұлымның үйінен ешқайда кетпеймін! Өлсем, өлігім осы үйден шықсын» деп айтатын. Алайда, мына бір жағдайдан кейін бар амалы таусылған көрінеді…

Шай ішемін деп, қайнаған суды шыны ыдысқа құйып, көтеріп бара жатқанында келіні қолынан қағып жібереді. Ып-ыстық су быж етіп, әженің беті-аузы күйіп қалады. Телефонмен ешкімге хабарласпасын деген оймен келіні оның көзінше ұялы телефонын аяғымен тепкілеп, быт-шытын шығарады. Сол телефонды шүберекке түйіп алып сақтап қойған екен. Маған көрсетті. Өне бойым түршігіп кетті…

Мария әженің құрбылары қарттар үйіне кетуге кеңес беріпті. Бір шаңырақ астында күн көру мүмкін болмаған соң, киім-кешегін жинап, Астанадағы Қарттар үйіне өз еркімен барады. Құлағы тыныш болса да, көңілі мазасыз. «Мен шөбере сүйгім келеді. Ел қатарлы әже болғым келеді» дейді Мария апа. Төсегінің бас жағында жас күнінде баласымен құшақтасып түскен суреттері ілулі тұр.

Ең өкініштісі, әжеміздің баласы бар болғандықтан, Қарттар үйінде тегін жатуға мүмкіндігі жоқ. Өз қалтасынан төлейді, бірақ зейнетақысы да жетпейді, қалған 3-4 мыңды достары жіберіп тұрады екен. Ал, баласынан әлі күнге дейін еш қайыр жоқ…

  Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 12 =