ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР «НҰРАДА» ДЕМАЛАДЫ

0 136

a494112e720045b1b83aee6ced50c27c

Қамқорлыққа зәру зейнеткерлердің жазғы демалысын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған қалалық ардагерлер кеңесі биыл тағы 150 қарияны қамқорлыққа алды. Енді олар елорда маңындағы «Нұра» демалыс орнында демалады.

Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Сыздықовтың айтуынша, қарттар бұл жерге таңертең ертемен арнайы көлікпен келеді екен. Таңғы астарын ішкеннен кейін олар бір-бірімен әңгімелесіп, сол жерде газет-журнал оқып, шахмат немесе дойбы ойнап, теледидар көреді. Мұнда біреулер іс тіксе, екіншілері өлең айтып, гармон тартып, қысқасы, бос уақыттарында әркім өзіне ұнайтын іспен айналысады. Сондай-ақ, түскі астарын ішіп, шаштаразға баруларына, тіпті, қариялардың қан қысымын тексертіп, қажетті дәрілерін де ішулеріне жағдай жасалған. Кешкі астан кейін арнайы бөлінген көлік оларды үйлеріне жеткізіп салады да, ертеңгісін таңертең осында тағы алып келеді. Осылайша, олар мұнда он күн демалады.

«Бала-шағалары жоқ, жалғызілікті қарттардың көбіне өз беттерімен ешқайда бара алмайтыны белгілі. Ұзақты күн үйлерінде отыратын 150 адамды былтыр бірінші рет қала ішіндегі демалыс орнына апарып, сауықтыруға септігімізді тигізген едік. Сол дәстүрді жалғастырған қалалық ардагерлер кеңесі демеушілердің көмегімен биыл тағы осынша адамның демалуына жағдай жасап отыр. Бір айта кетерлігі, мұнда кез келген қарт адам демала алмайды. Бұл ретте біздің басты мақсатымыз – кезінде елдің дамуына еңбек еткен жандардың, бүгінде бөгде біреулердің көмегінсіз, өз бетімен жүре алатын тыл ардагерлері мен жасына байланысты зейнетке шыққан жалғызілікті қариялардың демалысын ұйымдастыру» дейді Аманкелді Хамзеұлы.

Қариялар мұнда маусым айының 10-ынан 1қазанға дейін демалады. Осыған орай, ізгілікті шарада Астанадағы үш ауданның да қарттары қамтылмақшы. Дегенмен, демалыс орнына алдымен Сарыарқа ауданының жалғызілікті зейнеткерлері барады. Алдын ала берілетін тізім бойынша олардың 15-і қазірдің өзінде дайын отыр.

Жалпы, Астанада қазіргі таңда Жұмыспен қаму және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жалғызілікті, қамқорлыққа зәру зейнеткер ретінде 361 адам тіркелген. Оларға қалалық әкімдік тарапынан түрлі қамқорлықтар жасалуда.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − seven =