Жалғыздық та сұлу болады екен-ау!..

0 947

Қалқаман САРИН,
ақын, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

– Сенің маған өкпелеген сәтің көп,
– Ашу қысқан жанда сабыр, ақыл жоқ.

– Сен сонда да мені бір сәт ойыңнан
шығармадың.
Мін көрсетпей бойыңнан.

– Менің саған өкпелеген кезім көп,
– Ашу қысқан жанда тағат,
төзім жоқ.

– Мен сонда да сені бір сәт есімнен
шығармастан…
Сүйгем. Күткем. Кешіргем!

* * *
Күндей нұрлы,
Гүлдей нәзік,
Көрікті,
Ен даланың елігіндей ерікті,
Еркін өскен ерке қыздың тағдыры –
Ер жігіттің
Ереніне жолықты.

Жолықты да,
Сезім гүлдеп жұпарлы,
Махаббаттың маздақ оты тұтанды.
Өрттей жанып
Өзгеше бір күй кешті,
Өмірі де,
Көңілі де жұтаң-ды.

Жұтаң еді жас көңілі мұң-шықсыз,
Іздегені – сезім еді кіршіксіз.
Жолықтырып көп аңсаған Көктемін,
Жанарынан тамып түсті ыршып Күз.

Күндер өтті…
Тоқтамады тұлпар-жыл,
Ғашық жігіт болмаса да сұлтан-дүр,
Жан сарайын
Жайып салып бір күні,
Ару қызға сыйға тартты бір тал гүл.
…Дегендейін, екеумізде бір тағдыр!

Гүл болса да көрінбеді кем көзге,
Сүйген жүрек сый күтпейді енді өзге…
Ізгілікпен,
Іңкәр сұлу сезіммен
Қыз жігітке әзілдеді сол кезде:

– Қаншалықты ұзақ тұрса гүл солмай,
Маған деген махаббатың шын сондай
Болады! – деп наздана бір тіл қатты,
Ақ көңілін ару қыздың кір шалмай.

Қыз қолында – гүл. Күлтесі қан қызыл,
Содан кейін теңіз кешіп жарты жыл,
Жігіт кетті,
Көрмеді олар бір-бірін,
әзіл сөздің болмаса етті арты зіл.

Жан қалауын,
Жүрек жұбын сағынып,
Қайта оралды жігіт мұңнан арылып.
…О, Құдірет!
Терезенің алдында
Солмаған гүл сауытқа тұр салынып.

Иә, сол гүл!
Солмаған ғой, солмаған,
Бұндай ғажап бұрын-соңды болмаған.
Тек, үмітін үзбеген қыз өзінің
Қалай,
Қайтіп,
Махаббатын қорғаған?

Бір тал гүл тұр жұпар иісі әлі аңқып,
– Сенен өзге таппаспын, деп, – жан артық!
әр күн сайын гүл сатып ап жас ару,
Ескі гүлді жүрген екен жаңартып.

…Содан бері санамдағы бар күмән
Сейілгендей,
Жаңарамын,
Жаңғырам.
Сезімге адал қыз түседі есіме,
Гүлді көрсем терезенің алдынан.

Бұл – жәй ғана аңыз емес,
Бұл – тағдыр!
Іңкәр қылсаң, міне, осылай іңкәр қыл.
Тау сезімді қауызына сидырған
Құдіретіңнен айналайын,
БІР ТАЛ гүл!
* * *
Жүрекке тән ізгілікке ұмсыну,
Жалындаған аңсар сезім – от-алау.
«Жалғызбын…» деп жабығады
бір сұлу,
Жалғыздық та сұлу болады екен-ау!

Жамалы бар,
Таң секілді жаңа атқан
Жанарында жалт-жұлт
етіп таза бақ.
Сұлулықпен сүйіншілеп,
Жаратқан
Жалғыздықпен кетіпті оны жазалап.

Білем,
Сезем,
Қылық емес еш құптар,
Жазықсыз жан
Жазмышқа кіріптар.
Сұлулықта өкініш бар, өксік бар,
Жалғыздықта қорқыныш бар, күдік бар.

Тағдыр бөлек,
Жан, мұң бөлек біздегі,
Ғұмыр біреу.
Оның өзі шектеулі.
Сұлулықта салқындық бар күздегі,
Жалғыздықта жылылық бар көктемгі.

Дегбір қашып,
Демде шөгіп көңіл – нар,
Жанға батар орман ойдың зіл жүгі.
Сұлулықта жаңылысқан өмір бар,
Жалғыздықта сағыныш бар жып-жылы.

Арманыма болмай ынтық, ынтызар,
Бәлкім, мен де білмес едім бақ құнын.
Сұлулықта шаттық үн бар, күлкі бар,
Жалғыздықта тәтті мұң бар,
Тәтті мұң!..

Қаншама рет,
Бұл өмірде өлшеулі,
Бақ пен нала,
Ақ пен қара арбасты.
Сұлулықта қоштасу бар ең соңғы,
Жалғыздықта махаббат бар алғашқы.

Бәрі өткінші,
Сезінгенің,
Сезгенің,
Тыңдау керек жүрек үнін, әуезін.
Сұлулықта өмірі бар өзгенің,
Жалғыздықта жалғыз жұп бар.
Ол – өзің!
* * *
(Константин Бальмонттан)

Жоқ.
Тезірек кет.
Жоқ енді ғұмыр құны.
Шаттыққа да шақырма. Ұғын мұны:
Жақсы көру?
Жақсы көріп, өксіп өлу –
Міне, бұл – махаббаттың сұлулығы.

Мен сені сүйсем, сүйем бір-ақ сәтке,
Сосын кетем алыстап. Жылап, сөкпе.
Күнің сөніп…
Қайтпексің мен кеткен соң,
Тас төбеңнен түнек-түн құлап кетсе!..

Сүймеймін.
Аяймын.
Көңілде алаң да көп,
Сезіміңді күйретіп алам ба деп…
Қаш тезірек ғашық боп қалмау үшін,
Саған сені сүйетін адам керек.

Қауіптімін.
Мезгілмін көктемі жоқ.
Балауса арман қалмасын текке жүдеп.
Жылынамын деп кіріп құшағыма,
Жанып кетіп жүрерсің…
Кет, тезірек!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − eight =