Жалғыздық құдайға ғана жарасқан

0 511

Гауһар ӘЛІМБЕКОВА, әнші, сазгер:

– 8 Наурыз мерекесі жақындап қалды. Қандай сыйлықты жақсы көресіз және осы мерекеде ондай олжаны кімнен күтесіз?
Толғанай, оқырман
– Ең бастысы, көңiл ғой. Ілтипат білдіріп, iзгi ниетпен құттықтаса да жақсы. Жалпы, сыйлық алуға келгенде кесiрленiп қалатын әдетiм жоқ. Негізі гүл сыйлағанды жөн көрем. Анам үйдің ауласына әр жыл сайын неше түрлі гүлдер егіп қоятын. Соларды көрсетіп, мақтанатын. Сол кезде анама мен дайын гүлді алып үйренгенмін дейтінмін. Келе жатқан мерекеде ешкімнен де сыйлық күтпеймін. Не сыйласа да, риза боламын. Қандай сыйлық болсын, қанағат етемiн.

– «Ақ келін» деген әніңіз қыз ұзату тойының бойтұмарына айналды. Өзіңіз қашан тұрмыс құрмақсыз? Тұрмыс құрмай жүргеніңізге қарағанда, жігіттерге деген талғамыңыз бен талабыңыз жоғары сияқты…
Рахат, оқырман
– Отбасын құру, ұрпақ жалғастыру — әр адамның міндеті. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан». Ерте ме, кеш пе, әр адам бұл өмірден өзінің екінші жартысын табады. Біреу ерте, біреу кеш отау құрып жатады. «Сабақты ине сәтімен» демекші, алдағы уақытта бола жатар. Жігіттерге келетін болсақ, сараң, тиын санап қалғандарды жек көрем. Артық тиыны өтіп кетсе, қайтарымын тілеп тұратындарды ұнатпаймын. Сатқындыққа жаным қас.

– Ең алғашқы алған сый­лы­ғыңыз есіңізде ме?
Нұрберген, қасапшы
– Ең алғаш алған сыйлы­ғым есімде жоқ. Бірақ өне­рімді бағалайтын үлкен бір азаматтың майлы бояумен менің суретімді салдырғаны бар. Қазір үйде ілініп тұр.

– Сымбаттылығыңыздың сыры неде? Арнайы диета ұстайсыз ба? Жасырмай айта салыңызшы…
Айдана, шаштараз
– Қиылып сұраған екенсің айтайын. Мен негізі арық қыздардың қатарына жатпаймын. Қатты толып бара жатсам, аз тамақ жеуге тырысамын. Бірақ, етсіз тағам жей алмаймын. Негізінен адамның ішкі дүниесі қаншалықты таза болса, сырты соншалықты сұлу болады дейді ғой. Мен ешкімге жамандық ойламаймын. Қолымнан келсе жақсылық жасаймын. Тым құрыса жақсы тілеу тілеп отырамын. Юморға жақынмын. Үнемі қалжыңдасып, күліп жүрем. Ішкі дүниең жақсы болса, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Мен неге сүйсінем, неге күйінем, неге жүрегім ауырады, соның бәрін ән етіп шығарамын. Сондай кездерде ән туады.

– Қазіргі таңда көптеген әншілер тележүргізу­ші­лікпен халыққа танылып жүр. Сіз бұған қалай қарайсыз? Әлде әркімнің өз кәсібімен айналысқаны дұрыс па?
Көркем, бухгалтер
– Иә, шынымен де соңғы уақытта отандық телеарналар­дағы көптеген хабарларды өнер адамдары, яғни, әншілер мен ак­терлер жүргізеді. Мен әншілердің немесе актер­лердің теле­бағдарламаларды жүргізуіне 100 пайыз қарсы­мын немесе оны 100 пайыз қолдаймын деп айта алмаймын. Егер ол кісінің қолынан келетін болса, ой-өрісі, талғамы же­тіп жатса, мен қарсы болмаймын. Бірақ, әншілер әдетте эфир­ге, елдің алдына көп шығады ғой. Танымал адам деп олар­ды жай ғана шығара салғанды дұрыс көрмеймін. Егер де елге танымал әншінің өзіндік ойы, белгілі бір мәселеге қатысты айта алатын пікірі, азаматтық ұстанымы болатын болса, оны неге шақырмасқа? Тіл байлықтарының аздығына байланысты, жаттанды мәтін таусылғанда қиын­нан қиыстырып сөз тауып кете алатындай болу керек.

– Үйде күтуші ұстай­сыз ба?
Сәлеммен Жансая, оқырман
– Жоо-оға, ондай жағда­йым жоқ. 3 бөлмелі үй­дің қай жерінде ұстаймын. Үй­дің ша­руа­ларын бәрін өзім жасаймын.

– Ас үйге қалайсыз?
Гүлнұр, қала тұрғыны
– Әрине, әрбір қазақтың қызы сияқты мен де тағам әзірлей аламын. Бала күні­мізде анам «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» дейтін. Үйде анам жоқта келген қонақтарды өзім күте беретінмін. Үй шаруасына ептімін. Барлық әйел заты секілді ас әзірлеп, үй жинау ме­нің де қо­лымнан келеді. Күйеуімнің аш қал­май­тынына сенімдімін (күлді). Қолым қалт еткенде дүкен аралап, үйге азық-түлік алуды ұмытпаймын.

– Гауһар, сізді соңғы кезде сахнадан жоғалтып алғандаймыз. Көкжәшіктен де көре алмай жүрміз. Мұның өзіндік себебі бар шығар?! Қайда жүрсіз?
Аяулым, студент
– Теледидардан жылтыңдап көріне бергенді ұнатпаймын. Кейде тәуліктің қай мезгілінде ашып қалсаң да, мейлі екі аптадан соң, тіпті екі айдан кейін қарасаң да, теледидардан тек 3-4 әншінің ғана сөйлеп жатқанын көресің. Мен де ел ішін көп аралайтын әншілердің бірімін. Ауыз толтырып айтатын жаңалығым болса ғана шығайын деген ойдамын. Шақырса болды, жүгіріп баратын немесе: «көптен бері шақырмай кеттіңдер ғой», – деп өзі хабарласып, сұранып эфирге шығатын әншілерді де білемін. Бұл дұрыс емес. Ел бізді қалай құрметтесе, олардың патша көңіліне біз де сондай құрметпен қарауымыз керек.

– Ән жазатыныңызды білеміз, ақынды қалай таңдайсыз? Таныс ақынға қолқа саласыз ба, әлде таланттыларға басым­дық бересіз бе?
Жадыра, Семейден
– Әрине, талантына қараймын. Кейінгі кезде әннің сөздерін журналист Сәкен Сыбанбайға жаздырып жүрмін. «Махаббат ордасы», «Махаббат құдіреті», «Қош деме ешқашанда» деген әндерді жаздырдым. Алдағы уақытта «Махаббат ордасы» деген атаумен дискім шығады. Ішінде 40 ән жинақталған. Сондай-ақ, тәжікше, түрікше әндер бар.

– Жеке стилисіңіз бар ма? Сахналық киіміңіз өзіңізге қан­ша­лықты ұнайды?
Айбота
– Киімдерімді Меруерт деген қызға тіктірем. Екеуміздің ойымыз бір жерден шығады. Анамның көзі тірісінде ашық-шашық бірдеңе киіп қалсам, өкпелеп қалатын. Қазақтың қызы екенімді есте ұстап, жабық киінуге тырысамын.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 13 =