«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жалғыздық адамға жараспайды

0 18

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры АҚШ драматургі Эдуард Олбидің «Зоопарк» атты психологиялық абсурд жанрындағы кезекті жаңа қойылымның премьерасын көрермен назарына ұсынды. Шығарманы қазақ тіліне аударған – Құжырғали Төлеуішов, қоюшы режиссері және сценограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

1149c731-cf41-4004-8dfe-176d2998521b

 

Асхат Маемиров бұл спектакльді осының алдында Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында сахналап, қойылым автордың өз елінде, яғни АҚШ-тың Риджфилд қаласында өткен М.Чехов атындағы халықаралық теа­тр фестивалінде «Ең үздік қойылым» аталымында фес­тиваль лауреаты атанғанын айта кету керек. Ал Джерри есімді спектакльдегі бас кейіпкердің бірін сомдаған Данияр Базарқұл Алматы қаласында өткен Орталық Азия елдерінің ІІІ халықаралық театрлар фес­тивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесін жеңіп алды.

Осы жолы Асхат Маемиров  қойылымды өзі жетекшілік ететін астаналық театр­да жаңғыртып, басты рөлді сомдау­ға Данияр Базарқұлды шақырды. Психологиялық абсурд жанрындағы шығармада жеке адамның тағдыры арқылы қоғам мәселесі көтеріледі. Спектакльдегі оқиға Джерри мен Питердің диалогы барысында өрбіп отырады.

Джерри – тастанды жігіт, ата-ананың аялы алақанын, жылуын сезініп көрмеген көшенің жалаңаяғы. Ал Питер – жұмысы, үйі, әйелі, екі баласы бар бақытты отағасы. Салыстырып қарасақ, екеуі – екі әлемнің адамы. Бірақ екеуін ортақтастырып тұрған бір кесел бар, бұл – жалғыздық. Бірінде бақытты болу үшін бәрі болса, екіншісінде осы өмірде тірі пендені бақытты етер дүниелердің бірі де жоқ.

Қойылым қоғамдағы адамның өмірі зообақтағы аңның өміріндей шектеулі деген ойға жетелейді. Шешімі жоқ өмірмен одан әрмен күресер шамасы болмаған Джерри өзін ажалға қиса, Питер темір тордағы өміріне еш қарсылықсыз көндіккенін, тіпті сол өміріне риза екенін айтады.

Қойылым режиссері «Зоо­парк» психологиялық абсурд арқылы үлкен қаладағы жалғыз­дықты, адам жанының жалғыздығын суреттейді.

Спектакльде бірнеше актерлік құрам ойнайды. Джерриді – Данияр Базарқұлмен қатар Оразалы Игілік, Әлішер Ысмайылов, ал Питерді – Алмас Шоман, Қазыбек Есқара және Дінислам Нұрмағанбетов сомдайды.

 

Гүлім КӨПБАЕВА,

Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды