Жалған ақпарат кедергі келтіреді

Немесе пандемияның жауы – фейк

0 758

Бүгінде денсаулық сақтау саласына артылған жауапкершілік те, жүктеме де екі емес, мың еселеніп, індет өршіген тұста жұртшылыққа шынайы ақпарат таратудың маңызы артты. Осындай сындарлы сәтте денсаулық сақтау саласының «жауынгері» ретінде халықты сәт сайын дұрыс ақпараттармен хабардар етіп, тілшілер қауымымен күндіз-түні байланыста болу міндеті ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан БАЙТАНАЕВҚА жүктелді.– Қазақстан – қайтадан «қызыл аймақта». Жалпы қауіпті аймаққа түсуге қандай факторлар әсер етеді?
– ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулылары арқылы коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу және елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар шектеу шаралары енгізілді. Өкінішке қарай, бүгінде бұл талаптар тұрғындар тарапынан бірдей орындалып жатқан жоқ. Бұған мониторинг топтары анықтаған деректер дәлел бола алады. Биыл жыл басынан бері арнайы жұмысшы топ 85118 рейд жүргізіп, 530887 нысанды тексерді. Нәтижесінде 15170 нысанда карантин талаптары бұзылғандығы анықталды. Бір емес, бірнеше рет талаптарды бұзған 73 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды. Жеке тұлғалар көбіне қоғамдық орындарда бетперде кимегені үшін жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан науқастар және олармен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар үй жағдайында оқшаулануы тиіс болса да, қоғамдық орындарға барып, карантин талаптарын орындамаған. Мұндай фактілер Ashyq жүйесі арқылы тіркеліп отыр. «Қызыл» статустағы 2286 адам, «сары» статустағы 1686 адам кафелерге, кинотеатр­лар мен өзге де қоғамдық орындарға кіруге тырысқан. Осылай сақтық шараларына салғырт, ережелерге енжар қараудың соңы коронавирус инфекция­сы бойынша аурушаңдық көрсеткішінің жоғарылауына әкеп соқтырды.
– Елімізде вакцинация бойынша таңдауға үш түрлі екпе бар. Болашақта оның қатары тағы қандай екпелермен толығады?
– Қазір ел тұрғындары үшін ресейлік «Спутник V», отандық QazVac және SINOPHARM (Қытай) компаниясының технологиясы бойынша БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax вакцинасы қолжетімді. Министрлік тарапынан халықты КВИ-ге қарсы вакцинамен барынша қамту мақсатында әлемдегі басқа да вакцина өндірушілермен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз.
– Қазір әлемдегі жағдайға қалай баға бересіздер? Сол баға беру арқылы қандай сабақ аласыздар?
– Әлемдегі COVID-19 жұқпасы бойынша эпидемиологиялық ахуал әр елде әртүрлі. Кей елдерде жағдай күннен-күнге күрделене түссе, басқа мемлекеттер шектеу талаптарын алып тастауды талқылап жатыр. Мәселен, Бразилия билігі карантин талаптарын жеңілдете бастады. Бүгінгі таңда бұл елдің 27 аймағының 18-інде жаңадан вирус жұқтырғандардың айтарлықтай төмендегені байқалады, ал өлім-жітім көрсеткіші 20 пайызға азайған. АҚШ халқының 47,5 пайызы SARS-CoV-2 вакцинасының кем дегенде бір дозасын алды. АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының мәліметтері бойынша өткен аптада елде 12-15 жас аралығындағы 600 мыңға жуық жасөспірім КВИ-ге қарсы екпе салдырды. Осы жастағы адамдар тобына Pfizer/BioNTech вакцинасын қолдану реттеуші органдардың рұқсатынан кейін жүзеге асырылып отыр. Жалпы алғанда, 17 жасқа дейінгі 4 миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы егілді. Вакцинация аурудың, ауруханаға жатқызудың және өлімнің күрт төмендеуіне әкелді. Пандемия басталғаннан бері алғаш рет барлық 50 штатта коронавирус инфекциясының жаңа жағдайларының саны азайды. Үндістан ауруханаларында төсек-орын, оттегі қоры және қарапайым дәрі-дәрмектер жетіспеуде. Дүйсенбіден бастап Дели қаласында алты күнге локдаун жарияланды. Өйткені қалада өткен 24 сағат ішінде 273,8 мың адам індетті жұқтырып, тәуліктік сырқаттанушылықтың жаңа рекордтық көрсеткішін көрсетті. Автотұрақтар крематорийлер ретінде пайдалануға беріліп жатыр. Сонымен қатар турис­тік автобустар науқастарды тасымалдайтын жедел жәрдем көліктері ретінде қолданылуда. Әрине, әлемдегі жағдайды біз жіті бақылап отырамыз және сараптай отыра өзімізге сабақ аламыз.
– Пандемия еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне көп өзгерістер әкелді. Соның ішінде ең басты деген қандай жаңалықтарды атар едіңіз?
– Өздеріңіз білетіндей, 2020 жыл коронавирус инфекциясы пандемиясына қарсы іс-қимыл аясында өтті. Денсаулық сақтау саласында бірқатар шаралар атқарылды: біріншіден, инфекциялық аурулармен күрес жүргізудегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің маңыздылығы айқындалып, бұл сала күшейтілді, өз алдына дербес комитет ретінде қайта құрылды. Екіншіден, еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында санитарлық-гигиена­лық бейіндегі факультеттер қалпына келтірілді. Үшіншіден, коронавирус инфекциясына қарсы отандық ғалымдар вакцина әзірлеп шығарды. Төртіншіден, медицина қыз­меткерлерінің жалақысы көтерілді және қалаларда уақытылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік аурухана салынып, 3 жұқпалы аурулар ауруханасы қайта жаңартылды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Сонымен қатар 64 оттегі стансасы пайдалануға берілді, медициналық ұйымдардың ӨЖЖ аппараттарына деген қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. 185 аудандық аурухана толық рентгендік диагностикалық құрылғылармен жабдықталды. 2021 жылы «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң қабылданды. Халықтың денсаулық жағдайын бағалау, талдау және болжау жүйесін дамыту, қатерлер мен тәуекелдерге ден қою бөлігінде 38 НҚА-ға түзетулер енгізілді.
– Екпе туралы қауесет өте көп. Фейк ақпараттармен қалай күресесіздер?
– Халық арасында вакцинацияның маңыздылығы және жалған ақпараттарды терістеу туралы ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу жолға қойылды. Ол үшін ақпараттық ресурстардың, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің бүкіл әлеуеті жұмылдырылып отыр. Вакцинацияның маңыз­дылығына басымдық беруге барлық телеарналар мен баспа басылымдар атсалысып, оң нәтижелерді көрсетуге ой-пікір көшбасшылары, сарапшылар және медиа тұлғалар тартылып отыр, фейктерді жоққа шығару және олармен күресу үшін сенімді ақпараттар уақытылы жарияланып жатыр.
– Өзіңіз қай екпені таңдар едіңіз? Неге?
– Өзім Қарағанды фармацевтикалық кешенінде шығарылған «Спутник V» екпесін салдырдым. Ол уақытта ел халқы үшін тек осы вакцина қолжетімді болды. Бүгінде бұл вакцинаны әлемнің 70-ке жуық елінде пайдалануға рұқсат етілген. Екпе алғаннан кейінгі жағдайым өте жақсы. Антиденелердің түзілгенін білу үшін қайта тексерістен өттім, нәтижесі жаман емес, коронавирус инфекциясына қарсы антиденелер жеткілікті мөлшерде қалыптасқандығын көрсетті.
– Отандық екпенің артықшылықтары туралы не айтасыз?
– Қазақстандық вакцинаның үш артықшылығы бар. Біріншіден, ғалымдар екпе жасау үшін соңғы 60 жыл ішінде зерттелген әрі қауіпсіз компоненттерді қолданды. Жалғыз жаңалығы – өлі вирус, яғни инактивацияланып, кейін зертханада өсірілген вирус қосылды. Екінші ерекшелігі – екпе адъювантқа салынған. Бұл дегеніміз – сырты алюминий тұзбен қапталған деген сөз. Ол ешқандай аллергиялық реакция бермейді. Сондай-ақ тасымалдауда да қиындық жоқ. Мысалы, ресейлік вакцинаны сақтау және жеткізу үшін температура -30 градустан кем болмауы тиіс. Ал біздің вакцина қарапайым тоңазытқышта 2-8 градуста сақтала береді. Екпені жеткізу үшін күрделі қондырғылар қолданылмайды. Клиникалық зерттеулердің нәтижесінде QazVac вакцинасының бірінші компонентін алғандарда вирусты бейтараптандыратын антиденелердің пайда болатыны анықталды. Екінші рет екпе салынған соң оның деңгейі тұрақты түрде өсетіні дәлелденді. Алдын ала мәліметтер бойынша оның тиімділігі 90 пайыздан жоғары.

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + seven =