ЖАЛДАМАЛЫ ЖҰМЫС ЖАРЫЛҚАЙ МА?

0 113

Бүгінде Астанаға  жан-жақтан жұмыс іздеп ағылған жастар көп.  Әрине, олардың қатарында жасы егде тартып қалған кісілер де кездеседі. Барлығы да  күн көрістің қамымен бас қалаға атбасын тірейді. 

991-1

Таяуда ауылдан сыныптас досым келді. Жыл сайын жаз басталысымен қара күзге дейін елордаға келіп жұмыс істейді. Сөйтіп, жаз бойы тапқан нәпақасын жинап ауылға апарады. Оған шөп шабады, отын алады. Қалғанын қыс бойы азық қылады. Жылда осы әдет қайталанады. Әйтеуір, досым қатардан қалмай күн көріп келе жатқанына шүкіршілік етеді. Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады.

Әрине, елордаға жұмыс іздеп келген­дердің барлығына ешкім бірден сыйлы табақ ұсынбайды. Қалаға тіркелген құжаты бол­мағандықтан, дұрыс жұмыс табыла берілмейді. Табылғанның өзінде еңбекақылары уақытылы берілмейді. Сосын шақшадай басы шарадай болып, амалсыздан дымы құриды. Күнделікті жұмысқа жалдануға мәжбүр болады. Күнделікті жұмыс демекші, біз астаналық базар маңайынан жұмыс істеуге жалданып тұрған соқталдай азаматтарды жиі көреміз. Олар біреу емес, екеу емес, топ-тобымен тұрады. Және азын-аулақ ақша үшін таңертеңнен кешке дейін тұруға бар.

Ертеректе студент кезімізде сенбі-жексенбі күндері осылай жалданып жұмыс істеп, ауылдағы ата-анамызға салмақ сал­мауға тырысатынбыз. Ол кезде жұмыс іздегендер қаладағы Фурманов көшесі бо­йында тұратын. Қазір ол әйгілі биші апамыз Шара Жиенқұлова көшесі деп аталады. Қызық, өткен жолы осы көшенің бойымен өтіп бара жатып, сол орында бір топ адамның тұрғанын көріп, әлі де оның бар екеніне көзім жетті. Әдейі тоқтап, шеттеу тұрған бір-екі адамды сөзге тарттым. Есімдерін айтуды қаламағандықтан, біз де тақақтап сұрамадық.

–Иә, ауылдан келдім. Қалаға тіркелмегендіктен орнықты жұмыстың реті келмеді. Амалсыздан осы жерге келіп жұмыс істеп жүрмін. Елде отбасым қалды. Ауылда жұмыс болмағандықтан, жаз бойы елордаға келіп еңбек етемін. Әр күн сайын түрлі жұмыс істейміз. Жер қазамыз, вагондағы жүкті түсіреміз. Құрылыс жұмыстарын атқарамыз. Бізді жұмыс берушілер осы жерден алып кетеді. Күнделікті тапқан ақшамыз күнкөрісімізге жетеді. Жалдаған пәтерге береміз. Тамағымызға төлейміз. Қалғанын жинап, отбасыма жіберемін, – деді жасы егде тартып қалған кісі.

Осы жерде бір жас жігіт те қосыла кетті:

– Әрине, біз бұл жерге еріккеннен келмейміз. Ауылда жұмыс жоқ. Сосын, қалаға келіп еңбек еткіміз келеді. Бұл жерде күнделікті жұмыс болады. Қалай еңбек етесің, солай ақшаңызды аласың, – деп өз пікірін жасырмады.

Бүгінгі таңда Астана қалалық Жұмыспен қамту орталығы қызметкер­лерінен жасақталған мобильді топ мүшелері елорданың адамдар көп шоғырланған орындарында болып, ақпараттық шаралар жүргізуде.

– Біздің мобильді топ мүшелері елордадағы «Хан шатыр» сауда орталығы, Орталық базар, Теміржол вокзалы және Сапаржай автовокзалы секілді адамдар көп жүретін орындарда болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға жолдамалар ұсынды. Әрине, Орталық базар аумағында болғанда заңсыз жұмыс істеп жүрген азаматтарға да бардық. Мақсатымызды жеткіздік. Жұмысқа орналасу үшін жолдама бердік. Көбіне онда тұратындардың қалалық тіркеуі жоқ. Қалалық тіркеусіз біз оларды мекемелерге жолдай алмаймыз. Алайда, тұрақты тіркеуі бар жандарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік мол, – дейді Жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметінің жетекшісі Дидар Садықов.

Жалпы, мемлекет жұмыссыздық мәселесін шешуге әрдайым қолдау көрсетіп келеді. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы да – соның жақсы жемісі. Бағдарлама аясында басқа мамандық алуға талпынған азаматтар дайындық курсынан өтеді. Арнайы куәлік алады. Соның арқасында қаншама адам жұмысқа орналасып, өз отбасына береке кіргізіп отыр.

Әрине, еліміз нарықтық экономикада болғандықтан, әркім өз күнін өзі көруге құқы бар. Сондықтан қазақ жастары бір мамандықты жетік меңгерген маман болу қажет. Кәсіби маманға сұраныс қашан да жоғары. «Етікші болсаң да, өз кәсібіңнің шебері бол» деген екен Джон Кеннеди. Мүмкін, сондай кезде жалдамалы жұмысшылардың саны азайып, жұмыссыздық мәселесі де оң шешілер.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =