ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕУДІҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

0 166

Тамара

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ҚР заңнамалары» туралы брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық тәжірибелер негізінде азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа моделі жасалып жатқандығын мәлімдеді.

Бұл жоба қызметкерлер лауазымын білім мен біліктілікке, атқарылатын жұмыстың күрделілігі мен жауапкершілік деңгейіне байланысты төрт санатқа жіктейді: басқарушы, негізгі, әкімшілік-шаруашылық және техникалық қызметкерлер. Олардың жалақысы коэффициенттердің арнайы кестесі арқылы есептелмек. Бұл кесте барлық саладағы лауазымдарға ортақ болуы көзделуде. «Еңбекақы төлеудің жаңа моделі үш кезең бойынша жүзеге асады. Бірінші кезеңде еңбекақы білім және білік деңгейіне, лауазым дәрежесіне қарай төленсе, екіншісінде еңбектің соңғы нәтижесі ескеріліп, ұсынылған қызмет сапасы бойынша төлем жүйесін ынталандыратын компоненттер енгізіледі. Үшінші кезеңде азаматтық қызметшілерге сараланған қосымша төлем төлеудің мақсаттылығы, қажеттілігі, мүмкіндігі сол өңірдегі нақты құнына қарай қарастырылады» дейді министр Тамара Қасымқызы. Оның айтуынша, бұл жоба білім беру саласындағы жұмысшылар жалақысын – 29%-ға, денсаулық сақтау қызметкерлерінікін – 28%-ға, басқа да азаматтық қызметкерлер еңбекақысын – 40%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа моделі 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асады. Оны енгізуге республика қазынасынан жарты жылға – 139 млрд теңге, ал бір жылға – 278 млрд теңге бөлінбек.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =