©2020 Астана Ақшамы
Жалақы мен зейнетақы
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы өсті. primeminister.kz сайты хабарлағандай, ең төменгі жалақы көлемі 28 мыңнан 42,5 мың теңгеге ұлғайды. Мұндай өзгеріс әртүрлі салаларда жұмыс істейтін 1,3 млн қазақстандықтың табысына жағымды әсер етті. Сонымен қатар, бюджеттен жалақы алатын 275 мың қызметкердің табысы орташа есеппен 35 пайызға өсті. 1 қаңтардан бастап учаскелік дәрігерлердің еңбекақысы 20 пайызға көбейді.
Жаңа жылдан бастап еңбекке жарамсыз болып қалған 88,3 мың және асыраушысынан айырылған 50,1 мың адамға төленетін жәрдемақы көлемі 5 пайызға артты. Орта есеппен алғашқы топтағылардың әлеуметтік төлемақысы 15,9 мыңнан 16,6 мың теңгеге, екінші топтағыларға 20,6 мыңнан 21,7 мың теңгеге ұлғайды.
1 қаңтардан бастап Қазақстандағы ынтымақты зейнетақы 7 пайызға, базалық зейнетақы 5 пайызға өсті. Мәселен, биылдан бастап ең төменгі ынтымақты зейнетақы көлемі 36108 теңгені, ең төменгі базалық зейнетақы 16037 теңгені құрайды. Міндетті зейнетақы аударымдары енгізілгенге дейін зейнет демалысына шыққан ерлер мен әйелдердің ең төменгі зейнетақысының көлемі 1 қаңтардан бастап теңесіп, 52145 теңгені құрайды. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 2019 жылы 16037 теңге болады.