Жайықтан есті самал жыр

0 169

акуштап апай 233
Бұрнағы күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылық кеші өтті. Оқу орны жанындағы «Кәусар» әдеби бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен басқосуға елордалық зиялылар және жастар жиналды.

Шараны белгілі әнші, бірлестік жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай ашып, ақынның шығармашылығын, ғұмыр жолын аз-кем әңгімеледі. Содан кейін журналистика және саясаттану факультетінің өнерлі студенттері А.Бақтыгерееваның өлеңіне жазылған әндерді шырқады. Әсіресе Мәдина Жақып орындаған «Мен сені ойлаймын» әні көпшіліктің ықыласына бөленіп, ақын апасының қолынан сый-сияпат алды. Әдеби бірлестік мүшелері кеш иесінің өлеңдерін оқыды.

Басқосуда ақын Ақұштап Бақтыгереева сөз сөйлеп, жас оқырмандарының алдында бар сырымен бөлісті. Қанаттас, сырлас досы болған, жуырда ғана күллі қазақ қайтпас сапарға қимай шығарып салған Фариза Оңғарсынова жайында естелік айтып, ақынға арнаған жырын, өзге де өлеңдерін оқыды. 1970 жылы бірге түскен суреттерін көрсетті.

Ол өзін ақын ретінде толғандыратын түйінді мәселелерді де тарқатты. «Мен Жайықтың тағдырына алаңдаймын. Бұрын арнасынан асып жататын, қазір ортайып барады. Ондағы жұрттың ертеңін, күн санап ластанып жатқан экологияны ойлаймын. Каспийді мұнай бүлдірді. Өзге ұлт жігіттерінің етегінен ұстап кеткен сіңлілерімнің болашағы толғандырады. Олардан тараған буын ұлттығынан айырылады» деді Ақұштап Бақтыгереева. Әңгімесінің түйіндерін жырларымен тарқатып отырған ақын қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов, Зейнолла Қабдолов, Мұқағали Мақатаев жөнінде естеліктер айтты. Арқалы қаламгер Жұбан Молдағалиевтің жастарымызды қанға бояған Желтоқсан оқиғасында билік өкілдерінің алдында тайсалмай шындықты айтқанын өлеңімен жеткізді.

Кеш барысында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы сөз сөйлеп, Жайықтың қос аруы Фариза мен Ақұштаптың жастық шағынан естеліктер айтып, жырын арнады. Ақын-жазушылар Алтыншаш Жағанова, Табыл Құлияс, Жұмаш Сомжүрек, Айгүл Кемелбаева, Айбатыр Сейтақ, Маржан Ершу кеш иесін жетпіс жас мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Студенттер атынан Гүлім Мұратқызы алғыс айтты.

Кеш соңында Ақұштап Бақтыгереевамен болған сұхбатымызды газетіміздің келесі сандарының бірінде жариялаймыз.

«Кәусар» әдеби бірлестігінің мамыр айындағы қонағы – белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × five =