ЖАЙНАҒАН ЖАСЫЛ БАҒЫМ…

0 334

Жаз келсе Астана әдемі гүлдердің ордасына айналады. Қала көшелері қалы кілем төселгендей құлпыра бастайды. Мамандардың айтуынша, гүл – көңілді жайландыруға, көзді демалдыруға таптырмас құрал. Әсiресе, санаға кiрiп алған тынымсыз ойлардан арылту мен жүрек жарасын емдеуге шебер. Расында, гүл дегенде кез келген жанның көз алдына әсемдiк пен сұлулық елестейді. Ал, қаптаған жасыл желектер арасында демалу, ұзақ жүру – кәрiлiктiң алдын алады. Олай болса, бiздiң Астананы дертке дауа қала деуге болады.

Гүл егу жұмыстары – өз алдына үлкен әлем. Елордада сол жұмыстарға бақылау жүргізіп, көгалдандыру мен көріктендіру шараларын ұйымдастыруда «Астана көгалдандыру» мекемесінің орны бөлек. Қала көшелеріне экологиялық бақылау жүргізу жұмыстарын жүйелі түрде атқаратын мекемеге жауапкершілік жүгі көп артылады. Өйткені, олар жасыл майса мен өсімдіктерді өсіріп, гүлдер мен ағаштарды жайнатып, қаланың тазалығы мен оның көркіне күш салып, әдемілік сыйлайды. «Астана-Көгалдандырудың» ең басты мақтанышы – оның еңбек ұжымы. Мұнда қашанда өз ісінің маманы, әрі өз жұмысын бар жан-тәнімен беріліп жасайтын жұмысшылар істейді. Олар жыл мезгілінің кез келген уақытында қиындыққа қарамастан жасыл желектерді барынша күтіп-баптайды. Күн сайын таң атпастан көгалдандыру жұмысымен айналысады. Биыл бағбандар қаладағы 151 127 шаршы метр аумақты көк майсамен көмкермек.

Кәсіпорын жылыжайларында шырайгүл, есінек, тагетис, сальвия, бегония сынды гүлдердің 54 түрі өсірілді. Көгалдандыру мамандарының айтуынша, биыл бұлардың қатарына гүлдердің жаңа түрлері қосылыпты. Атап айтсақ, олар – шырмауықгүл, бақытгүл, тегеурінгүл, бозот, абриета, гейхера, пинецетум деп аталатын көпжылдық өсімдіктер. Әдетте, мамандар жыл сайын гүл отырғызу науқанын мамырда бастап, елорда тойына санаулы күн қалғанда аяқтайтын. Биыл маусым айының аяғына дейін отырғызамыз дейді. Сондай-ақ, олар ландшафтық көгалдандырудағы халықаралық тәжiрибелерге сүйене отырып, көгалдандырудың түрлi әдiстерiн қолданып келедi. Оған қоса қыс кезінде кәсіпорынның ландшафтық жобалау шеберханасының мамандары гүл дестелердің жобасын әзірлеп қойған. Бүгінде «Ақорда», «Қазақ елі» алаңдары мен «Шабыт» шығармашылық сарайы, «Студенттер» саябағы мен қалалық әкімдік, Абай ескерткішінің аумағы жасыл желекпен көмкерілді. Бұған қоса, Астана көшелері көпке гүл мүсіндермен де белгілі. Жасыл желектен жасалған 25 мүсін қойыла бастады. Сол жағалаудағы гүлден тоқылған «Киіз үй», «Қыз бен жігіт», «Түйелер» сынды мүсіндер көздің жауын алады.

Бір қарағанда сұлулық сыйлайтын сол жайқалған гүлдерді баптаудың өз машақаты жеткілікті. Кәсіпорын мамандарының айтуынша, гүлдi еккеннен оны күту маңыздырақ. Мысалы, олар гүл егiлген аймақтарды гүлдiң қасиетiне қарап суарады. Кейбiр гүлдер суды бойына, жапырақтарына сiңiрсе, кейбірі суды тамырында ұстап, шөлге төзiмдi келедi. Ал, арам шөптердi жұлу, гүлдiң маңайын тазарту жұмыстары болса, нағыз уақытты қажет ететiн жұмыстардың бірі. Айта кететініміз, бүгінде қаламызда көлiк күн санап артуда. Одан қала атмосферасына елеулі зиян келеді. Астана iспеттес күндiз-түнi бiр тынбайтын, үнемi қозғалыста болатын шаһарға атмосфераны реттеп тұруға көктiң әсерi көп.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 8 =