Жайлы жол – дамудың көрінісі

қала іші ғана емес, Шеткі аймақтар инфрақұрылымы да жақсарып келеді

0 59

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаланы аралау барысында тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждықтарын біліп жатады. Халықтың проблемаларына сергек қарауының нәтижесінде талай жылдан бері қордаланып қалған біршама іс оң шешілді. Әсіресе, тұрғын алаптарда жол жөндеу, шеткі аймақтар тұрғындарын қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты іргелі істер биыл жедел қолға алынды.

ТҰРҒЫН АЛАПТАРДА 100 КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ

Қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Нұрлан Солтамбековтің айтуынша, бас қалада жыл сайын жөнделетін жолдар 5-10 шақырымға көбейіп жатыр. Ал биылғы жол жөндеу жұмыстары сәуір айының екінші жартысында басталып, мамыр айы туа тұрғын үй алаптардың ішіндегі көшелерге ауысты.
Осы уақытқа дейін бұл бағытта біршама жұмыс еңсеріліп, 15 орталық көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, Шұғыла, Бұқарбай батыр, Асан Қайғы, Кенесары, Мәскеу, Таха Хусейн, С.Торайғыров, Нұрлыжол көшелері мен М.Мақатаев көшесінің жалғасы, Абай, Жеңіс Тұран даңғылдары, «Нұржол» желекжолы, «Тұлпар» көпірінің астындағы айналма жол, Bi Village, Family Village коттедж қалашығына апаратын жол жөнделіп бітті.
Қазіргі кезде 30 көшеде және тұрғын алаптарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл қатарда Қ.Сәтбаев, Конституция көшелері мен қаланың шет жағындағы Марқакөл, Нұрлы, Орхон, Қапал, М.Төлебаев, Қырыққыз, Қамажай, Ақбидай, Кеңшалғын, Ақпан, Басықара батыр көшелері және Қарасаз, Шырайлы, Маралсай, Желдірме, Қоғалы тұйық көшелері бар.
Өткен жылы барлық тұрғын алапта 17 көшенің жолы ғана жөнделген. Ал биыл оларды саны 100-ге жетіп отыр. Жалпы алғанда, «Өндіріс» тұрғын алабында – 16 көше, «Кирпичныйда» – 12 көше, «Агроқалашықта» – 21 көше, «Көктал-1-де» – 12 көше, «Промышленныйда» – 8 көше, «Оңтүстік-Шығыста» – 18 көше, «Ақбұлақта» – 7 көше, «Пригородныйда» – 4 көше, «Заречныйда» 2 көше жөнделеді.
– Жол саласында жұмыс істеп жатқаныма 13 жыл болды. Қазір елорданың басты көшелерінің бірін жөндеп жатырмыз. Жұмысымды ауыстырғым келмейді. Қала тұрғындарына жайлы жағдай жасаған ұнайды. Жақында Мәңгілік ел көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі аумақты жөндеп бітірдік, – дейді учаске шебері ­Дмитрий Кушакеев.

АЛТЫ ЖЫЛ БОЙЫ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛМЕГЕН

Қала тұрғындары да үйлерінің аумағындағы жолдардың жөнделіп жатқанына риза. Кейбір көшелерде, әсіресе тұрғын алаптарда жылдап жөндеу көрмеген көшелер бар екен. Биыл соның реті туғанына тұрғындар қуанып жатыр.
– Жақында біздің Қарасаз көшесіне асфальт төселді. Бұл талай жылғы арманымыз еді. Өркениет бізге де жетті деп қуанышымыз басылар емес. Кейбір көршілерім мұнда 20 жылдан бері тұрады. Бізге асфальт төседі. Ол біздің бұрыннан бергі арманымыз еді. Асфальт төселгенде барлық тұрғындар жиналып, үстінен жүріп өттік, – дейді Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабының тұрғыны Лаура Сұлтанбекова
– Біздің үйіміз 2014 жылы бой көтерді. Үй аумағына содан бері жол салынбады. Асфальтты көргенімізге бүкіл үй болып қуанып жатырмыз. Енді өзімізге де, балаларымызға да жүріп-тұруға ыңғайлы болды, – дейді Нұрлы тұйық көшесіндегі №2 үйдің тұрғыны Анастасия Халиуллина.

ЖОЛ ЖӨНДЕУГЕ 1,5 МЫҢ АДАМ ТАРТЫЛАДЫ

Тұрғын алаптарда жөнделетін көшелердің жалпы ұзындығы – 42 шақырым. Ал қаланың орталық көшелерінің еншісінде – 59 шақырым. Бұл жұмыстарға 13 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса, биыл 10 жаңа көшенің жолдар құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұған 24 млрд теңге қарастырылған.
Бұл науқан арқылы қала жолдары жаңарып қана қоймай, адамдар жұмысқа орналаса алады. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша шаһарда 105 жоба жүзеге асырылады. Соның аясында 15 мың жұмыс орны ашылады. Ал жол жөндеу жұмыстарына 1,5 мың адам жаңадан тартылады. Олар Жұмыспен қамту орталығы арқылы орналастырылады.

КӨЛІК КЕПТЕЛІСІ КЕМИДІ

Сондай-ақ биыл Қабанбай батыр даңғылын 8 жолаққа дейін кеңейту, Қорғалжын тас жолы, Қабанбай батыр және Тұран даңғылдары қиылысында жолайрық салу жұмыстары басталады. Ұлы Дала даңғылы бойымен Есіл өзені мен Нұра-Есіл арнасы арқылы өтетін қос көпір құрылысы аяқталады. Бұл жобаларды жүзеге асыру қаланың көлік логистикасын әжептәуір жақсартып, жолдардағы кептеліс­терді азайтады.
Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасының болжамынша, осыдан кейін Мәңгілік ел даңғылы бойымен жүретін көліктердің 50 пайызы №27 көше мен Тәуелсіздік даңғылына өтеді. Есіл өзені үстіне салынатын көпір оң мен сол жағалау байланысын күшейтеді. Яғни, көлік иелеріне баламалы жол ұсынады.
Атап айтқанда, бұл жұмыстар жаңадан салынып жатқан нысандарға қолжетімділікті арттырып, Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Б.Момышұлы даңғылдары және Сығанақ, Сарайшық көшелері секілді қаланың басты магистральдарына түсетін жүктемені азайтады. Көлік иелерінің жолдағы уақыты қысқарған соң, олардың шығындары да азаяды.
Қазіргі кезде қалада жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – кіші айналма жол құрылысы. Бұл жоба толығымен аяқталған соң да, орталық көшелермен жүретін көліктер саны азая­ды. Яғни, елорда арқылы басқа өңірлерге бара жатқан көліктер қалаға кірмей, сыртымен айналып өтетін болады. Сондай-ақ кіші айналма жолы қала аумақтарын қосып, көлік байланысын кеңейтеді.
Реті келгенде айта кетейік, өткен жылы кіші айналма жол құрылысы және жолдар мен инженерлік желілерді қайтадан құруға 24,3 млрд теңге бөлінді. Соған сәйкес 69 көшеде жалпы ұзындығы 51,5 шақырымды құрайтын жолдар салынып, жөнделді. Соның ішінде тұрғын алаптарындағы 39 көше (24,3 км) кірген болатын. Ал 16 көшеде (15,9 км) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екінші Алматы көшесі бойынша Сарыбұлақ өзені аумағындағы көпір арқылы жол ашылды.
Бүгіндері бағдаршамдарды жол қозғалысын басқарудың интеллектуалды жүйесіне (ITS) қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Соның арқасында көліктер ағыны жылдамдығын 18 пайызға, көліктердің өту қабілетін 40 пайызға көтеруге, жол жүрудің орташа уақытын 20 пайызға азайтуға мүмкіндік туды. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде бұл жүйеге 42 бағдаршам қосылды. Екінші кезеңде тағы 54 бағдаршам қосылмақ. Қазіргі кезде қалада 151 «ақылды» бағдаршам бар.

ШЕТКІ АЙМАҚТАРДАҒЫ ИГІ ІСТЕР

Сөзіміздің басында айтқанымыздай, биыл тұрғын алаптардың дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Астана құрылысының кешенді жоспары аясында тұрғын алаптарды дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес биыл шеткі аймақтарға 9,8 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға «Көктал» тұрғын алабында жылу магистралі құрылысын аяқтап, жеті тұрғын үй кешенін жылу жүйесіне қосу, «Тельман» тұрғын алабында тазарту құрылғыларын салу, «Пригородный» тұрғын алабында 100 отбасыға арналған қолжетімді баспана құрылысын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар аталмыш жобаға «Ильинка» тұрғын алабында 7 шақырым кәріз жүйесін тартып, 10 кәріз-сор­ғы стансасы мен 1 шақырым кәріз коллекторларын салу кірген.
«Өндіріс», «Көктал-2», «Ильинка» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарында ауысымына 260 келуге арналған төрт спорт кешен де салынады. Үш кешен бойынша тиісті құрылыс жұмыстары басталды, төртіншісіне қатысты конкурстық шаралар аяқталып қалды. Бұған қоса, «Железнодорожный» мен «Өндіріс» тұрғын алаптарында екі орта мектеп бой көтереді.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + one =