ЖАЙЛЫ АВТОБУС КӨЗҚАРАСТЫ ЖАҢАРТАДЫ

0 81

6259553305_fbb19a15e7_z

Кез келген қалада, әсіресе, елордада қоғамдық көлік мәселесі ерекше маңызды. Тұрғындардың күнделікті көңіл-күйі де, тіпті, тұтастай Астананың имиджі де олардың қызметіне тікелей байланысты. Халқының саны 800 мыңнан асқан Астанада 700 мыңға жуық тұрғын қоғамдық көлікпен жүреді. Яғни, қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын адамдар тұрғындардың шамамен 80 пайызын құрайды. Қала әкімдігі 2016 жылы қоғамдық көлікпен жүретіндердің саны 970 мыңға жететінін айтады.

Қазір Астанада түрлі бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдаумен 8 көлік компаниясы айналысады. Олардың біреуі – коммуналдық автопарк, жетеуі жекеменшік болып табылады. Бұл автопарктерде 890 автобус тіркелген. Олардың 734-і күн сайын жолаушылар тасымалдауға шығып, 50 бағыт бойынша қатынайды. Дегенмен, бұл қоғамдық көлік қаланың барған сайын өсіп отырған сұранысын қанағаттандыра алмайды. Қазірдің өзінде қалаға 300-ден аса автобус жетпей отыр.

Аталмыш мәселені шешуге қала әкімдігі мықтап кірісті. Биыл Астана қаласына газбен жүретін «IVECO» маркалы 350 жаңа автобус сатып алынбақ. Ал, тозығы жеткен автобустар толықтай қолданыстан шығарылады.

Келісімге сәйкес Франция компаниясы 1 тамызға дейін Астана қаласына 200 жаңа автобус жеткізеді. Қалған 150 автобус ағымдағы жылдың бірінші қазанына дейін әкелінеді. Бұл инвестициялық жобаға жұмсалатын қаржыны «Астана ЛРТ» ЖШС «CAFAS» компаниясының сақтандыру кепілдігімен Германияның «CommerzBank» банкінен тиісті несиеге алды. Жобаның жалпы көлемі – 91 миллион еуро.

Сатып алынған жаңа автобустар шілде айында іске қосылатын коммуналдық автобус паркінің қарамағына беріледі. Қазіргі уақытта 8,48 гектар жер телімінде осы болашақ автобус паркінің құрылысы қызу жүргізіліп жатыр.

Табиғи газбен жүретін бұл автобустарда барлық жағдай жасалған. Олардың едендері төмен, пандустар орнатылған. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатынауына да өте қолайлы. Сонымен қатар, жаңа автобустардың ішінде мүгедек арбалары орналастырылатын орындар бар. Мұндай қолайлы автобустар Франция қалаларында көптеп қолданылады екен. Әкелінетін автобустардың 270-інің ұзындығы 12 метр болса, 80-інің ұзындығы 18 метрге тең. Бұл көліктер елорда қатынасы үшін өте тиімді болмақ.

Жаңа автобустарда қызмет сапасына қойылатын талап та күшейеді. Енді жүргізушілер біліктілігін арттыру орталығында оқып, кондукторлардың орнын электронды аппараттар алмастырады.

Сонымен қатар, қала ішіндегі қашық бағыттарға жолаушыларды жедел әрі қолайлы көліктермен тасымалдау үшін балама қоғамдық көлік жүйесін енгізу тұрғындар үшін маңызды. Қалада 271 мың көлік құралы тіркелген болса, басқа өңірлерден және қала маңайындағы елді мекендерден 100 мыңнан астам көлік қатынайды. Осының салдарынан көшелерде көлік кептелісі орын алады. Таңертеңгі әрі кешкі уақытта автобустар кешігіп жатады. Мұндай жағдайлар болмас үшін BRT (Bus Rapid Tranzit) – қала көшелеріндегі арнаулы жолақтар арқылы жүретін жедел автобустар қатынасы жүйесін қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Бұл жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең құрылысы жақында басталады (ұзындығы 22,4 шақырым 26 бекеттен, жылжымалы құрам 27 бірліктен тұрады). Бірінші кезеңді 2016 жылдың наурыз айында пайдалануға беру көзделініп отыр. Ал, жедел жүретін автобустар желісінің екінші және үшінші кезеңдері тиісінше 2015 және 2017 жылдары пайдалануға берілмек. Осы жобаның жүзеге асырылған кезде тұрғындар қалада жекеменшік машинамен жүргеннен гөрі қоғамдық көлікке отырудың анағұрлым тиімді екенін түсінеді.

Халық саны артып, жеңіл көліктер көбейген сайын Астана көшелері де тарлық етуде. Бұл мәселені шешуде айналма жолдар салынып, көше қиылыстары кеңейтіліп жатыр. Ал жылдамдықты асырып, қоғамдық тәртіпті бұзған жүргізушілермен қатаң күрес жүргізіледі.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + twenty =