«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жайбарақаттық жарға жығады

Бүгінгі күннің бүлкілі

0 217

Менингит меңдеп барады. Жыл басынан бері 13 адамнан айырылдық. Соған қарамай, еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов: «Ахуал тұрақты және халықты жаппай егудің керегі жоқ» деп жайбарақаттықпен мәлімдеді. Ақ халаттылар індет деу­ге асығар емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алапат аурудың алдын алу үшін жылына 100 мың адамның ішінен 10 науқас тіркелсе, менингитке қарсы жаппай егу жүргізуді ескерткен. Мұндай елдерге жоғары деңгейде эпидемиологиялық бақылау орнатылады екен. Біз болсақ әлі бейқамбыз. Көз жұмған жандардың санын айтудан әріге бармадық. Неге бұлай?

Көңілге медеу болатыны, дүйім елді шошытқан аурудың алдын алуға Үкімет басшысы мен Сенат төрағасы да қатты алаңдаушылық білдірді. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ауруханалар жұмысында кемшілік көптігін жасырған жоқ. «Талғардағы баланы Алматының ауруханасына неге апармаған? Талғардан Қаскелеңге дейін – екі сағаттық жол. Егер бұл әкім­дердің ісі болса, кемшілік жіберген. Кез келген аурухана менингитпен ауырған адамды қабылдауы тиіс» деді ол Үкімет отырысында. Үкімет басшысы республикалық штаб­тың жұмысы ашық емес­тігін, халыққа дұрыс ақпарат уақытында жетпегенін сынға алды. «Сіз Алматыға арнайы барып, халыққа өзіңіз түсіндіріңіз. Жағдайды көзіңізбен көріңіз!» деп ескертті минис­трге. Бақытжан Сағынтаев екпенің құны бір облыста – 20 мың, ал екіншісінде 40 мың тұратынына таңданысын жеткізді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде жыл басынан бері менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 593 адам дәрігерге келіп, оның 213-і ауруханаға түскенін баяндады. Ауру 58 науқастан расталған, соның ішінде 21-і – 14 жасқа дейінгі балалар. 2013-тің тек 10-ы ғана жазылып шықса, 55-і әлі ем-дом алуда. Ал өмірмен қош айтысқан 13 адамның 4-еуі – Алматы облысы, 6-уы – Алматы қаласы, 2-уі – Оң­түстік Қазақстан, 1-еуі Қы­зылорда облысында тіркелген. Алматы қаласының өзінде ғана 2,5 млн адам тұратынын ескерсек, мегаполисте карантин жария­лау керек! Айта кетелік, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та құзырлы министрліктің іс-қимылына көңілі толмайтынын ашық айтты. «Менингитке қатысты ахуалға берілген баға қабылданбайды. Жауапты министрліктің тым жайбарақаттығы, тартыншақтығы кешірілмейді. Сенат депутаттары Үкіметке сауал жолдайды» деп жазды ол «Твиттердегі» жазбасында.

Ләззат ЕРАЛИЕВА, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті балалар инфекциясы кафедрасының профессоры:

– Біз жолдағы желікпелерді апат болған суреттермен, шылымқорларды темекі қорабындағы қорқынышты көріністермен қорқытамыз ғой. Менингитке шалдыққан адамдарды неге солай көрсетпейміз? Себебі бұл – өте қорқынышты ауру. Күндіз сап-сау жүрген бала бірнеше сағаттан кейін қайтыс болуы мүмкін. Асқынған дерттің адамға әкелетін азабын айтудың өзі қасірет. Ол адамның аяқ-қолы істемей, ақыл-есі кеміп, мылқау болып қалады. Сондықтан әр дәрігердің міндеті – халыққа дер кезінде ақпарат беру, сақтандыру.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды