Жай қоқыс деп қарамаңыз…

0 33

Астанамыздағы тұрғын үй кешендерінің қоқыс жинау алаңдарына жасыл, сары түсті контейнерлер қойылғалы біраз уақыт өтті. Тұрғындар сол жәшіктердің түр-түсіне қарап, тұрмыстық қалдықтарын сұрыптай бастады деуге бола ма, білмеймін. Негізінде сары жәшіктерге пластик, қағаз, шыны, металл және ұсақ-түйек электронды техника қалдықтарын, жасыл контейнерлерге тағамнан қалған жуынды-суындыны, басқа да органикалық қалдықтарды тастау­ға ептеп үйреніп келе жатқандай көрінеді. Алайда жеке басыма келгенде, күмілжіп қаламын. Өйткені қоқысты бірде сұрыптасам, бірде бәрін бір қалтаға жинап тастай салатындардың бірімін. Оның дұрыс еместігін түсінемін. Өзімнің осы әрекетімді ақтау үшін, әрі әлеуметтік жауапкершілігімді арттыру мақсатында қоқысты сұрыптау тұрғысындағы әлемдік тәжірибеге шолу жасауды жөн көрдім. Басын ашып алсақ, сұрыптау арқылы полигонға жиналатын қоқыс көлемін кемітіп, еліміздегі қоқысты қайта өңдеу саласын жолға қоюға үлес қосамыз.
Қазіргі күнде елімізде 31,72 млрд тоннадан артық қалдық қордаланған, оның ішінде 120 млн тонна тұрмыстық және 2,5 млрд тоннасы – аса қауіпті қалдықтар. Қайта өңделген және кәдеге жаратылған қалдықтардың үлесі тұрмыстық қалдықтар үшін 13-15%, ал 30%-ы өнеркәсіптік қалдықтардың үлесіне келеді. Қатерлі қалдықтарды өңдеудің үлесі 15% қамтиды.
Бұл іске әлемнің әр жерінде тыңғылықты кіріскелі жарты ғасырдай уақыт өткен екен. Еуроодақ елдерінде контейнерлердің алты түрі бар. Қара түстісіне – органикалық қалдықтар, қураған жапырақтар, өсімдік тектес қалдықтар жиналады. Сынған ыдыстың қалдығын жасыл контейнерге апарып тастайды. Көк түстісі қағаз өнімдеріне арналған. Қызғыш түрі пластиктен жасалған заттарға, қоңыр түсті контейнер қауіпті қалдықтарға, мысалы, батарейка, электроника секілді заттарға арналған. Қызыл түсті контейнерге қайта өңдеуге келмейтіндерін жинайды. Тұрғындар бұл тәртіпті қатаң сақтап, дұрыс сұрыптап, тиісті контейнерге тастауы керек. Егер талап орындалмаса, жеке адамды ғана емес, бүкіл ауданның барша тұрғындарын қоса жазалайды. Қалай дейсіз ғой? Жауапсыз, экологиялық санасы төмен тұрғыны бар ауданның қоқысын көпке дейін алып кетпейді. Одан басқа бұл қоршаған ортаны ластау деп қаралып, айыппұл төлетеді.
Бұл мәселені тұрғындардың экономикалық жағынан ынталандыру арқылы оңтайлы шешіп жатқан мемлекеттер бар. Буэнос-Айрес пен Каирда қоқысты өздері сұрыптап, өздері жинап алатын жекелеген адамдар топталып кірісіп қолға алған. Ал кейбір елдерде сусыннан босаған пластик ыдыстарды, дүкендерге орнатылған фандоматтарға тастайды. Өйткені сусынның бағасына ыдыстың құны қосылып сатылады, босаған ыдысты өткізіп үстіндегі ақшасын қайтарып алуға болады. Бос бөтелкені өткізуге ерінсеңіз, сусынның үстіне қосылған артық ақшасын ала алмайсыз. Осылайша мемлекет пластик бөтелкелер мен сыраның жез құтысын кері қайтарудың тиімді амалын тапқан. Батарейкаларды да дүкендердегі арнаулы жәшіктерге тастайды. Біле жүріңіз, бір саусақтай батарея 20 шаршы метрді және 400 текше метрді бүлдіреді. Олар қоқыс өртейтін зауыттарға түссе, батарея жанғанда диоксин пайда болып, ауаға тарайды. Ауа арқылы жерді де, суды да былғап, адамның ағзасына да түседі. Сол үшін де батарейканы тұрмыстық қалдықтан бөлек жинап, тиісті орынға тастаған жөн.
Еуропада фармацевтика өнімдеріне оның ішінде мерзімі өткен дәрілерді, оның құтыларын, термометрді кез келген дәріханаға өткізеді. Осылайша улы заттардың ортақ полигонға кетпей, қайта өңделетін қоқыс­тарға араласып кетуіне жол бермейді.
Қоқыс тастаудың ең қиын жүйесі Швейцарияда екен. Үйге алғаш қоныстанған адамға немесе жалға алушыға әр санатқа бөлінген 50-ге тарта қоқыс­тың тізімі көрсетілген кітапша беріледі. Барлық қоқысты үйдің жанындағы бір жәшікке тас­тауға болмайды. Сұрыптауға болмайтынын бір данасы 2 франк тұратын қапшыққа салып тастау керек. Көшелердегі автоматтандырылған қоқыс жинау стансасы бар. Енді бірін соған жеткізеді. Оған түскен қалдық бірден жерасты каналдары арқылы қайта өңделіп жатады. Әрбір тетікте неге арналғанын біліп, қоқысты солай сұрыптайды. Мысалы, пакеттегі шайдың қағазын бір тетікке, ішіндегі шайдың самасын екіншісіне, жібі мен этикеткасын қыстырған сымынан ажыратып, өзінің ұясына саласыз. 2018 жылдан бастап Монреалда (Квебек провинция) Канаданың екінші бір ірі орталығында сауда орындарында пластикалық пакеттерді сатуға тыйым салды. Бұл тыйым қазіргі күнде үш канадалық провинциясында белең алды.
Оттавада да бұл іс белсенді жүріп жатыр. Тіпті қоғамдық тамақтандыру желілерінде сусын ішуге арналған пластикалық түтікшені қағаздан жасалған түріне ауыстырып жатыр.
Және кәсіпорын иелері жасаған өнімінің екінші қайтара қайта өңделген заттардан жасалғанын ашық көрсетіп жазып қойып, тұтынушыларды ынталандыратын болды.
Қоршаған ортаны ластайтын, екі жүз жылға дейін шірімейтін, тозбайтын полиэтиленді қалталар жалпы әлемдік өндірісінде жылына 5 триллион данадан шығарылады. Жыл сайын адамдар 200 миллиардтан астам пластикалық бөтелкелер, 58 миллиард бір реттік пластикалық стакандар мен миллиард пластикалық қалта пайдаланады екен. Сол себепті әлемнің 40 елінде оны шығаруға және оны сатуға тыйым салынған.
Көрші Қытайда қоқысты сұрыптаудың түрлі тәжірибелеріне қарамастан, қайсы контейнер жақын тұрса, соған лақтыра салатын үрдіс бар. Көбімізге белгілі жағдай. Ол жақта да, біздегідей, қоқысты қалай болса солай жинап, лақтыра салғаны үшін адамға айыппұл салып, тым болмаса, әлеуметтік жауапкершілікке тартылмайды. Біздегідей әркімнің ұятына салады.
Алайда Шанхайда 3,8 млн отбасы қоқысты дұрыс сұрыптау­ға бағытталған бағдарламаға қатысып жатыр екен. Әрбір дұрыс сұрыптаған заттарына қарай ұпай жинайды, оны коммуналды қызмет үшін төленетін төлеммен ауыстыруда. Олар ынталандырудың тағы бір жолын тауыпты. Жер-жерде пластикалық бөтелкені өңдеуге арналған арнайы автоматтар орнатып, бір зат үшін 0,05 юань (1 центтен аздау) төлейді.
Енді өз жағдайымызға келейік. Осы дүрмектің соңында қалып, қаламызды қоқыс басып қалуынан сақтанғымыз келсе, бүгіннен бастап, қоқысты сұрыптап үйренейік. Мысалы, пластиктен, стекло мен қағаз сияқты таза заттарды балконда немесе басқа да қолайлы жерде жинап, көбейгенде сары жәшікке тастауға болады. Ал әдеттегі асүйдегі су ағатын кранның астындағы шелекте күнделікті қайта өңдеуге келмейтін қоқыс­ты жинап үйренелік. Немесе қоқыстың әр түріне арналған бірнеше бөлігі бар контейнер сатып алып, сонда жинауға тырысалық.
Жалпы картон мен қағаз қоқыстың ең қымбаты саналады. Оны 4-5 рет өңдеп, тұтынуға болады. Қағазды сұрыптағанда темір қыстырғыштарын, пластик қаптама сияқты бөгде заттардан айырып салыңыз.
Темекі қорабы, тоқаш пісіргенде отқа төсейтін қағаздар мен дәретхана қағазы сонымен бірге жұмыртқа салынатын қағаз ұяшық пен фотосуреттер қағаздың қайта өңделмейтін түріне жатады. Оны үйіңіздің жанындағы жасыл түсті контейнерге тастайсыз. Тағы бір түрі барлық пластикалық бұйым­дарды, басқа да заттарды бір қапшыққа жинап, сұрыптау алдында бөліп тастауға болады.
Бұл көп уақыт алмайды. Егер сіз бен біз мән беріп, қоқыс­ты сұрыптауға ден қойсақ, айналамызды жақсартуға атсалысқанымыз. Ал қаладан ұзап табиғатқа шықсаңыз да, артыңызда бұрқыратып қоқыс қалдырмаңыз. Қоқысқа жай қоқыс деп қарамайтын адамдар қатары артқан сайын әлем де тазарып, дүние жақсара түседі.
Күн ортақ, жер ортақ дегендей, қоқыстың зардабы да адамзаттың ортақ бейнетіне айналып келеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − eight =