©2020 Астана Ақшамы
Жаһанға танымал Жансая
Шахмат ойыншылары Гроссмейстер (GM), халықаралық дәрежедегі спорт шебері (IM), әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM), әйелдер арасында халықаралық дәрежедегі шебер (WIM) секілді спорт дәрежелерін жыл сайын сарапқа салатындығы бесенеден белгілі. Соңғы шешімді ФИДЕ (Халықаралық шахмат федерациясы) конгресі мен ФИДЕ Президенттер кеңесі шығарады. Шахматқа таласы бар әлемнің жүз елудей мемлекеті бұл додаға тұрақты түрде атсалысады. Биылғы чемпионатта біздің еліміздің атынан қатысқан спортшыларымыздың да қанжығасы майланып қайтты. Жетістігіміз – он екі жасар Жансая Әбдімәлік шахмат тарихындағы ең жас гроссмейстер атағын еншілегені.
Жансая өзінің бір сөзінде: «Менің екі арманым бар: біріншісі, әлемнің ең жас гроссмейстері болу, екіншісі, қыздар арасында шахматтан әлем чемпионы болу» деген болатын. Сіз бен біз – қаракөз қарындасымыздың әуелгі аяулы арманына қол жеткізгендігінің куәсіміз. Бұл жеңіс, шынында, еңсерген жылымыздың еңселі жетістігі, ең қуанышты жаңалығы болды. Себебі, қаршадай қыз хас батырдың ерлігін істеді, байрақты бәсекеде Қазақстанның туын биікте желбіретті, ел есімін төрткүл дүниеге паш етті.
Бұған дейінгі ең жас гроссмейстер Хоу Ифань 1994 жылы ақпанда туылған екен. Қытайлық қыз осынау атақты 2007 жылы 13 жасында иеленген. Оған біздің Жансая 12 жас 8 айында қол жеткізіп, 5 жыл бойы тапжылмай тұрған әлемдік кестеге өзгерту енгізді.
Аталмыш гроссмейстер дәрежесіне ол Словенияда өткен әлем біріншілігінде қол жеткізген болатын.
Сонымен қатар, биыл қыркүйектің 1-9 аралығында Стамбулда 83-ші ФИДЕ конгресі өтті. Конгреспен қатар ұйымдастырылған шахмат ойынынан бүкіләлемдік 40-шы олимпиадада Қазақстан құрамасы командалық есепте 12-ші орынды иеленді. Осы олимпиадада Қазақстан құрамасы атынан қатысқан 16 жасар Динара Садуақасова гроссмейстер атағына, 21 жасар Гүлісхан Нахбаева халықаралық деңгейдегі шебер дәрежесіне қол жеткізді.
Ербол ЖАНАТ