Жаһан жаңалықтары

0 21

АҚШ Қытаймен байланысын үзе ме? 

Америка Құрама Штаттары Қытаймен толықтай байланысын үзе алады. Бұл туралы Ақ үй басшысы Дональд Трамп твиттердегі парақшасына жазды.

Соңғы кездері Вашингтон мен Қытай арасындағы қарым-қатынас ушығып барады. Бұған Гонконгтегі жағдай мен әлемді әбігерге салған коронавирус себеп.
АҚШ тарапы Қытайды Гонконгтің қауіпсіздігіне қатысты заң жобасына байланысты қатаң сынға алған еді. Сондай-ақ коронавирустың тарап кетуіне Бейжің кінәлі деген мәлімдемелер жасаған. Қытай болса Гонконгқа қатысты елдің ішкі мәселесіне Ақ үйдің араласпауын сұрап, эпидемияға қатысты сынның орынсыз екенін айтты.

Әлемде індет асқынып тұр

Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны 8,5 миллионға жуықтап қалды.

Дерттен 453 мыңнан астам науқас көз жұмған. АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметі осындай. Жұқпалы дертке шалдыққандар саны бойынша АҚШ, Бразилия және Ресей көш бастап тұр.
Америкада вирусты жұқтырғандар 2 миллион 180 мыңнан асқан. 118 мыңнан астам науқас қайтыс болды. Бразилияда дертке 978 мың адам шалдығып, 48 мыңға жуығы көз жұмды. Ал Ресейде вирусты жұқтырғандардың қарасы 560 мыңнан асып жығылады. Ал Қазақстанда 16351 адам індет жұқтырып, 105 адам қайтыс болды.

Мұнай бағасы қымбаттады

Қара алтын бағасы қымбаттады. Лондондық биржада Brent маркалы мұнайдың тамыздық фьючерсі 42 долларды құрады.

Ал солтүстік америкалық WTI болса барреліне 39,16 долларға жеткен. Бұл – наурыз айынан бергі ең жоғары көрсеткіштер.
Бағаның қайта қалыпқа келуі көптеген елде әуе қатынасының қайта жандануы, зауыт пен кәсіпорындардың іске қосылуымен байланысты. Сондай-ақ мамандар қара алтын нарығының тұрақтануына мұнай экспорттаушы елдер ұйымы тарапынан өндірісті қысқартуы түрткі болған дейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 19 =