Жағажайлар неге жабық?

0 64

Нұр-Сұлтанда маусымның алғашқы күндерінен-ақ ауа райы қатты ысып, аптап ыстық алқымнан алғанда, қала ішіндегі және қала төңірегіндегі жағажайларда карантинге қарамастан көптің қарасы көбейді. Елордалықтар суға шомылғысы келгенде Есілдің жағасын, өзен мен көлдерді, су қоймаларын жағалап кетеді. Бірақ осы суға түсетін орындардың жағдайы көңіл көншітпейді. Мәселен, кез келген жерге шомылу аса қауіпті.Елорда бойынша 23 суға шомылу орны бар. Оның үшеуінде ғана заңды түрде суға түсуге рұқсат етілген. Атап айтсақ, орталық жағажай, «Три пескаря» және «Астаналық аула» жағажайлары. Аталған орындар эпидемиологиялық ахуалға байланысты әзірге жабық. Ал өзге 20 аймақта шомылуға болмайды. 1 маусымнан бері осы 20 орында суға түсемін деп 3 адам қайтыс болды. Екі бала құтқарушылардың арқасында ажалдан аман қалды. Жедел құтқару жасағының орынбасары Ерлібек Қорғанбекұлының айтуынша, құтқарушылар күшейтілген кестеде жұмыс істегенмен, барлық аумақты назарда ұстау мүмкін емес. «Сенбі, жексенбі күндері күшейтілген тәртіппен жұмыс істейміз. Су айдыны аумағында орналасқан тұрғын үй алаптарына, демалыс аймақтары мен тыйым салынған суға шомылу орындарына бармау туралы қала тұрғындарына күн сайын түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жұмыс барысында 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Демалушылар сақтық шараларын сақтауы тиіс» деді ол. Десе де, рұқсат етілген жағажайдың үшеуіне де баратындар саны көп. Сондықтан болар, жаздыгүні ине шаншар орын болмайды.
– Күн қатты ысығанда суға түскің келеді. Сондай кезде рұқсат етілмеген жерлерде шомылудан басқа амал жоқ. Менің ойымша, әкімдік сол шомылуға болмайтын орын­дарды жөнге келтіріп, заң­дастырса дұрыс болар еді. Мұнда демалыс күндері келіп көріңіздерші. Адам өте көп болады. Жыл са­йын солай. Судың тазалығы сақталмайды ғой ондайда. Адамдар арасындағы екі метр арақашықтық сақтау туралы айтпасақ та болады, – дейді елорда тұрғыны Гүлжанат Амангелдиева.
Қайда шомыламыз? Бұған билік өкілдері биыл елордада қаланың 4 ауданы бойынша тегін коммуналдық жағажайлар ашу қарастырылуда екенін айтты. «3 ақылы жағажайдан бөлек, тегін 10 жағажай ашу жоспарда бар. Бір мезгілде 10 мыңға жуық тұрғын тыныға алады. Сонымен қатар, ақылы төртінші жағажайды ашу қарастырылып жатыр. Рұқсат етілмеген шомылу орындары 19-ға кемитін болады. Алайда мұның барлығы елорданың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде анықталады» деді Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Эльдор Әлімғазыұлы.
Суға шомылу кезінде сақ­тық шараларын ұмытпау керек. Адамдар арасындағы екі метр арақашықтықты сақ­тап, бетперденің болуы міндеттеледі. Дене температураңыз артып, басыңыз ауырып тұрса, шомылудан бас тартқаныңыз дұрыс. Салқын суда көп жүзу де зиян, 10-15 минуттан артық шомылмаңыз. Себебі суық судың ағзаны шошындыруы, денені қатты тоңазытуы мүмкін. Ондайда аяқ-қолдың тартылып қалуы ғажап емес.
Тағы бір мәселе, рұқсат етілген жағажайларда шомылуға келетіндердің қарасы көп болғандықтан, ақысын да арзандатуды қалайды қала тұрғындары. «Жыл сайын отбасымызбен қаладағы орталық жағажайға жиі келеміз. Бағасы қалта көтермейді. Жағажайға кіру үшін біраз қаражат қажет. Карантин болса да, жазды жағажайда өткізгіміз келеді. Шомылуға рұқсат берілгенін және ақылы жағажайлардың арзандауын қалаймын» дейді елорда тұрғыны Зәуре
Ортаева.
Шомылатын халық орта тазалығын сақтауды үйренуі қажет. Шомылу орындарына шыны ыдысты сусындарды, ит-мысық алып кіруге, ішімдік ішуге де тыйым салынады. Мас адамдарға, қасында қараушысы жоқ 16 жасқа толмаған балалардың кіруіне рұқсат етілмейді. Алайда бұл талаптарды білгенмен, бей-жай қарайтындар баршылық. Сондай-ақ өздерімен әкелген сусын, тамақтарының қалдықтарын, қоқыстарын беталды қалдырып кететіндердің саны азаймай отыр.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ,
студент

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =