ЖАҒАЖАЙ ЖАҒДАЙЫ ЖАЙЛЫ МА?

0 366

Шілденің шіліңгір ыстығы келгелі Астанада шомылу маусымының дәурені жүріп тұр. Қалалық саябақтағы жағажайға асығатындардың қатары молая түскен. Себебі, елордалықтарды күннің аптабынан құтқарар ерке Есіл биылғы жазда нағыз демалыс мекеніне айналыпты. Суға түсушілерге арналған өзен жағасындағы жағдайды көріп қайттық.

ERM_5462

Табалдырықты аттамас бұрын өзгерістің ең алғашқысы көзге түседі. Жағажайға кіру құны ересектерге – 500 теңге болса, 16 жасқа дейінгі балаларға – 200 теңге. Зейнеткерлерге, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін билет қарастырылған. Мұндай бағаға наразылық танытып, жағажайдың ақысыз болуын қалайтын тұрғындар кездеседі. Алайда, жағажайдың жұмысы кіру құнын ақтайды әрі бәрі Астана қаласы әкімдігінің тікелей бақылауында жүзеге асуда.

????????????????????????????????????

ТАЗАЛЫҒЫ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРАДЫ

Мәселен, биылдан бастап жағажайға таза су тартылған. Яғни, өзеннен шомылып шыққан демалушылар ыстық пен суық су ағатын душ қабылдай алады. Алты кабиналы душ ер мен әйелдерге тең бөлінген. Ашық аспан астында аяқ-қол жууға арналған орын да салынған екен.
Бірнеше жылдан бері талқыдан түспеген мәселенің тағы бірі шешімін тапқан. Ыстықта өршіп кететін биодәретхананың жағымсыз иісі жұртты мазаламайды. Енді жағажай аумағында тұрақты әжетхана орналасқан. Киім ауыстыратын бөлме де бар.
Қалалық жағажай әкімшілігі мұндағы тазалық пен қауіпсіздікті бірінші орынға қояды:
– Шыны ыдыстағы сусынды күзеттен өткізе алмайсыз. Себебі, бөтелкенің сынықтары біреуді жаралауы мүмкін. Ит-мысығын ерте шыққандарды мүлде кіргізбейміз. Бұрындары өзен жағасында бір реттік ыдыстың қалдықтары, целлофан секілді неше түрлі нәрселер шашылып жататын. Арнайы қоқыс жәшіктерін қойып едік, тұрғындар қазір өз заттарына ұқыпты. Адамдар темекі тұқылын құмның үстіне тастай салатын. Қоғамдық орын болған соң, шылым тартатындарға арнайы екі жерді белгілеп бердік, – дейді жағажай басшысы Арсен Түсіпбеков.

ҚАУІПСІЗДІК ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУДА

Сағат 10.00-20.30 аралығында қызмет көрсететін қалалық жағажайда әдемі әуендер ойнап тұрады. Ара-тұра жүзушілерге хабарландыру айтылады. «Суға түскенде абай болыңыздар, межеден ары асуға тыйым салынады» деп дауыстады әкімшілік. Қауіпсіздік қызметін сұрадық осы кезде. 5 құтқарушы, 1 қайық бар екен жағажайда. Қайықтың санын азсынып едік, Арсен: «Керісінше, қайықты оталдырып жүргіземін дегенше уақытты жоғалтамыз. Құтқарушылар 50 метр қашықтықты 42 секундта өткереді. Ал, қалқыма белгінің жағадан ұзақтығы – 4 метрдей. Яғни, батып бара жатқан адамға 10-12 секундта жүзіп барады. Құдай бетін аулақ қылсын, маусым басталғалы суға батқандар болған жоқ» дейді. Қайғылы оқиғалардың сиреуінің бірден-бір себебі – жағажайда алкоголь, сыра ішуге тыйым салынған. Мас адамдарға да кіруге болмайды. Сондай-ақ, көпірден секіруге де рұқсат жоқ.
Тағы бір ескеретін жайт, 16 жасқа толмаған жеткіншектер қалалық жағажайға өздеріне жауапты үлкендермен ғана кіре алады екен.
Демалушыларға ұсынылатын қызмет түріне келер болсақ, жағада 38 күншатыры қойылған. Сүртінетін таза орамалдар, жүзуге арналған дөңгелектер, жатуға ыңғайлы орындықтар, дәмхана да бар. Биылғы жаңалықтың тағы біреуі – балалар алаңқайы. Бұл жерде кішкентайларға шақталған бассейн, балық аулайтын ойыншықтар секілді қызықтар көп.
Суға түсіп салқындайсыз, көлеңкеде жатып демаласыз, тіпті бой жазып футбол, волейбол ойнайтын спорттық алаң да назардан тыс қалмағаны қуантарлық.

ЕСІЛДІҢ БОЙЫ РОМАНТИКА

Астаналықтардың белсенді демалысына лайықталған Есіл ауданындағы жағажайдағы қызметтің бәрін Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасы реттейді.
Есіл өзенінің сапасына тоқталар болсақ, биылдыққа өзеннің түбін екі рет тазалаған. Сүңгуірлер әуелі судың астында жиналған бөгде заттарды алып шыққан. Бұдан кейін арнайы құрылғымен саз-балшығы сорылды. «Мамандар судың сапасын тексеру мақсатында жүйелі түрде сынамаларды алып кетеді. Нәтижесі – шомылуға жарамды. Бүгінде Есілдің бойынан ондатр, кәмшат секілді терісі бағалы жануарларды кездестіруге болады. Табиғат заңына сәйкес, олар тек таза жерлерді мекендейтіні белгілі» дейді Арсен Әміржанұлы.
Есілдің жағажайы – роман­тикалық мекен. Жыл сайын мұнда сүйіктісіне тосынсый жасап, сезімін білдіретін жігіттер жиі келеді, ақ көйлек пен смокинг киген жас жұбайлар да өзен жағасында серуендеп қайтуды дәстүрге айналдырған.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 15 =