Жадымдағы жетi күн

0 79

Оразкүл АСАНҒАЗЫ,Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты:
– Бұл апта саяси да, мәдени де жаңалықтарға толы болды.
Менiң ерекше есiмде қалғаны, «Мемлекеттiк рәмiздердi қорлағандарды заңмен қатаң жазалау керек» деген Мәжiлiс депутаты Бақытбек Смағұл Бас прокурорға қылмыстық кодекске өзгерiс енгiзу қажеттiгiн айтып сауал жолдады. Бiз мұны қолдап, қолымызды қойдық.
Депутаттың бұлайша сауал жолдауының себебi түсiнiктi. Жуырда ғана Талдықорғандағы облыстық әкiмдiк ғимараты жанында мемлекеттiк тудан қап тiгiлiп, онымен қоқыс тасылды. Дәл сондай жағдай таяуда Атырау қаласында да болды. Қылмыстық кодекстiң 371-бабы бойынша мемлекеттiк туды қорлағандарға 200 бен 1000 айлық есептiк көрсеткiш есебiнде айыппұл салу немесе бiр жылға дейiн бас бостандығынан айыру көзделген. Бiрақ, мен де өзiмнiң әрiптесiмдi қолдай отырып, мемлекеттiк рәмiздерге тиiстi деңгейде құрмет көрсету үшiн заң тетiктерiн одан сайын күшейту керек деген ұстанымдамын. Ұлттық құндылықтарымызды қорлауға бұлай жол бермеуiмiз керек. Олар өздерiне тиiстi жазаларын алуы қажет.
Сонымен бiрге, осы аптада қазақ өнерiнiң майталманы Күләш Байсейiтованың туғанына 100 жыл толса, көрнектi қаламгерiмiз Ғабит Мүсiреповтiң 110 жылдығы тойланды. Бұл мерекелер Астанамызда өз деңгейiнде атап өтiлдi. Кеше Оралхан Бөкейдiң оқуларына қатыссам, бүгiн жалпықалалық сенбiлiкпен аптаны аяқтағалы тұрмын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × four =