Жадымдағы жеті күн

0 96

Алмаз ШАРМАН, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

«А» басқарушы корпусы бойынша мемлекеттік қызметке іріктеудің басталуы – меніңше, осы аптадағы маңызды жаңалықтың бірі. Мұндай шара мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үдерісін бір ізге түсіреді. Бір жағынан, АҚШ, Франция сияқты елдерде қолданылатын әлемдік тәжірибеге сай. Мемлекеттік қызметке білікті әрі елдік маңызы бар мәселелердің шешілуіне мүдделі, жанашыр жандар келу керек. Сонымен қатар, керек кадрды ұсыну мүмкіндігі туғаны қуантады. АҚШ-та менторлар институты, яғни тәлімгерлер институты бар. Бұл сіз ойлағандай «көкені көпір қылу» емес, дұрыс ұғымындағы тәлімгерлік – яғни, жетекші, ментор өзі ұсынған, жетелеген мемлекеттік қызметкер үшін зор жауапкершілік артады. Меніңше, мұндай тәжірибе Қазақстанға жақсы сіңісіп кетуі тиіс.

Ал тікелей өз саламдағы айтулы оқиғаға келер болсақ, АҚШ президенті Барак Обама 3 сәуірде миды картаға түсіру, яғни егжей-тегжейлі зерттеудің жаңа бағдарламасы туралы жариялады. Ол жоба он жылға созылады және үш миллиард доллар қаржы жұмсалады. Бұл бастама миллиард нейрондардың бір-бірімен өзара қалай байланысатынын және нәтижесінде адамның жады, сана-сезімі, түйсігі, танымы, сөйлеу және ойлау қабілеті қалай қалыптасатынын білуді мақсат тұтады. Бұл – бүкіл әлем медицинасы үшін ақжолтай жаңалық. Өйткені осындай іргелі ғылыми зерттеулердің арқасында Паркинсон ауруы, Альцгеймер синдромы, есалаң, аутизм сияқты дерттерді емдеу әдістері ойлап табылады деп үміттенеміз.

Гүлмира Аймағанбет, Әділбек Жапақ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =