ЖАДЫМДАҒЫ ЖАЗБАЛАР

0 222

Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны

«Қонысбай, бір ауыз өлең!»

Алматыға кезекті айтысқа ба­рып, «Жетісу» қонақүйінде жатқанмын. Теледидарды қосып қалсам, әкедем театрдың шетелге сапары жайлы хабар беріліп жатыр екен, әртістердің алдыңғы легінде маңдайы жарқырап Асанәлі ағамыз жүр. Хабар аяқталған соң есікті жауып, дәлізге шыға келсем, мына қызықты қараңыз, қасында бір-екі азамат бар Асанәлі аға алдымнан шыға келсін! Құшақтап кеудесіне қысып тұрып:

– Қонысбай, бір ауыз өлең! – деді.

Дәл жаңа теледидардан көргенімді айтып, «көк жәшіктен секіріп түстіңіз бе?» дегенге келтіріп, бір шумақ өлең айттым. Мәз болып, ризашылығын білдіріп жатыр.

Сонымен не керек, осылай сәлемдесу біз үшін дәстүрге айналды. Кездескен сайын ол құшақтап тұрып «өлең айт» дейді, мен суырып са­лып бір шумақ айтамын.

Арқалықта тұратын кезім. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмінің тұсаукесерін жасау үшін Асанәлі ағамыз келіпті, қасында кербез келбетті Ақселеу сері.

Сол жолы бір ауылда өткен кезде­суде Асанәлі Әшімовке бір ақсақал сұрақ қойды:

– Әй, Асанәлі! «Қыз Жібекте» Төлеген байғұс ғашығына асығып құстай ұшып бара жатқанда, сен кәпір, өліп жатқан қалмақтың кеудесіндегі жебені жұлып алып, ту сыртынан аттың-ау…

Сонда жебе қос жауырынның ор­тасынан қадалып, қыршын жастың аузынан қан атқылап жатқанда, жаның ашудың орнына түрің әлемтапырық болып бетіне топырақ шаштың-ау…

Сен өзің бұрын адам өлтіріп, кісінің қанын ішкен пәле емессің бе?..

Жұрт қыран-топан болып күліп жатыр, әрбір іс-әрекетіне көрерменін шүбәсіз сендіретін шынайы таланттың шеберлігіне қалайша тәнті болмассың…

Кейін осы сапардан оралғаннан соң, Асанәлі ағамыз сүйікті жары Майра жеңгейден айрылыпты деген хабар тиген. Көп ұзамай Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жүз жылдығына арналған ақындар айтысына қатысу үшін Павлодар қаласына келдім. Қонақүй алдын­да Асанәлі аға жолығыса кетсін. Ол кісінің ойында ештеңе жоқ, бұрынғы әдетінше:

– Қонысбай, бір ауыз өлең! – деп, құшағына орады.

Мен қысылып қалдым, өйткені жеңгеміз қайтқалы көріп тұрғаным осы, амал жоқ:

Жүреміз жырға бөлеп туған елді,

Халықтың басталады думаны енді.

Дейді екен қазақ: «Көңіл көрген жерде,

Осылай көңіл айтуға тура келді, – дегенім сол еді:

– Иә, Қонысжан, Өткенде Арқалықтан келгеннен кейін осындай қайғыға душар болдым, – деп терең күрсінді…

Қазір асқар таудай ағамен аман­дасу кезінде айтылған шумақтар шағын дәптердей болып қалды. Тек Алла осы сәлемдесудің ғұмырын ұзақ қылғай!

«Сырағаң суға түскенде…»

Торғай төсінде Ғафағаңның ал­пыс жылдығын тойлап жүргенбіз. Шаңқай түсте Амангелді батырдың кіндік қаны тамған «Үрпек» ауылы­на келіп ат басын тіредік. Күн күйіп тұрғандықтан, көш бастаушылар бірден Торғай өзенінің жағасына алып келді, ортамызда – Сырағаң.

Алайда, ойда жоқ жерден лепірген көңілімізді су сепкендей басқан оқыс оқиға болды. Өзеннің орта тұсында бір иірім бар екен, сол жерге жалғыз жүзіп барған Сырағаңнан тапа тал түсте көз жазып қала жаздадық. Бақытымызға қарай аяғы сәтті аяқталып, бірнеше күн бойы бар әңгімеміз сол Сырағаңның суға шомылғаны туралы болды.

Той аяқталып, қонақтарды Арқалық әуежайынан шығарып салып тұрғанда арқалы ағамызға:

– Сыраға, мен «Сырағаң суға түскенде» деген өлең жазамын, амандық болса, жетпіс жылдық мерейтойыңызға келген алғашқы кездесуіңізде оқып беретін бола­мын, – деп едім, Сырағаң:

– Әй, осы сендер мен суға түсе бастасам өлең жаза бастайды екенсіңдер, Шаймерген Әлдибеков те «Сырағаң моншаға түскенде» деген өлең жазып еді, – деп рахат­тана күлді.

Ақыры сөзімде тұрып, Сырағаңның жетпіс жылдығында Торғайда өткен алғашқы кездесуде осы уәде еткен өлеңімді оқып бердім. Ағам қатты риза болып, алғысын білдірді.

Дарынды ақынның мерейтойы Ахмет Байтұрсынов ауылында жалғасып, ыстық баспақ болып Ақкөл көлінің жағасына келдік. Бәріміз келген бойда суға қойып-қойып кеттік те, Сырағаңды ұмыт қалдырғанымызды аңғармаппыз. Армансыз сүңгіп болған соң, жағалау жаққа келсем, Сырағаң теріс қарата қойылған орындықтың арқалығына иегін сүйеп, әлдебір ойға, шомып мұңайып отыр екен.

– Сыраға, Сіз жағада неге жалғыз отырсыз, кәне, кеттік суға шомыла­мыз! – деп желпілдете жөнеліп ем:

– Рахмет, айналайын, сырқаттаныңқырап жүрмін, маған шомылуға болмайды, – деді күнәлі адамдай күмілжіп.

– Ендеше, қазір Ахаң шомылған қасиетті сумен арқаңызды жуамын, дайындалыңыз! – деп, алақаныммен су тасып, кеудесін жалаңаштап отырған ағамның денесін сергітіп едім, жас баладай мәз болып қалды.

Бұл қазақтың біртуар ақыны Сыр­бай Мәуленовтың туған топыраққа соңғы сапары еді…

«Мұқағали Мақатаев – студент!»

Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында Алматыда Азия және Аф­рика жазушыларының кеңесі өтті. Осы айтулы уақиға алдында кейбір ақын, жазушыларды көршілес республикаларға оқуға жіберіпті деп естігенбіз. Олардың арасын­да Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаевтар да бар болатын.

Сол кездері республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалі де жиі ұйымдастырылатын. Студент кезімізде сол фестиваль аясында өткізілген «Поэзия кешіне» қатыстық. Жастар бірінен соң бірі жарыса сахнаға көтеріліп, дүркіретіп өлең оқып жатқан. Кеш жүргізушісі:

– Енді кімнің өлең оқығысы келеді? – деп сұрап еді:

– Мен! – деген өткір дауыс саңқ ете қалды. Бәріміз еріксіз жалт бұрылып қарағанда, артқы қатардан шашын шалқасынан қайырған алып денелі жігіт ағасы көтерілді. Төралқада отырған жүргізуші:

– Мұқа, айналайын, бұл жастардың кеші ғой, соларға жол берейік, – деп еді:

– Мұқағали Мақатаев – студент, Мәскеу қаласы – деді де, асықпай басып мінберге қарай бет алды.

Кешті жүргізіп отырған белгілі ақын Қалижан Бекқожин ағамыз:

– Балалар, танитын шығарсыңдар, бұл – Мұқағали Мақатаев деген ақын ағаларың. Мұқағали ағаларыңның ақылы бар, бір-екі өлең оқиды да, түсіп кетеді, – деп алдын ала жуып-шайып жатыр.

Мұқаң қоймашылардың қолында жүретін, есеп-қисап жазуға арналған кітап секілді үлкен қызғылт дәптерді төбесіне көтеріп:

– Мына дәптердің ішіндегі өлеңдерді газет-журналдар түгілі маши­нисткалар да көрген жоқ, – деді де жаңа жырларына кезек берді.

Қайыңдар, аппақ қайыңдар,

Үнсіз ғана уайымдар.

Жұбатпай-ақ қойыңдар,

Менің де сендер жайым бар, – деп дауысы саңқылдап, кеудесі күмбірлеп қоя берді. Тағы да ізін суытпай бірнеше өлең оқыды. Зал іші құлаққа ұрған танадай тым-тырыс болып тыңдайды да, жыр жолдары аяқталғанда, қол шапалақтаудан қабырғалар қақырап кете жаздайды.

Ақын өлеңін оқып болған соң екі қолын көкке көтеріп, бүйірдегі есікке қарай беттеді. Біз ол шығып кеткеннен кейін де аяғымыздан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтадық.

Бұл құдіретті құбылыстан кейін сахнаға шығып өлең оқуға ешкімнің де жүрегі дауалаған жоқ…

(Жалғасы бар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 5 =