ЖАДЫМДАҒЫ ЖАЗБАЛАР

0 167

Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны

ТАБАН АСТЫНДА ТУҒАН ӨЛЕҢ

Қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың кесек-ке­сек туындылары, тарихи романда­ры әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қымбат қазыналар болып табылады. Прозаның шыңына шыққан ағамыздың ана жылдары жарық көрген «Ғапыл дүние» атты жыр жинағы елді елең еткізіп, тума таланттың тағы бір қырын танытты. Мен асыл ағамыздың суырыпсалмалығына да куә болғанымды тілге тиек етпекпін.

Төлен Әбдіков ағамыз елу жасқа толған мерейтойында елге Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Әшірбек Сығаев секілді жақсы мен жайсаңдарды ертіп әкеліп, халық бір жасап қалды. Ел азаматтары киіз үйден қала жасап, көпшілікті той қызығына кенелтті. Таңды-таңға ұратын мәжілістер жалғасып, таңғы бестерде ғана басымыз жастыққа тиіп жүрді. Бірақ шаршап-шалдыққан ешкім жоқ, қайта бәрі де желпініп, жайраң қағып оянады.

Сондай бір кеште Жангелдин ауданының бірінші хатшысы Жақан Қосабаев арнайы ат басын тіреп келіп, таңғы сағат алтыға дейін мәжіліс құрды. Ертесіне қызмет көрсетіп жүрген ел жігіттері маған келіп қолқа салды.

– Таңертеңгі ас дайын болғалы бірсыпыра уақыт өтті, түнде кеш жатқан соң қонақтарды оятуға батпай отырмыз, өзіңнің көмегің қажет, – деп өтінген соң, қарсылық көрсете алмадым.

Мен сыйлы қонақтар жатқан бас үйге сәлем беріп кіріп келсем, Әбекең оянса да, әлі киінбеген күйі көрпемен белін орап, шашын саусақтарымен тарақтап, төсегінде отыр екен. Жанын­да жатқан Дулат аға ұйқысын қимай, көрпесінен басын ғана қылтитып, ұйқылы-ояу жатыр.

– Әй, Дулат, дәмнен үлкен емеспіз, көпшілік күтіп отыр ғой, басыңды көтер, – деп еді, інісі:

– Әбеке, ойланбай бір ауыз өлең шығарсаң тұрамын, – деп көрпесін одан сайын қымтана түсті.

Сондағы Әбекеңнің табан астында суырып салған бір шумақ өлеңі мынау еді:

Беске өкпелеп жүргенде алты шықты,

Ұйықтатпайтын Жақанның салты шықты.

Егіз ұйықтап үйренген ерке Дулат,

Бір көрпенің астынан жалқы шықты.

Бір адамға өнер сыйласа үйіп беретін мырза құдайдың жомарт қылығына тағы да көз жеткізгендей болдым.

ОРНЫ ҚАЛДЫ ОЙСЫРАП…

Қазақ сатирасының жарық жұлдызы, тотияйын тілді Сейіт ағаммен ағалы-інілідей болып өмір кешкенімді зор мақтаныш тұтамын. Ол өткір өлеңдерін, әзіл әңгімелерін оқысаң да, өзінің түр-тұлғасына, мінез-құлқына, қимыл-қозғалысына қарасаң да, тұла бойы тұнып тұрған тап-таза сатирик болатын.

Өмірде кездесетін кемшілік-олқылықтың бәрін, адам бойындағы теріс қылықтарды шығармасына арқау еткенмен, бір кісідей қожанасырлығы да өз басына жетіп артылатын.

Көшеде келе жатқанымызда біреу-міреу сәлемдесе қалса, Ташкен база­рында жоғалтып алған бауырын тауып алғандай мәре-сәре болып жататын. Тіпті, ұзатылатын қыздай әзер ажырап бара жатқанда да:

– Ал, енді хабарласып тұр, үйді білесің ғой, келсең, соқпай кетпе, – деп қайта-қайта қол бұлғайтын.

Күте-күте әбден шыдамым таусылған мен:

– Аға, жаңағы қай жалғызыңыз? – деп сұрасам:

– Кім біліпті соны, өзімді көргеніне қуанып жатқанда «Сен кімсің?» деп сұрау ыңғайсыз ғой, – деп жауап беретін жарықтық.

Оқу бітіріп келіп, туған елім – Жан­гелдин ауданында қызмет істеп жүрген кезім. Көшеден Сейіт аға кездесе кетті, қасында Тынымбай Нұрмағанбетов. Сапарының жөнін сұрап едім:

– «Албарбөгет» совхозында бір құдам, «Речной» совхозында бір туысым, «Торғай» совхозында бір нағашым, «Қызыләскер» совхозында бір сыныптасым қайтыс болып, – деп шұбыртып ала жөнелді.

– Астапыралла, ағатай, соның бәрі өз ажалынан өлген адамдар ма, әлде, қайта-қайта келіп жүруге уақытым жоқ деп ұйымдастырғаннан саумысыз? – деппін. Тынымбай аға мәз болып күліп жатыр.

Атақты аға шаңырағының отанасы Тұрсын апамыз да отбасының берекесі еді. Секең кейбір оспадар әзілдесетін інілерінің сөзін естігенде кірпігін қақпай тұрып қалатын, бұл ол кісінің шамданып қалғандығының белгісі. Соны білетін Тұрсын апай:

– Біздің Қонысжан ағасымен әдемі әзілдеседі, – деп мәз болып отыратын.

Мен мектеп қабырғасында жүргенде Сейіт ағаға еліктеп, сатира жазып танылдым. Ол кісі – менің өнердегі ұстазым, өмірдегі ақылшым еді. Қиналған, қысылған кезім болса, қолынан келгенше көмек көрсетіп, қолымды қақпайтын.

1981 жылы облыс орталығынан үш бөлмелі үй алып, Арқалық қаласына көшіп келдім. Кешегі студентте қандай жағдай болсын, келіншегім екеуміздің алғашқы күндері газет төсеп шай ішіп жүрген кездеріміз болды. Бар сенетінім – Сейіт аға. Дүкеннен бір қажетті зат көре қалсам, жүгіріп барып сол кісіден қарыз ала қоямын.

Көптен бері хабарласа алмай кетіп едім, бір күні кешке телефоным шыр ете қалды. Тұтқасын көтерсем, Сейіт аға екен:

– Әй, бала, таза хабарласпай кеттің ғой, «Байдан құтылғың келсе – қарыз сұра, кедейден құтылғың келсе – қарыз бер» деген. Соның кебі келіп жүрмесін. Ал, енді осы қазір сенімен телефонмен сөйлесіп жатқанда, қолымда тұп-тура екі жүз сомдық тұр…

Бұнысы ақшадан қысылып, сұрауға ұялып жүрген жоқсың ба дегенді мегзегені еді.

Өмірден озған күні-ақ орны ойсы­рап қалатын, қайран жақсылар-ай…

«ӘЙ, ӨТЕМІСОВ!»

Атақты қолбасшы Александр Маке­донский барлық солдаттарының аты-жөнін жатқа біледі екен дегенді кезінде газеттен оқып едім. Оның рас-өтірігін тарихшылардың еншісіне қалдырайық, менің танитын тұлғаларымның ара­сында еске сақтау қабілетімен таң қалдырғаны Темірбек Қожекеев ағамыз еді.

Біз 1972 жылдың күзінде журна­листика факультетіне оқуға түскенде Темкең жаңа ғана декан болып келіп жатқан.

Рақымжан деген курстасымыз мек­теп бітіре салысымен жолы болып оқуға түсіп кеткен жастың бірі бо­латын. Студенттік кездің талабын мойындай қоймаған кешегі мектеп оқушысы ең алғашқы лекциядан қашып кетіп, есік алдында Жанұзақ деген досын күтіп отырады. Бір кезде деканның келе жатқанын алыстан байқаса да, кешегі мыңдаған абитури­енттерден кімді есіне сақтады дейсің деген сеніммен қысылып-қымтырыла қоймайды. Темірбек аға оның тұсына келгенде кілт бұрылып:

– Сен бала бұл жерде не қып отырсың? – деп сұрайды.

– Ағай, мен СХИ-да оқушы едім, осы КазГУ-дегі бір жолдасымды күтіп отырмын, – дейді өзіне-өзі сенімді Рақымжан. Сонда Темкең:

– Әй, Өтемісов, таңертең деканатқа кел, мен сені СХИ-ға ауыстыра қояйын, – депті…

АНАНЫҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА…

Менің анам Рысты Мұшалқызы қырыққа енді аяқ басқанда өмірден озды. Осы қамшының сабындай қысқа ғұмырда он бір бала көтеріп, соңғы перзентін өмірге әкелер сәтінде жарық дүниемен қош айтысты.

Менің есімде ерекше сақталған бір қасиеті оның балаларына ұрысқанда айтатын «қарғыстары» еді. Басқа әйелдер: «Шешек келгір!», «Көктемегір!», «Жетпегір!» деп жатса, ол кісі осы ауыр сөздердің өңін айналдырып: «Шешек келмегір!», «Көктегір!», «Жеткір!» деп кері мағынасында айтатын. Шын ашуланған кезде аузынан шығатын сөздерді қалай өзгертіп үлгеретініне таң қалып, шешеміз «баталарын» беріп жатқанда «Әумин!» деп бетімізді сипайтынбыз. Сонда қайран ана туған балаларын қарғауға аузы бармай, солай істейді екен ғой. Осы туралы қазақтың ақын қызы Фәриза апама айтқанымда: «Апырай, бұндай жан туралы бірінші рет естуім» – деп, таң қалғанын жасырмап еді. Сонда анам отызды енді ғана орталаған жас келіншек екен ғой. Сөйткен анамды өкпелетіп алғанымды ойласам, әлі күнге дейін өзімді-өзім кешіре алмай­тын секілдімін.

Біздің үй жаз шығысымен «Қызыләскер» совхозының аумағындағы «Айдар» деп аталатын сайға киіз үй тігіп, бие байлап отыратын. Сол 1970 жылы да осы әдеттерінен жаңыла қойған жоқ. Тоғызыншы сыныпты бітірген сыныптастар жаз бойы кірпіш құйып, ақша таппақ болып келіскенбіз. Сол оймен алып-ұшып үйге келсем, анам бірден қарсылық танытты.

– Менің аяғым ауыр екенін білесің, аман-есен аяқ-қолымды бауырыма алғанша бие саудыруға көмектесіп қасымда болсаңшы, айналайын! Әкең аман болса, ақшадан тарыға қоймассың, – деп бір-ақ қайырды.

Достарыммен ертең жұмысқа кірісеміз деп келісіп қойғандығымды айтып, ер-тоқымымды бауырыма алып, туладым-ай келіп. Абырой болғанда үйде әкем жоқ еді, сонымен бір келісімге келе алмаған күйі ұйқыға жаттық.

Ертесіне ертемен тұрып алып, сы­тылып шығып бара жатыр едім, анам байқап қалып:

– Балам, таң атпай қайда барасың? – деп соңымнан ере шықты.

Бұл балалықты қойсаңшы, бейне ұстап алып байлап қоятындай қара жолға қарай жүгіре жөнелдім.

– Қонысжан-ау, тым құрыса етігіңді алып кетсеңші, керегі болып қалар, – деген сөзін де тыңдамадым.

Біраз ұзап кеткен соң артыма бұрылып қарасам, қолына етігімді ұстаған күйі апам шарасыз хәлде қыр басында қозғалмай тұр екен. Анамның осы бейнесі жадымда мәңгілік жатта­лып қалды.

Сол күні кешке толғақ қысқан анамды көршілес «Еңбек» сохозының ауруханасына алып кетіпті. Сәбиі аман туғанмен кенет қан қотарылған анамды сақтап қалуға ауыл дәрігерлері дәрменсіз болғанға ұқсайды. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы да…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − ten =