Жадымда қалар мәңгілік…

0 122

Бұл естелікке арқау болған тұлға, кеңінен танымал, елге сыйлы аға болған – Тәжібай Рахметоллаұлы Шәймерденов. Өзі – әрі ұстаз, әрі білім беру мен оқу ісін ұйымдастыру саласында үздік басшы болған адам. Ол ойша үгіт-насихаттан гөрі іс-әрекетпен, үлгі-өнегесімен, бойына біткен, көпшілік адам баласында сирек кездесетін табиғи қалыптағы кішіпейіл, ұстамды мінезімен адамды еріксіз өзіне тартып, «мұндай да адам жаратылады екен» деген еріксіз ойға жетелейтін тұлға еді.

Елге сыйлы Тәжеке атанғанға дейін, сонау ат жалын тартып, алғашқы еңбекке араласа бастаған уақыттан бастап, мұғалім, үлкенді-кішілі қызмет саласында да, әр басқан қадамын ойланып басуға, әр іске жауап­тылықпен қарап, бастаған ісін тыңғылықты аяқтап, өзін-өзі адалдық пен тазалыққа тәрбиеледі, үздіксіз ойланыс пен ізденіс оның болмысына тән қасиеттер еді. Ал ғылыми-педагогикалық шығармашылығының толық айғағы – көп жылғы еңбектің барысында жазылған «Мектепті басқарудың негіздері» (Павлодар 1990. – 150 б.), «Мектеп басқару негіздері» (Павлодар, 1992. – 120 б.), «Мектеп басқаруды жетілдіру» (Павлодар, 1996. – 110 б.), «Тәрбие тағылымы» (Павлодар, 1998. – 115 б.), «Балаларға қамқорлық» (Павлодар, 2000. – 110 б. екі тілде), «Өмір өткелдері» (Павлодар, 2005. – 140 б.), «Тәлімгер тұлғалар – наставники» (Қарағанды, 2013. – 404 б.), «Ұстаз – ұлағатты ұғым», «Все начинается с учителя» (Павлодар, 2016. – 396 б., екі тілде), «Қалдырған іздерің мәңгілік» (Павлодар, 2016. – 348 б.) атты кітаптары.
Әкесі – Рахметолла Шәймерденұлы, Отыншы қажының немересі, Баянауыл ауылының қатардағы қарапайым тұрғыны. Колхоздың басшысы, партия, кеңес қызметтерін атқарған. Колхоз есепшісі де болған, өте адал, еңбекшіл жан болыпты. Үнемі газет-журналдарды жаздырып, үзбей оқып, тіпті әдеби кітаптарды да қызыға оқитын, өз сауатын өзі дамытқан адам екен. «Әкемнің менімен әңгімелесу үстіндегі бір ауыз сөзі өмірлік жадымда сақталып қалды» деп еске алатыны: «Шырағым, міне, мектеп директоры да болдың, мүмкін одан да жоғары қызметтерді атқарасың. Саған айтарым, біреудің ала жібін аттама» деген насихаты отбасымыз­да ұрпаққа аманат ретінде жалғасуда. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген әке мен ананың ізгі қасиеті Тәжекеңе және оның інісі Несіпбекке үлгі болған. Отбасының балалары кітапқа құмар болып дағдыланған. Әкелері балаларына қатты сөз айтып, өмірі зекіп ұрсып көрмеген жан екен. Үлгілік деген – осы.
Небәрі отыздар шамасындағы жас азаматтың Екібастұз қаласының білім басқармасын басқаруға сенім арту – үлкен жауапкершілік. Қала мәртебесін алған жас Екібастұз шаһарына Одақтың әр түкпірінен, кейбіреулері бала-шағасымен, келген құрылысшылар, кеншілер, теміржол және т.б. мамандық иелері, әртүрлі ұлт өкілдері, қатардағы жұмысшылар әкелінгені белгілі. Қала оқушыларының едәуір бөлігі жетім, жартылай жетім немесе жалғыз аналары ғана бар, олардың өзі күні бойы жұмыста болғандықтан, оқу жасындағы балалардың көпшілігі қараусыз болып, олардың арасында тәртіп бұзушылық пен бұзақылық артып, өрескел жайттар жиі бола бастағандықтан, сол кездегі партия мен Кеңес орындарымен қоса, бірінші кезекте қалалық оқу бөлімі мен мектеп мұғалімдерін қатты ойландырғаны мәлім.
Бұл жағдайды жедел түзету үшін Облыстың партия комитеті басшылығы, білгір ұйымдастырушы ­Т.Шәймерденовке жастарды тәрбиелеуде өндірістің әр саласында жұмыс істейтін ата-аналармен тығыз жұмыс істеуді қолға алуды тапсырып, тәртібі мен сабақ үлгерімі төмен болғаны үшін оқушылардың ата-аналарының жауапкершілігін арттырды. Кей мектептерде сынып қамқорлыққа алынып, «қиын» деп аталатын балалармен жеке тәрбие ісін жүргізіп, спортпен айналысуларына жағдай жасалды. Бірігіп істелінген бұл іс-әрекет пен тәрбие өзінің жемісін беріп, дұрыс бағытта дамуға ықпалын тигізді. Қазақстан Орталық партия комитеті бюросында қызу талқыланып, мақұлданып, екібастұздықтардың бала тәрбиесі жөніндегі және жалпы жастарды тәрбиелеу жөніндегі бастамасы бүкіл республикаға таратылып, ҚСРО оқу министрлігі бұл тәжірбиені коллегияда қарап, қалалық білім беру бастығы Т.Шәймерденовтің тұжырымдамалық баяндамасы кейін бүкіл Одаққа таратылғаны туралы басылым беттеріне жарияланды. Бұл істің барлық кезеңдерінде басы-қасында оқу бөлімінің іскер басшысы Тәжібай ­Шәймерденовтің болғанын сол кездегі жарияланымдарда көрсетілген. Бұл қазіргі бала тәрбиесінде де заман талабына орай ескеріліп, оқушылардың танымдық даму бағыттарына сәйкес­тендіріп жүргізсе артық болмас еді.
Шәймерденовтің қызмет істеу стилі, адамдармен мәдениетті қарым-қатынасы, айрықша ұйымдастыру қабілеті, рухани-ізгілік келбеті биік тұлға екендігін айта отырып, «көпшілік сол кісіден үлгі алып, ұйымдастырушылық өнегесінен үйреніп, тіпті, еліктеуге тырысатынбыз» дейді көз көргендер. Жақсының ғибраты-ай! Жібектей мінезі-ай! Көркем істері-ай! Сонымен, ол кісі облыстың білім басқармасын 1965-1988 жылдар арасында бақандай 24 жылдай мінсіз басқарып, абырой биігіне жетті. Облыстың білім беру саласын республика және Одақ көлемінде танымал етіп, үш рет қатарынан ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алған соң, сол кезде облысқа білім саласы басшысы ретінде өзгеріссіз қалдырғандығы тайға таңба басқандай ақиқат еді. Адал еңбек, таза ар-мінез деген – осы.
Тәжекең қала, аудандардың бірінші басшыларымен бірге ақылдаса отырып, кадр таңдау, оларды біліктілігі мен қабілетіне қарай қызметке орналастыруға ерекше мән беріп, бәріне де араласып, әділетті болып, барлығын ақылға жеңдіретін. КСРО оқу минис­трінің бірінші орынбасары Ф.Паначин мектептерді аралап, сабаққа қатысып, интернаттарды көріп, қуанышы мен ризашылығын жасыра алмай, «Мектеп директорлары, оның мұғалімдері, ойлы, білімді, парасатты адамдар болуы керек, сіздер осындай сапаға қол жеткізе бастағандарыңыз қуантарлық. Құттықтаймын! Ал интернаттардың тазалығы, тіпті мәскеулік емханалардың тазалығынан бірде-бір кем емес» деп қолын қысқанда, Тәжекең балаша қуанғандығын үлгі қылып айтқаны ел есінде.
Бұл – қажырлы еңбектің нәтижесі. Бүкілодақтық мұғалімдер съезінің секцияларында, оқу-ағарту экономикалық мәселелері жөнінде өткен Мәскеудегі конференцияға, Одақтың Оқу және Сауда министрліктері ұйымдастырған оқушыларды тамақтандыру проблемасына арналған Львов қаласындағы ғылыми конференцияға да қатысады. Сондай-ақ «Оқушыларды патриоттық және Отанды сүю мәселесіне» арналған Ташкент қаласында өткен ғылыми-теориялық конференцияда Қазақстанның атынан сөйлеу мәртебесіне ие болған. 1984 жылдың тамыз айы КСРО Оқу минис­трлігінің Орталық партия комитетінің мектеп жөніндегі қаулысын іске асыру мәселесіне арналған үлкен мәжіліске шақырылып, рес­публика атынан министр Балахметовке емес, облыс­тың білім басқармасының бастығы Т.Шәймерденовке сөз беру үлкен сенім мен абырой болатын-ды.
Тәжекең 1988 жылы «Қазақ мектептерін ғылыми жолмен басқару. Жас жеткіншекті жан-жақты зерттеу жолдары туралы» атты кандидаттық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алып, зейнеткерлікке шығып, әрі қарай еңбек жолын ғылымға арнады. Қазақ КСР, КСРО білім саласының үздігі, 1976 жылдың 17 желтоқсаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығы бойынша «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағы, «Еңбек Қызыл ту» ордені, бірнеше медальдармен қоса көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған. Тәжекеңнің өмірбаяны туралы толық мәлімет «Қазақ жерінің зиялы азаматтары», «Почитаемые люди земли казахской» деген үлкен кітаптың VII томына да келтірілген.
Көп жылдар облыстық білім беру саласын басқарған бірінші басшысы ретінде өзі ақылгөй, даналығы жағынан үлкен аға, іскерлігі, парасаттылығы мен кәсіби біліктілігі жағынан ұстаз 93 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Тәжекең үйіндегі Қабыш жеңге де мұғалім болып көп жыл Павлодар педагогикалық училищесінде қызмет істеді. Абзал жан, мейірімді ана еді. Екеуі Нағима, Сәуле, Нәйла, Асқар атты баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген. Нағима музыка саласының маманы болса, Сәуле мен Нәйла – дәрігерлер. Ал Асқардың мамандығы – инженер-электрик. Тәжекеңнің екі немересінің бірі Алиасқар АҚШ-та экономист мамандығын алған. Мәскеу қаласында «Partners in Performance» австралиялық консалтинг компаниясында еңбек етеді. Немересі Алмас «Павлодар» ЖШС – Солтүстік Суарық ОМТС басшысы болып еңбек етуде. Атасына тартып ұл туар деген, тағы да ұрпақ өмірге көптеп келсін. Қазақ даласында ел басқарған абыз ақсақалдар ақыл айтып, жастарға айтарлықтай үлгі-өнеге берген. ­Т.Шәймерденовтің тәрбие мен білім ұйымдастыру ісін өнеге етуші ұстаздар көп болсын!

Махсат АЛПЫСБЕС,
тарих ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 12 =