ЖАБЫРҚАУ ЖАНДАРДЫҢ ЖӘРДЕМШІСІ

0 111

Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеуге, өзіне-өзі қызмет етуге үйретіп, қамқорлық көрсету мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметкерлер тағайындалады. Гүлжан Ақылбекқызы – Алматы ауда­ны әкімдігіне қарасты мүгедек балаларға үйден қызмет көрсету бөлімінің әлеуметтік қызметкері. 

Жалпы көпшілік біле бермейтін, көп еленбесе де қоғамда ерек­ше орны бар, әлеуметтік қызмет көрсетушілерді өз тауқыметін арқалаған отбасылар мен қоғам арасын жалғаған үміт көпірі десе де болғандай. Олардың қарлығаштың қанатымен су тасығандай көмегі қамкөңіл ана мен мүгедек баланың өміріне ізгілік шуағын сеуіп жүргенін бағалайтындар кемде-кем. Гүлжан – осы саланың белді маманы. Үлкен жүректі жандар ғана тәуекел ететін бұл іспен айналысуы да кездейсоқ емес-ті. Алғашында педагог-психо­лог мамандығына сәйкес келген соң, атқаруға кіріскен. Уақыт өте келе мүгедек балалармен жұмысы әдеттегі міндеттің ауқымынан асып, олардың бейдауа өміріне бойлай бастады. Оның адами жауапкершілігі, кісінің қайғысына ортақтаса білу қасиеті «мен бол­масам, кім енді?!» деген сауалдың жауабын табуына түрткі болды. Олардың тауқыметіне терең бойлаған сайын таңдауының дұрыс екеніне көзі жетті. Мына дүниеге жарымжан болып келген жандардың жанына шуақ болып құйылып, сарылып күтіп отырған сәбилерді тастап кете алмасын түсінді.

Жаратушы бір қолымен алса, екінші қолымен жарылқайтын сияқты. Кемтар періштелердің бірінің тілі, бірінің көзі, енді бірінің есту қабілеті болмаса да басқа бір дарынын аста-төк етіп жаратады екен. Олармен араласқан сайын, өзінің де ерік-жігері шыңдалып, өмірдің мәнін ұққандай болады. Олардың өмірге құштарлығы Гүлжанды да жігерлендіреді.

Бүгінде әлеуметтік қызметкер міндетінің қызметінің де мәні өзгерген. Көп адам науқастың үйін жинап, асын пісіріп береді деп ой­лайды. Алайда Гүлжанның міндеті өзгеше. Ол өзінің қарауындағы алты баланың үйлеріне аптасы­на екі рет барады. Есіктен кіре, жабырқау жандардың жүзіне күлкі үйіртіп, жанын жадыратуға тырысады. Бір жарым сағаттың ішінде баланың күнделікті тірлігін түрлендіріп, қамкөңіл аналарына демеу бола біледі. Кейде сәбилерді серуенге алып шығады, қала бассейндеріне апарып, шомылды­рады. Бірге отырып музыка тыңдап, енді бірімен сурет салады. Дүниеде сәбиді, әсіресе кемтар жанды ал­дай алмайсың. Көңіліне бірдеңе жақпаса, ықыласыңның шынайы екенін сезінбесе томсырайып қалатыны бар.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын қарауымда бір мылқау бала болды. Ойындағысын жеткізе алмаса ызаланып, қолына түскен затпен терезенің әйнегін сындыра бастайды екен. Бірде сол баланың үйінің тұсынан өтіп бара жатып, оның терезенің алдында тұрғанын көрдім. Танып, қолымды бұлғап жөніме кете бердім. Бірнеше күннен кейін тиісті уақытта осы үйге қайта бас сұқтым. Анасы қуанып алдымнан шықты. Сөйтсе, өткен жолы баланың ашуланып, терезені қиратқалы тұрған сәті екен, көшеде өтіп бара жатқан мені көріп, райынан тез қайтыпты. Со­дан бері қит етсе, терезені шағып тастайтын әдетін тастапты. Ол енді сол терезеге қарап, мені тосады екен. Осындай бейкүнә сәбилердің менің жолыма қарап, сарылып күтетіні есіме түскенде жүрегім шымырлап, қоя береді», – дейді Гүлжан Ақылбекқызы.

Тұла бойында титімдей жасандылық жоқ, адамға жақсылық жасағысы келіп елпілдеп тұратын кішіпейіл жан, елордамыздың әлеуметтік қызметкері Гүлжан – осындай шексіз мейірім иесі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =