«Жабайы» базар орнына – қоғамдық кеңістік

0 20

Елордада бос аумақтарды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қала тұрғындарына жайлы әрі қолайы орта қалыптасып, аталған нысандардың кес­кін-келбетіне ерекше назар аударылады. Бұл бағытта заңсыз сауда орындарымен күрес те қарқын алды.Мәселен, жергілікті тұрғындар заңсыз сауда жүргізілетін «Шапағат» коммуналдық базарының жанында шағын гүлзар немесе саябақ салу туралы өтініштерін білдірді.
– Базардың жанында тұрып жатқаныма 7 жыл болды. Осы ауданның тұрғыны әрі бала тәрбиелеп отырған ана ретінде аулада болып жатқан бейберекетсіздікке қатты алаңдаймын. Осыған байланысты әкімдікке жүгіндік. Әрине, жағдайдың жақсы жағына қарай өзгергенін қалаймын, – дейді аудан тұрғыны Зарина Исказина.
Полиция департаменті де аталған сауда орнының қызметі тиісті заң талаптарына сай келмейтінін мәлім етті. Өз тарапынан полиция қызметкерлері саудагерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Саудагерлер бірнеше мәрте заң талаптарын көзге ілмей айыппұл арқаласа да, айылын жияр емес. Олар әкімдік өкілдерімен кездесуде өз мәселелерін сөз етіп, сауданы өзге орынға көшіруге дайын екендіктерін білдірді.
– Ең алдымен бұл базардың жұмысы кәсіпкерлік, жер пайдалану саласындағы заң талаптарына қайшы. Сауда орындарында ешқандай санитарлық, қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Сарыарқа ауданы әкімдігінің атына осы алаңда орналасқан үйлердің тұрғындарынан «жабайы» базардың орнынан тұрақ аймағы бар аллея ашу туралы өтініштер көптеп түсуде. Қазіргі уақытта Урбанистика орталығымен бірлесіп алаңның жобалық эскизі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ аудандық әкімдіктің қызметкерлері саудагерлермен кездесіп, қабылдаулар ұйымдастырды. Әрқайсысының мәселесін жеке-жеке қарастырып, құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңестер бердік. Мәселенің шешімі ретінде саудагерлерге заңды түрде жұмыс істеуге басқа сауда орындарын ұсынып отырмыз, – деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Абдрахман Дауленбаев.
Саудагерлерге орындар «Джафар» сауда үйінің жанынан және Ш.Қосшығұлұлы, 14 мекенжайынан берілді. Қазіргі уақытта саудагерлердің басым бөлігі ұсынылған орындарда жұмысын жалғастыруға ниетті екендіктерін жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − two =