Жабайхан ӘБДІЛДИН, академик: Әл-Фараби еңбектері әлемге өзгеріс әкелді

0 168

Биыл жалпақ ел болып Аристотельден кейінгі әлемнің «екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлаймыз. Оған дайындық былтырдан басталды. Қазір мерзімді газет-журналда жер жүзі мойындаған ғұламаның іргелі еңбектері жайында танымдық зерттеулер, ойлы мақалалар жарық көріп жатыр. Алайда біз ұлы ғалымның ұшан-теңіз мұрасына қаншалықты бойлай алдық? Осы ретте Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін қалаушы, көрнекті философ-ғалым Жабайхан Мүбәрәкұлымен кездесіп, данышпан тұлғаның зерделі зерттеулері жайында сұхбаттастық.

Философияға қосқан жаңалығы көп

– Жабайхан аға, әл-­Фараби бабамыз, әсіресе, философияны терең зерделеді. Сіз де үлкен философсыз. Сөзімізді ­ғибратты ғалымның философия ғылымына қосқан үлесінен өрбітсек.
– Рақмет, айналайын! Батыс пен Шығысты терең білімімен, кемел ақыл-парасатымен мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби ұлы философ болған. Ол – философияда Аристотельдің жазғандарына талдау жасап қоймай, оған жаңалығын қосқан адам. Аристотель көзі тірісінде категориялар туралы көп ізденіске барып, үлкен еңбек жазды. Оның «Метафизика» деген кітабында категориялардың барлығын бір жүйеге келтіріп, әр категорияның бір-бірінен айырмашылығын талқылап, төрт себебін көрсетеді: бірінші – форма, екінші – материя, үшінші – мақсат, төртінші – әсер етуші әрекет. Аристотельдің ойынша, материя дегеннің өзі онша белсенді емес, оны қалыптастырып, түр беретін форма дейді. Әл-Фарабидің философияға қосқаны материя деген бейтарап емес, оның да белсенділігі бар дегенді дәлелдеді. Бұл философияда әжептәуір жаңалық болып саналды. Біз қазір категорияны ойдың формасы деп түсінеміз. Ол заманда әлемнің шындығы себеп, кеңістік, уақыт, кездейсоқтық, лажсыздық деп түсіндірілді. Әл-Фараби осыны жан-жақты зерттеді. Бұл кісінің категория жөніндегі еңбектері мазмұнды мағынаға толы екенін бір мысалмен айтайын. Әл-Фарабиден жүз жылдан кейін өмір сүрген айтулы ғалым Әбу Әли Ибн Сина: «Мен Аристотельдің «Метафизика», «Категория» деген еңбегін он рет оқыдым. Бірақ оны жетік түсінбедім. Тек әл-Фарабидің түсіндірмесін оқыған соң жақсы түсіндім» деп айтқан. Соған қарағанда, ғұлама бұл ғылыми еңбекке мағына жағынан, тіл жағынан зерделі тұжырым жасаған. Сонымен қатар әл-Фарабидің таным, ой жөніндегі айтқан еңбегі – бір төбе. Оның ойынша, таным сезімнен басталып, әрі қарай ұғым, ой болу керектігін жеткізеді. Пайымдау дегенге де тоқталады. Бір сөзбен айтқанда, әл-Фараби философияда грек ойшылы Аристотельдің жоғарыда айтқан екі еңбегінен басқа, «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика» және «Топикасы» мен «Софистикасына» түсініктеме жазды. Бұлардың маңызы әлі күнге құнды.
– Бабамыз философ қана емес, үлкен ғалым болғандығы аян. Ғы­лым­ның сан түріне түрен салды. Бұл туралы не айтасыз?
– Арабтар әл-Фарабидің ғылыми мәселелеріне қызыға қарады. Соның ішінде ол ғылымның математика, астрономия, астрология, космогония, физика, лингвистика, медицина, биология салаларын індете зерттеді. Ерте дәуірде «Алдымен күн айнала ма, әлде жер айнала ма?» деген сұрақ оқығандар арасында үлкен пікірталасқа ұласқан. Аристотельге дейін де «күн айналмайды, жер айналады» деген пікір болған. Сол заманда әлемнің бірінші ұстазы «Жер айналмайды, күн айналады» деген тұжырымды ғылыми түрде дәлелдеген. Осыны әл-Фараби «Альмагест» атты еңбегінде жан-жақты түсіндіреді. Бұл көзқарас XVI ғасырда Галилей және Ньютонның ғылыми дәлелінен кейін өзгерді. Бірақ XVI-XVII ғасырға дейін «Жер айналмайды, күн айналады» деген теория үстемдік құрды, басқаша ойлаған адам болмады. Сонымен қатар ол астрономия мен астрологияны жақсы білді. Әл-Фараби музыка саласында айтулы еңбектер жазды. Оның «Музыканың ұлы кітабы» атты дүниесі әлемге үлкен өзгеріс әкелді. Ғұламаның ғылыми еңбектерін арабтар ғана емес, парсылар да жоғары бағалады. Еуропа ғалымдары, оның ішінде немістер терең зерттеді.

Тұрғындар бақытты болуы үшін басшы әділ болу керек

– Қазір ұлы тұлғаның «Қайырымды қала тұрғындары» трактаты туралы көп айтылады, жазылады. Бірақ біз бұған қаншалықты мән беріп жүрміз?
– Әл-Фарабидің бұл трактатын жұрттың бәрі жақсы біледі. Менің ойымша, бұл еңбекті қайырымды ғана емес, ізгілікті, кісілікті қала деуге болады. Мұнда ғалым адамның бақытты өмір сүруі жайында баяндайды. Қала дегенді «шаһар» деген мағынада түсінуге болмайды, ертеде гректер қаланы «мемлекет» деген ұғымда айтқан. Жарық дүниеге шыр етіп келгеннен кейінгі жұмыр басты пенденің өмірдегі мақсаты – бақытты болу. Бақытты болу үшін адам ізгілікке толы қалада өмір сүру қажет. Бабамыз кісілікті қаланың тұрғындары бір-біріне әділ, қиянаттан аулақ, ұрлықтан, өтіріктен алыс, рақымды, тұрмысы жағынан еркін, тәуелсіз болу керек деп жазады. Ол кісі бұл еңбегін Платонның «идеалды мемлекет» деген ұғымын одан әрі ұштап, дамытып, түсінігімен өзі өмір сүрген уақытқа сай етіп жасаған.
«Кісілікті қала тұрғындары» трактатында ізгілікті қалада адамдар бақытты өмір сүруі үшін оны басқаратын адамның иманды философ болуы керектігін айтып, оның 12 сипатын көрсетеді. Мемлекет басшысы – халықты тәрбиелейтін тұлға. Платон да осыны айтады. Сонымен, ол адам бірінші – ақылды, екінші – білімді, үшінші – зердесі мықты, төртінші – еркіндікті сүйгіш, бесінші – әділ, алтыншы – ешкімге қиянаты жоқ, жетінші – рақымды, сегізінші – қанағатшыл болуы… Осылай кете береді.
Сонымен қатар ғалым тағы алты сипатты сөз етеді. «Кісілікті қала тұрғындары» тыныштықта өмір сүруі үшін көршілермен қақтығыстан сақтануы қажет дегенді айтады. Әл-Фараби сонда ғана адамдар шатты, бақытты өмір сүреді деп дәлелдейді.
Сондай-ақ ғұлама кісілікті қалаға керісінше білімсіз, надан қаланың да жай-кү­йін бедерлейді. Ол шаһар тұрғындарының есіл-дерті ішсем-жесем, ойнап-күлсем, рақаттансам, арақ-шарапқа құмарым қанса дегенді ойлап тұрады дейді. Соған қарап олар өздерін бақыттымыз деп ойлауы мүмкін, бірақ қателеседі. Білімсіз, надан қалада өмір сүретіндер бай болуды, би болуды, біреуге қиянат жасауды қалап тұрады. Әл-Фарабидің ойынша, мұндай қаланың өмірі ұзаққа бармайды. Есіл-дерті байлық, билік болғаннан кейін халық та, басшы да бұзылады деп есептейді. Білімсіз, надан қаланың тағы бір сипаты – ол мақтаншақтық. Олардың кереметтей қасиеті болмаса да: «Бізде бәрі керемет, біз өзге жұрттан астық, олардан артықпыз деп дарақыланады. Бұл да білімсіздіктің, надандықтың бір түрі» дейді. Мұндай қаланың тұрғыны бақытты болмайды. Қазақ оны «мың асқанға – бір тосқан» деп айтқан. Түптің түбінде олар қиындыққа, бақытсыздыққа ұшырайды. Әл-Фарабидің кісілікті қала немесе білімсіз, надан қала жөніндегі ойлары өте терең. Бұл жайында тарихтан кез келген мысал табуға болады. Кезінде Рим деген жер жүзін жаулаған мемлекет болды. Сол Римнің тұрғындары байлыққа, билікке құмар болып, ақырында оларды өздерінен төмен варварлар жаулап алды. Әлемді уысында ұстаған Александр Македонский қайтыс болғаннан кейін грек мемлекетінің де басынан бағы тайып, ыдырап кетті. Сондықтан қала тұрғындарының ізгілікті, таза, бақытты болуы, басшысының әділ болуы халықтың мәңгілік өмір сүру сипатын көрсетеді. Бұл ойдың қазір де мәні зор деп есептеймін.
– Әл-Фарабиден кейін де қазақ даласынан ұлы адамдар шықты. Ғұламаның еңбектерімен соларды байланыстыратын сабақтастық бар ма?
– Бар болғанда қандай! Қазақтан шыққан даныш­пандардың бәрі ұлы ғалымның ойын әрқайсысы өзінше дамытып, әрі қарай өрбітіп әкетті. Мәселен, «Ізгі қала тұрғындары» трактатындағы ойларды түріктің тағы бір талантты перзенті Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанында келісті зерделейді. Ол еңбегінде бақытты ел болу үшін мемлекеттегі жүйенің бәрі үйлесімді болуын айтады. Үйлесім дегенде, әр адам қызметте өз орнында отыру керек. Мысалы, әскер басшысы немесе қаржы, сыртқы қарым-қатынасты жасайтын адам сол орынға сай болу қажет. Сонда ғана мемлекет орнықты дамиды. Осы идеядан әл-Фарабиден тамыр тартқан сабақтастықты көресіз. Алтын Орда империясы құлағаннан кейін Қазақ хандығы құрылғаны мәлім. Атақты Асан қайғы бабамыз осы дәуірде ғұмыр кешті, ол да қазаққа бақыт, мұрат іздеді. Бақытты табу үшін байтақ даланы шолып, «Жерұ­йықты» аңсады. Бабамыздың ойынша, «Жерұйық» деген қазаққа өмір сүруге қолайлы, сулы, нулы, қысы жылы, жазы қоңыр салқын жер болса деп армандады. Бірде құмды, шөлді өңірден өтіп бара жатқанда: «Табан терісі төрт елі, атан жүрер жер екен, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан жүрер жер екен» деп айтыпты дейді. Ұлық ұлысқа билік жүргізген хандар соғыстан көз ашпай, халық әбден титықтады. Осыны көрген Асан қайғы «Қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған» заман іздеп, көрші елмен тыныш болып, келісіммен өмір сүруді қалады. Асан қайғының бұл арманы әл-Фараби ойларымен өзектесіп жатыр.
Бұқар жырау да соғысқа, қантөгіске қарсы болған адам. Дүниеде не қиын дегенде: «Желкілдеген ту келіп, жер қайысқан қол келіп, не істеріңді білмей сасып тұру – дүниенің ең қиыны» деген. Жырау тағы да «Таудағы бір сай үшін, жылқыдағы бір тай үшін соғыс жасама, үлкен тепе­рішке ұшырайсың» дейді. Бұқар жыраудың мұраты да ғұлама ғалымның ойы­мен үндеседі. Бұл ой хакім Абайда да жалғасын табады. Ұлы Абай: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал машпақ – бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой, бес асыл іс көнсеңіз» деп адам болмысын ашып көрсетеді. Сондай-ақ ақын «толық адам» қасиеттерін жан-жақты зерделейді. Ғұламаның жұртты білімге, ғылымға шақырған идеясын Абай, Ыбырай Алтынсарин одан әрі ұштады.
Сонымен қатар әл-Фарабидің азаттық идеясы Алаш зиялыларының еңбектерінен де көрінеді. Өткен ғасыр­дың басында саяси сахнаға көтерілген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев туған халқының маңдайы жарық, бақытты ел болуы үшін тә­уелсіз ел болу керек дегенді айтты. Дәл сол жылдары қазақтың жері тарам-тарамға бөлініп кетті. Патша империясы қазақты «киргиз» деп атады. Бізден тіпті Ресейдің бірінші Думасына депутат сайланған жоқ, сонда бізді таныстырған башқұрттар болған. Алаш азаматтары ұлтымыз бастан кешіп отырған ауыр халді түсініп, дербестікке жету үшін газет шығарып, партия құрып, аз күн болса да мемлекеттігін жариялады. Міне, осының бәрі әл-Фараби ойымен сабақтасып тұр.

Қонаевтың қамқорлығымен ортамызға оралды  

– Ғалымның еңбектері туралы көп айтылғанмен, ол кісі қандай адам болды деген дерек сирек, осыған тоқталып өтесіз бе?
– Әл-Фараби өмірде уәдеге берік, ісі мен сөзі үйлескен тұлға болған. Өмірде ақылды адамдар жетеді, бірақ олардың кейде сөзі мен ісі сәйкесе бермейді. Сондайда қазақтың «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» дегені бекер емес. Қазір ел алдында тамаша сөйлеп, ізінше оны керісінше жасайтын адамдар көп. Ғұлама ғалым сөз бен іске ерекше мән берген. Бір мысал айтайын. Бабамыз байлыққа құмартпаған қарапайым жан болыпты. Оның халық арасында үлкен беделі бар екендігін білген араб патшасы кеңесші етіп алғысы келеді. Содан ол әл-Фарабиге сыйлық ретінде теріге ораған алтын жіберіп, өзінің халифатына шақырады. Патша да қара жаяу адам емес, ақылды, өмірге деген көзқарасы терең адам екен. Оның «әл-Фарабимен сөйлесіп, ақылдасып отырсам» деген ойы болыпты. Бірақ бабамыз оған алғысын айтып хат жазады. Хатында: «Мен осы уақытқа дейін өмір сүрдім, енді қазір өз еңбектеріммен шұғылданғым келеді. Маған алтын жіберіпсіз, рақмет! Бірақ маған оның керегі жоқ, күнкөрісіме жететін аздаған дүнием бар, одан артық ешнәрсе қажет емес. Маған ең қымбат дүние – ол еркіндігім» деп жауап беріпті. Осыдан-ақ ғалымның сөзі мен ісі, білімі, философиясы бір-бірімен үйлесіп тұрғандығын көресіз. Бұл қасиет қазіргі заманда өте қат.
– Бабамыз қазақ жерінде туғанмен, оны халқымен қайта қауыштыру оңай болмапты. Ғалымды иемденгісі келгендер де кездескен. Бұдан хабарыңыз бар ма?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбу Насыр әл-Фараби тойын жақсы өткізуіміз керек деп айтты. Бұл той халықты тәрбиелеуге өте қажет. Халық өзін-өзі түсіну үшін өзінен қандай тұлға шыққандығын білу керек. Бұл өзіңді-өзің тануға көмектеседі.
1975 жылы елімізде алғаш рет әл-Фарабидің мерейтойы аталып өтті. Бұрын мұндай той болып көрген жоқ. Бұл тойдың өту себебі бар. Сол жылдары Өзбекстан компартиясының бірінші хатшысы Шараф Рашидов еді, ол өзі әде­биетші, жазушы адам болған. Сондықтан рухани салаға қатты мән берді. Содан кеп әл-Хорезми, әл-Бируни, Әлішер Науаи және Ұлықбекті өзбек етіп алды. Тіпті Ибн Синаны да өзбек деп алып, оның тойын өткізді. Негізі, оның шыққан тегі тәжік болуы керек. Тәжікстанның сол кездегі басшысы Ибн Сина туралы Мәскеуден шығарған кітаптың бірінші бетіне оны «тәжік» деп жазғызады. Оны Өзбекстанның басшысы біліп қойып, КСРО Ғылым академиясына хабарласып, кітаптағы «тәжік» деген жазуы бар бетті барлық данасынан жұлдыртып тастайды. Ибн Синаның алғашқы тойы Тәжікстанда өтуі керек еді, оған мұқият дайындалып, әзербайжанның атақты мүсіншісі ескерткішін жасайды. Бірақ той Рашидовтың ықпалымен Ташкентте өтті. Тәжіктер оны кейін атап өтті, мен сол жиынға бардым. Сонда тәжіктің жігіттері: «Біздің хатшымыз Рашидовке тойтарыс бере алмады» деп айтқан еді. Өзбектер әл-Фарабиді де солай тартқысы келді. Ташкенттегі Шығыстану институтының директоры әл-Фараби туралы монография жазды. Енді ғұлама ғалымды қазақ жеріндегі Отырарда туғандығын дәлелдеу керек болды. Бұл мәселемен тікелей Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев айналысты. Онда мен Философия институтының директорымын. Тойды өткізуді Ұлттық ғылым академиясына тапсырды. Академия президенті – Асқар Қонаев, Ұйымдастыру комитетінің басшысы Ақай Нүсіпбеков болды. Мен оның орынбасарлығына тағайындалдым. Айтулы жиынға әл-Фарабидің еңбектерімен жақсы таныс әлемдегі айтулы ғалымдарды шақыруға тапсырма берілді. Сауд Арабиясынан, Ирактан, Ираннан және Кеңес Одағының құрамындағы барлық рес­публикалардан ғалымдар шақырылды. Шынын айт­қанда, біз арабтарда қандай үлкен ғалымдар бар екендігін білмеуші едік. Сондықтан бұл іске осылардың бәрімен қарым-қатынаста болған Мәскеудегі Шығыс­тану институтының директоры, академик Бободжан Ғафуровты тарттық. Бұл кісі – бұрын Тәжікстанның бірінші хатшысы болған адам. Оның орынбасары – кейін Ресей үкіметін бас­қарған Евгений Примаков. Тойдың бағдарламасын жасауда, сыйлы қонақтарды шақыру жайында Ғафуров­пен жиі ақылдастық. Ол кісі де шамасы жеткенше әл-
Фарабиді қазақ деп дәлелдеуге атсалысты. Ғылыми конференция жоғары дәрежеде өтті, оған республика басшысы басынан аяғына дейін қатысты. Алғашқы баяндаманы Ұлттық ғылым академиясының президенті Асқар Қонаев жасады, одан кейін КСРО Ғылым академия­сының вице-президенті Федосеев сөз алды. Үшінші болып Мәскеудегі Шығыстану институтының директоры Ғафуров сөйледі.
Той аясында конференция өтіп қана қойған жоқ, Философия институтынан әл-Фараби еңбектерін зерттейтін бөлім құрылды. Оны академик Ағын Қасымжанов басқарды. Оған араб, ағылшын тілін білетін мамандар жұмысқа алынды. Бұл бөлім әлі күнге жұмыс істейді. Ғұламаның көптеген шығармалары қазақ және орыс тілдеріне аударылды. Әл-Фарабитануда Ақжан Машановтың еңбегі зор болды. Міне, осындай қым-қуыт шақта Қонаевтың қамқорлығымен әл-Фарабиді қазақ жерінде туған ұлы бабамыз екендігінің басын ашып алдық.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды