Зерігуді білмейтін Z-толқын

ата-аналар бала тәрбиесінде қандай қателік жібереді?

0 27

Мен қырық екі жылдық тәжірибем бар ардагер ұстазбын. Жөнсіз айыптағаным емес, бірақ соңғы кездері заманауи толқынның көп кедергіге келгенде психологиялық жағынан тұрақсыз, төзімсіз әрі оқшаулануға бе­йім болып өсіп келе жатқанын байқаймын. Біраз уақыт бойы осы жайттың себебіне үңіліп жүргенімде, Виктория Прудей есімді канадалық психотерапевтің мақаласына кезіктім. Автордың айтуынша, проблеманың бәрі біздің «түзу ниетімізден» шығады. Яғни балаға жақсылық ойлаймын деп, абайсызда өз қолымызбен «әлсіз азамат» тәрбиелеп жіберуіміз мүмкін екен. Қалай десеңіз, төменге көз жүгіртіңіз.Қалауын кейінге қалдыра алмайды

«Қарным ашты!» – «Қазір саған бургем әперем!», «Су ішем!» – «Міне, алдыңда – сусын толы автомат!», «Ішім пысты!» – «Менің телефонымды ала ғой!». Ә дегеннен балаға берер жауабымыз дайын. Сөйтсек…
Өз қажеттіліктеріңді қанағаттандыруды кейінге қалдыра білу қабілеті – болашақта жетістікке жеткізетін негізгі факторлардың бірі екен. Бұл қасиетке ие адам стресс жағдайында әрекет ете алады деген сөз. Ал кішкентайымыз «а» десе болды – алманы, «т» десе болды – телефонды тықпалай беру арқылы біз оларды кішігірім стрестік жағдайлармен күреске де қауқарсыз етеміз. Мұның бір дәлелі ретінде мына көріністі есіңізге түсіріп көріңіз: ойыншықтар дүкенінде арманындағы мәшинесін сатып алып бермегені үшін бала ойбайға басып, айналасын басына көтереді, өйткені оның миы қалауын дер кезінде алып үйренгендіктен, «жоқ» деген сөзді қабылдамайды.

Смартфон қарым-қатынас құруды үйретпейді

Біздің жұмысымыз бастан асады, сондықтан балаларымыздың да алдарқатар нәрсесі болсын деп смартфонды ұстата саламыз. Бұрынырақ балалар далада ойнайтын, топтық ойын арқылы әлеуметтік машықтарын дамытатын, қарым-қатынас құруға үйренетін. Ал қазір гаджеттер таза ауадағы қыдырыс­тың орнын алмастырды. Оның үстіне, технология ата-ана мен бала арасындағы байланысты да әлдеқайда қолжетімсіз етті. Мұның бәрі жеткіншектің бұйы­ғы, томаға-тұйық болып өсуіне ықпал етеді.
Табысты кісілердің барлығында-дерлік коммуникация машығы жақсы жетілген. Дамыған елдерде қатты бағаланатын «soft skills» қатарында да осы қабілет бірінші орында. Ендеше балаңыздың кіммен не немен қалатынына көбірек мән беріңіз.

Шексіз сауық миды жаттықтырмайды

Біз балаларымызға жасанды әлем жасап бердік. Онда жалығуға, зерігуге уақыт жоқ. Бала сәл тыншып қалса болды, біз дереу оның көңілін аулауға асығамыз. Әйтпеген жағдайда өзіміздің ата-аналық парызымыз­ды дұрыс атқармай жатқандай күй кешеміз.
Осылайша біздер екі түрлі әлемде (ата-ана – «жұмыс әлемінде», бала – «ойын-сауық әлемінде») өмір сүрудеміз. Неге бала асүйде тамақ дайындауға көмектеспейді? Неліктен өз ойыншықтарын жинауға дағдыланбаған? Мұндай шаруаның бәрі – бірсарынды, ал ол іш пыс­тырарлық міндеттерді орындау кезінде мидың жұмысын жаттықтырады.
Әдетте балалар мектепке келіп, шығарма жазарда немесе ұзын-сонар үй тапсырмасын орындарда «Мұны істегім келмейді, бұл тым қиын, тым ұзақ, жалығып кеттім» дегенді жиі айтады. Неге? Өйткені ми шексіз сауық кезінде еш жаттықпайды.

Виртуалды әлемдегідей тоқтаусыз стимуляция жоқ

Гаджеттер бүгінде тегін бала күтушісіне айналды, бірақ бұл үшін біз басқа нәрсені құрбандыққа шаламыз.
Күнделікті өмір виртуалды өмірге қарағанда іш пыстырарлық. Күнделікті өмірде адамдардың даусы да қарапайым, мұнда виртуалды ойындардағыдай спецэффектілер мен графикалық жарылыстар жоқ.
Виртуалды әлемде өткізген екі сағаттан соң балаға сыныптағы ақпаратты електен өткізу өте қиын, өйткені ол видеоойындардағы күшті стимуляцияға көзі үйреніп қалған. Яғни оларды алға жүргізу үшін тоқтаусыз ынталандырып отыру керек. Күнделікті өмірде бұл мүмкін емес, сәйкесінше бұл жайт баланың академиялық тапсырмаларды шешу қабілетіне кері әсер етеді.

«Істеу керек» деген ұғымды түсіндірген жөн

«Менің ұлым көкөністі ұнатпайды», «Қызым ерте ұйықтағысы келмейді», «Ол тамақты өзі жеуге ерінеді»… Осы секілді әңгімелерді мен ата-аналардан көп естимін. Апыр-ау, бәрін баланың еркіне қалдыра беретін болсақ, олар тек пицца мен торт жеп, ертелі-кеш планшетте ойнап, ешқашан ұйқыға жатпас еді.
Біз балаларымыз үшін пайдалы нәрсені жасамай, тек өз қалауларына құлақ ассақ, оларға қалай көмектесеміз? Дұрыс тамақтану режимі мен толыққанды түнгі ұйқысыз балаларымыз сабаққа ашушаң, зейінсіз болып келеді. Бұдан бөлек, жаңағыдай орынсыз жұмсақтық таныту арқылы біз оларға дұрыс тәрбие бермейміз. Олар көңіл хошы соққан нәрсені ғана істеп, қалғанына қол сілтей салуға дағдыланады. «Істеу керек» деген түсінік олар үшін жоқ. Өкінішке қарай, өмірде өз мақсаттарымызға жету үшін бізге көбінесе өзіміз қалаған нәрсені емес, сол шақта қажетті нәрсені жасауға тура келеді.
Біздің балаларымыз өздері не қалайтынын біледі, бірақ сол мақсатқа жету үшін керек шартты орындау оларға қиынға соғады. Нәтижесінде мақсатына жете алмау баланың көңілін қалдырып, қатты түңілдіреді.

Гүлбарам БАЙКЕНЖЕЕВА,
ардагер ұстаз

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды