«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Зердеге бейімделген зертхана

0 179

Кеше Білім басқармасы және Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен №52 мектеп-гимназиясы базасында «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының зертханасы ашылды. Еліміздегі алғашқы зертхана педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Оразахынованың ғылыми еңбегі негізінде жұмыс істейді.

Аталған зертхана Үкіметтің «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі» қаулысына сәйкес, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басшылыққа ала отырып, Нұр-Сұлтан қаласының орта білім беру ұйымдарында жүзеге асып жатқан «Профессор сабағы» жобасы аясында іске қосылды. «Қазіргі күні балаларымыз қазақ тілінің дыбыстарын дұрыс атай алмайтын дәрежеге жетті. Осыған байланысты балаларға Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми кешенін негізге ала отырып, сатылай кешенді оқыту әдісін 12 жылдан бері практикалық тұрғыда қолданып келемін. Осы теорияны зерттеу барысында шетелдің, Ресейдің көптеген технологияларын зерттедім. Бірақ білім саласындағы тұнып тұрған кемшіліктердің шешуін Алаш арыстарының еңбектерінен таптым. Білімнің 90 пайызы мектепте берілуі керек дейді ғой. Мен мектепте оқушыларға сабақ бергенде осы ұстанымды ұстанамын. Сондықтан да шығар осы технологияның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен білікті қазақ тілінің мамандары шықты. Бүгін Білім беруді жаңғырту орталығының мұрындық болуымен осында зертхана ашылып жатыр. Алдағы уақытта республика бойынша онлайн режимде біраз жұмыс атқаруды жоспарлап отырмыз» деді технология авторы Нұрша Алжанбайқызы.
«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы қазақ тілінде ойын толық жеткізе алатын, ұлттық құндылықтарды бағалай білетін, қазақтың тарихы мен мәдениетін терең меңгерген, ұлттық санасы қалыптасқан, рухы биік көптілді, білімді тұлға қалыптастыру. Ғылыми зертхана базасының Бейімбет Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында құрылуы да бекер емес. Себебі мектеп жанында инклюзивті білім беру мекемесі бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды